09 Тамыз, 2016

Бэби бокс

786 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
1442508148_22 Көкек аналарға жәшіктің керегі бар ма? Шетелде тастанды сәбилерді тастайтын Бэби бокс деген жәшіктердің пайда болғанына біраз жылдың жүзі болды. Оны шіркеу қызметкері 1198 жылы Рим Папасы Иннокентий ІІІ ойлап тауыпты. Сол заманда қиындық көрген аналар омыраудағы нәрестелерін Тибр өзеніне ағызып жібереді екен. Судың ағысы жағалауға лақтырып тастаған өлі сәбилерді көрген Рим Папасы жаны ашып храмның қабырғасына осындай жәшіктер орнатқызған десе-ді. Баланы тастаған кезде қоңыраудың сыңғырлаған үнінен шіркеу қызметкерлері келіп, сәбиді алып кететін болған. Кейін бұл тәжірибені көптеген мемлекеттер өз керегіне жаратып жатты. Енді елімізде осындай «Өмір терезесі» деп аталып кеткен жәшіктер қойылады екен деген сөз ел арасында желдей өсіп жүр. Осы тақырып жөнінде «Аналар үйінің» атқарушы директоры Бибігүл Махметова және Қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, психолог Жұпаргүл Бейсенова ханыммен сұхбат жүргізген едік. – Алматыда тұңғыш рет тас­танды балаларға жәшік ашылады деген жаңалық халықтың төбесіне жай түсіргендей болғаны рас. Осы тұрғыда тастандылардың тағдырына кім араша түседі? Бақытты балалық шаққа балта шауып жатқан жоқпыз ба? Бибігүл Махметова: Аналар үйі қоғамдық қоры 2014 жылы бастау алған «Бэби бокс» қазақша атауы «өмір терезесі» деп аталған жобаға қатыс­қан болатын. Тіпті, екі жәшік те сатылып алынып қойған. Алайда, Үкімет бұл жобаға әлі де дайын емес еді, 2016 жы­лы кең көлемде резонанс тудыр­ған бұл мәселе қоғамда кеңінен тал­қыланып сарапқа салынып, түр­лі сыни пікірлер тудырды. Қа­зіргі тастандылардың тағдырын мемлекеттік ұйымдар шешуді қолға алып жатыр, әрі қарай құқық қорғау органдары мен Ішкі істер қызметінің мамандары және бала асырап алушы мамандар жауапты деп есептелінеді. Жұпаргүл Бейсенова: – Еркек ұрпақты тәрбиелесе, әйел ұлтты тәрбиелейді... Осы бір қанатты сөз ойыма оралып отыр. Әлемдегі күннен кейінгі болмысы мейірімнен жаратылған асыл жандар – қыз-келіншектерімізге айтылған осындай сипаттағы бейнелеуге лайықты қыздарымыздың азайып бара жатқаны жаныңды ауыртады. Бірақ біздің «абайсызда алданып қалған» қыздарымыз сол «жәшіктерге» қаншалықты саналы тұрғыда барып, баласын салады, қаншалықты психологиялық тұрғыда дайын деген күмәнді, күдікті қаншама ойлар келеді... Менің ойымша, бұл жәшіктер туралы, оны не үшін орнатып жатқаны туралы ақпараттар әлі де болса халық арасында жеткіліксіз, сонымен бірге, біздің мемлекетімізге бұл жағдайды дұрыс қабылдауы үшін біраз уақыт керек сияқты. – Аналар үйі тастанды ба­лалар санын азайтуға қанша­лықты үлес қосып жатыр? Тас­танды балалар саны елімізде орта есеппен қанша, сіздерге жы­лына қанша ана баласымен қабылданады? Бибігүл Махметова: Аналар үйі қоғамдық қоры­ның арқасында 1,5 жасқа дейінгі бала­лы болудан бас тартқан әйел­дердің 60 пайызының алдын алып отырмыз. Елімізде «Аналар үйі» жобасымен 24 кризистік орталық ашылған болатын. Жылына 65 әйел түседі, осы жылы 7 айлық баласымен 460 әйел орналастырылды. Үш жылда «Аналар үйі» қоғамдық қоры 1670 әйел мен балаға көмек қолын созды. Жоба толығымен қазақ­стан­дық кәсіпкерлердің тарапынан қаржыландырылуда. «Аналар үйі» өмірде түрлі қиындық көр­ген жүкті және нәрестелі бол­ған аналарға психологиялық, меди­ци­налық материалдық тұрғыда бір жарым жасқа дейінгі баласы бар ата-аналарға көмектеседі әрі қарай қызметке тұрып қоғамда өзіндік орнын қалыптастыруға жағ­дай жасайды. Аналар үйіне келген әйелдер түрлі курстардан өтеді, тігін тігу, тоқыма тоқу сияқты кәсіп түрін игеріп бола­шақта баласын асырау үшін жұмысқа орналасады. Психо­ло­гиялық тұрғыда аналарымыз өз-өзіне сенімді, әрі қарай қоғамның толыққанды жеке мүшесі ретінде өмір сүреді. – Сіз тастанды сәбилерді құтқарудың қандай жолын ұсынар едіңіз? Бірлігі жарасқан бүтін отбасы болып қалу үшін жастарымызға қандай ақыл-кеңес айтасыз? Бибігүл Махметова: Кө­біне баладан бас тарта­тын жас­өс­пірімдер мен студенттер. Оларға пе­дагогикалық-пси­хологиялық кө­мектер көрсетіп, ата-аналары мен мұғалімдерімен жиі кездесу ұйымдастырып, ақыл-кеңес үйретіп тұру керек. Жаңа оқу жылының басынан бастап біз осы мәселеге орта мек­теп және ЖОО-ларға арнап насихат­тау кеңестерін жүргізуді қолға ала­мыз. Сонымен қатар, отбасын сақ­тау орталықтарын дамытып жас буынға ерте жас­тан кәсіби ма­мандар-психолог, заңгер, мұға­лімдер тегін жиі кеңес өткізіп тұру керек. Жұпаргүл Бейсенова: – Әрине, тым құрыса, жазық­сыз нәрестелерді унитазға, күл-қоқыстың арасына, әжетханаға және т.б. тастап кеткеннен, сол «жәшіктерге» қалдырып кеткені дұрыс деп ойлайсың. Онсыз да рухани азғындаған жастарымыз, аналарымыз бен әкелеріміз мұны қалай қабылдайды? Бұл үлкен мәселе... Бірақ кез келген нәрсенің екі жағы бар демекші, мұның көкек аналарымыз бен соған қатысты жігіттеріміздің отбасы, бала алдындағы жауапкершіліктерінің төмендеуіне алып келетіні тағы бар. Біздің елімізде осындай жағдайлардың болуына ең бірінші қыздарымызды кінәлайды, ал көп жағдайда соған қатысты ең жауапты тұлғаның бірі – жігіттеріміз тасада қалып қойып жатады. Айман МҰҚЫШЕВА