09 Тамыз, 2016

Арғы түркілер – Олимпия отанында

1021 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
ERA_7572 Өтепқали Құраловтың «Арғы түркілер және антикалық Олимпиялық ойындардың пайда болуы» («Прототюрки и зарождение античных олимпискийх игр») атты қызғылықты кітабы қолымызға тиген еді. Одан кейін барлық саналы өмірін қазақ спортының дамуы­на сарп еткен ардагер азаматпен жақынырақ танысудың сәті түскен. Өтепқали Нысанғалиұлы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және құрметті спорт қайраткері. Одан әрі тізбелесек, жүзуден халықаралық санаттағы төреші, судағы поло, байдарка мен каноэдегі есу бойынша Қазақстан Республикасының төрешісі. Халықаралық спорттық ұйымдар конфедерациясының құрметті вице-президенті, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, ТМД парламентаралық Ассам­блеясы Құрмет грамотасының иегері, Бейбітшілік елшісі, Атырау облысы Құр­манғазы ауда­нының құрметті азаматы. Осының бәріне қоса, 1998 жылдан бері өткізіліп келе жатқан, бүгінде дәстүрлі жарысқа айналған ел Президентінің жүлдесі үшін Халықтық спорт ойындарын өткізу идеясының авторы әрі бастамашысы болды. Міне, осындай жан-жақты зиялы да зияткер адамның жоғарыда аталған кітабындағы ежелгі элла­далық­тар өркениетінде алғашқы Олимпиялық ойындардың өткізіле бастауында көшпелі көне түріктер бабаларының үлкен үлесі бар деген, бір қарағанда, таңғаларлық тұжырымы бізді де қызықтырып, сұхбатқа жетелеген еді. ERA_7573– Құрметті Өтепқали Нысанғалиұлы, өз кітабыңызда арғы түркілердің антика­лық Олимпия ойындарына қатысы барлығын қолдан келгенше кеңінен қамтып, дәлелді уәждермен баяндаған екен­сіз. Ал енді кітапты жазу идеясы қалай туды? – Мұны кітаптан туған кітап десе де болады. Олжас Сүлейменовтің «Тарихқа дейінгі түркілер» атты кітабы бар. Сол кітапты екінші рет оқығанымда ондағы кейбір жайттар назарымды аударды. Ең алдымен байқағаным, көне грек тілінде, әсіресе, олимпия тақырыбына қатысты саласында түркілерден алынып ауысып-түйіскен сөздер өте көп екен. Содан мен ойға қалдым: жалпы, бұл түркілердің өзі сонау қияндағы Грекияда қайдан жүр? Сондықтан, бұл сұрағыма жауапты басқа мамандардың еңбектерінен іздедім. Бұған көз майын тауыса, сарыла машақаттанған бес жылдан аса уақытым кетті. Осы ретте нешеме буын ғалым-мамандардың: тарих­шылардың, археологтардың, лингвис­тер­дің, сараптамашылардың, әдебиетшілердің еңбектерін зерделеп оқып, олардағы тұжы­рым­дарды ой елегінен өткізе талдап пайымдауға тура келді. Соның нәтижесінде біздің санамызға берік сіңген бұрынғы түсініктің тас-талқаны шықты. Сөйтсек, жер бетіндегі ең алғашқы өркениет ежелгі Грекияда, Рим империясында, Шумер мен Бабылда, Мысыр мен Қытайда, Үндістан мен Иранда емес, өзіміздің Ұлы Даламызда, сары сахарамызда, нақтырақ айтқанда, Орал-Қазақстан аймағында сомдалыпты. Ол Арқайым-Сынтасты қалалық мәдениеті немесе, ғалымдардың айтуынша, «Қалалар елі» деп аталады. – Бұл тұжырым қандай уәж-дерек­термен айғақталады? – ХХ ғасырдың соңына қарай қазақ­стандық ғалымдар бұрынғы Көкшетау облысының Ботай ауылының қасынан жүз мыңнан астам жылқы сүйегі мен қисапсыз көп ауыздық әбзелдерін тапты. Осынау жәдігер заттардың үлгілері америкалық жылқы тарихы институтына жіберілген. Институт директоры Дэвид Энтони алынған материалдарды зерттей келе, ауыздықтың әсерінен тістердің қажалуына қарай отырып, бұлардың шын мәнісінде қолға үйретілген жылқылардың сүйектері екенін анықтады. Соның негізінде өзіміздің отандық профессор Зайберт Петропавл қаласында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, сол мәртебелі жиында Ботайды, сонымен бірге, Сарыарқа атырабы мен бүкіл Қазақстанды қолға үйретілген үй жыл­қыларының Отаны деп таныды. Дәл сол жылы британдық ғалым Отрам қазақстандық әріптестерімен бірлесе отырып Ботай қоны­сы­нан табылған құмыраларды зерттей келе, олардың түбінен қатып қалған қымыз қалдықтарын тапты. Бір таңғаларлығы сол, оның бүгінгі қымыздан еш айырмашылығы жоқ болып шықты. Біздің дәуірімізге дейінгі 1500 жылдары өмір сүрген тарих атасы Геродот скифтердің қышқыл бие сүтін ішетінін айтқан. Енді, Ботай ашылымынан кейін қымыз ашыту құпияларын біздің көшпенді бабаларымыз ұлы тарихшы айтқаннан 4500 жыл бұрын ойлап тапқаны белгілі болды. Яғни біздің бабалар осыдан 6 мың жыл бұрын қымыз іше бастаған. 60 мың шаршы шақырым аумақта бұған дейін белгісіз болып келген 22 көне түркі қалалары табылды. Бұл сонау ықылым замандарда оңтүстік Орал аумағында ежелгі қуатты өркениет болғандығын айғақтайды. Біздің бабалар – арғы түркілер бірінші не алғашқылардың бірі болып кенді, мысты, қоланы, темірді, шойынды, болатты, алтынды және басқа металдар мен қорытпаларды игере бастады. Олардың мемлекетінің өркендеуіне қолайлы климат жағдайы да игі әсерін тигізді. Бүгінде осы атыраптың сол кездегі климаты мал шаруашылығы үшін қолайлы болғандығы дәлелденген. – Осы арада бір сұрақтың қисыны келіп тұр. Олардың мәдениеті, тілі Жерор­та теңізі атырабына қалай жетіп, қалай таралған? – Жоғарыда айтып өткеніміздей, арғы түркілердің қисапсыз көп жылқысы болған. Бұл жайдың өзі оларға асу-асу белдерден өтіп, алыс жерлерге жету орайында толайы­м артықшылық беріп отырған. Сөйтіп, бірте-бірте арғы түркілер өркениеті қанатын кеңге жая берген сыңайлы. Алдындағы қарақұрым малына жайылым-өріс көздеген тайпалар жан-жаққа шашырай таралады, ұзақ көші-қон сапарларына шығады. Тарихта таңбаланған, ғалымдар назарына іліккен осындай алғашқы жортуыл-жорықтар біздің дәуірімізге дейінгі төртінші мыңжылдықта Балқанды бөктерлеп, Кіші Азияны өрлеп, Эгей теңізіне қарай, Крит пен Микенаға бет түзеген. Бұл жорықтардың аясы біртіндеп кеңейе келе Еуразия құрлығының ұлан-асыр аумағына әмбе Жерорта теңізінің атыраптарына ат басын тіреген. Осылайша олар төрт тарап төңіректе өздерінің жоғары мәдениетін: тілін, тәңіршілдік дінін, қала құрылысын, сәулетін, мифтерін, аңыздарын, заңдарын, жазуын, металл өңдеуін, өнерін, соның ішінде әлі күнге дейін теңдессіз «аң стиліндегі» зергерлік жауһарларын, жылқы шаруашылығын, доңғалақты көлікті, әскери өнер мен басқа да көп үлгілерді ала келіп таратқан. Жаңа аумақтарда осының ықпалымен ежелгі шумерлердің, Мысыр мен Элладаның алғашқы өркениеттері пайда болып, бой түзей бастайды. Арғы түркілер осынау мемлекеттер өмірінің бірталай мәдениет пен тұрмыс саларында өз өрнек-іздерін қалдырды. Айталық, шумерлер мен мысырлықтардың сына жазуының түркі жазуымен ұқсастығы, бір тамырға байланғандығы байқалады. Тіпті, ежелгі мысырлықтардың қос доңғалақты ұшқыр арбалары ежелгі көшпелілердің арқасында пайда болған. Өйткені, бұл көлік түрін бірінші болып пайдаланғандар да – далалықтар. Сондықтан, антикалық Олимпиялық ойындар бағдарламасына ең аз дегенде қос доңғалақты арбалар жарысы мен ат бәйгесін нақ осы арғы түркілер қосқызуы әбден мүмкін. Неге десеңіз, арғы түркілер Грекияға келіп тұрақтап тұрып жатқандықтан, олардың мұнда жылқысыз күн кешуі, өздерінің дәстүрлі ат ойындары мен ойын-сауықтарын өткізбеуі мүмкін емес-ті. Осы арада заңды сұрақ туады. Егер өңірде жылқы болмаса, онда антикалық Олимпиадалар бағдарламасында сол уақытта атақ-даңққа бөленген бәйгелер мен қос доңғалақты арбалар жарыстары қалай пайда болған? Тіпті, беделді ресейлік ғалым И.Дьяконов та: «...Кіші Азия түбегі мен Армян таулы жотасының тоғысында б.д.д. 2000 жылға дейін қолға үйретілгені тұрмақ, жабайы жылқы да болмаған» деп жазады. Әлбетте, содан кейін атқа мініп келген арғы түркілердің арқасында мұнда жылқы өсіп-өніп, көбейді. Жылқы өмір-тіршіліктің негізгі арқау-өзегіне айналды. – Біз әңгімемізді ежелгі гректердің қоныс аударушылардан еншілеген түркі сөздерінен бастап едік. Осы жайды таратыңқырап айтыңызшы? – Ежелгі элладалықтар кем дегенде 33 түркі сөзін қолданысқа алған. Мұның бәрін Олжас Сүлейменов өз кітабында келтіреді. «Тарихқа дейінгі түркілер» кітабында ол «Кіші кеңес энциклопедия­сына» сүйене отырып былай деп жазады: «Гомер заманындағы Ежелгі Грекияда «Басилей» (грекше) – ру ақсүйектерінің көсемі, бірқатар ежелгі грек мемлекеттерінде – мұрагер патша, элладалықтар кезеңінде – эллада мемлекеттерінің әміршісі, орта ғасырларда – Византия императорының ресми лауазымы». О.Сүлейменов бұл сөздің шығу төркінін былай түсіндіреді: «Бұл сөз шығу тегі жағынан гректікі де, латындікі де, үнді-еуропалық та әмбе семиттік те емес. Ол прототүркілік basili – «бас елі» деген сөзге ұқсайды. Бұл сөз түркі тілдерінде қазіргі кезге дейін сақталған. Қазақстанда «президент» сөзінің қазақ тіліндегі el-basi (елбасы) деген терминдік баламасы бар – сөзбе-сөз айтсақ, «елдің басы» деген сөз. Татарстанда президентті ilbasi (иль-басы) деп ұлықтайды, Түркияда ilbasj «губернатор» деген мағынада қолданылады». «Олимпия» деген сөздің өзінің шығу тегі аса қызғылықты. Қарап тұрсақ, Olimpij (олимпий) «мырзаның өлімі» дегенді білді­реді. Мұндағы olim – өлім, ал pij – мырза, түркі тілінен аударғанда кәдімгі әмірші болып шығады. Қазақ нұсқасындағы «би» сөзі баршаға белгілі. – Ал енді бұл арада «бидің яки мырза­ның өлімінің» біздің әңгімеге қатысы қанша? – Бұл арада Олимп тауы мен аруақтар мекендейтін қасиетті Өлім тауының арасында байланыс барын аңғарамыз. Би-көсемдер осы таудың басына жерленіп, мәңгілікке табысталған. Мұның мәнісі мынада. Арғы түркілер тәңір дінін ұстанған, Көкке табынған, ата-бабаларының аруағын қастерлеген. Көшпенділер жаңа қонысқа өздерінің әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін ала келген. Өз көсемдерін салтанатпен жерлеген. Жылында ұлан-асыр ас берген, түрлі ойындар, шешендер мен жыршылардың сайыстарын ұйымдастырған. Бұл, сайып келгенде, жалпыұлттық мерекеге айналған. Мұның бәрі Олимпиялық ойындардан бірнеше ғасыр бұрын басталған. Сөйтіп, осынау тәңірлік ғұрып мың жыл аясында Грекияда дәстүрге еніп, б.д.д. 766 жылы Олимпиялық ойындарға ұласқан. Басқаша айтқанда, антикалық Олимпиялық ойындар тәңірлік діннің жоралғы-ғұрыптарының арқасында, соның ықпалымен дүниеге келген. Қазақ халқында атақты адамдардың жылдық асында (мысалы, Құнанбай, Сағынай астары) балуан күрес, көкпар тарту, жамбы ату, ат бәйгесі, ақындар айтыстарын өткізу дәстүрі ХХ ғасырдың басына дейін сақталғанын тарихтан баршамыз жақсы білеміз. Байқасақ, бұл жораның да түп-тамыры арғы түркілерде жатыр екен ғой. – Олимпиялық ойындардың алғашқы нобай-нышандары, алғашқы нұсқалары арғы түріктерде емес, әлдебір басқа халықтардың немесе тайпалардың өркениетінде бой көрсетуі мүмкін бе еді? – Бұл пайым ақиқаттан алшақ жатыр. Өйткені, түркі тілінен бейхабар басқа тайпа­лар бүгінде біз іс жүзінде бетпе-бет келіп байқап отырған олимпиялық термино­логия­дағы түркі түбірлі атауларды туғызып қалды­ра алмас еді. Сондықтан, мәселеге қай қыры­нан келсек те, мұндағы алтын өзекті арқау тіл һәм терминология болып қала бермек. – Өзіңізді «Арғы түркілер және анти­ка­лық олимпиялық ойындардың пайда болуы» деген мына қызғылықты, таным­дық тұрғыдан аса бағалы кітапты жазып шығуға жетелеген себеп-мақсаттар қандай? – Еліміздегі бұқаралық спорттың дамуы­на кішкентай болса да үлес қоссам деймін. Біздің халқымыз дені сау, саламатты болуы тиіс деп есептеймін. Ал бұл игі ниет тек спортпен шұғылдану арқасында мүмкін болмақ. Қалың көпшілікті ізгілікті қозғалысқа тарту үшін халыққа саламатты өмір салтын көбірек насихаттаған абзал. Ата-бабаларымыздың Олимпиялық ойындар сияқты ғаламат та жасампаз қозғалыстың бастауында тұрып, соған мұрындық болғанын білудің өзі де жастарымыздың бойында мақтаныш алауын жағып, спортқа құштарлығын арттырады, ықыласын оятады деп санаймын. Жалпы, тарихты білуіміз де, одан тағылым алуымыз да керек. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін төрт жылда бір өтетін Халықтық спорт ойындарын өмірге келтіріп ұйымдастырғанымды еңбек жолымдағы басты өнегелерімнің бірі деп білемін. Қазірге дейін бес рет өткіздік. Тарих шеңбер бойымен айналып келіп, біз Олимпиялық ойындардан Халықтық спорт ойындарына табан тіредік. Бұл біздің өзіміздің ішкі кіші Олимпиадамыз десек те болады. Тәуелсіздік жылдарында егемен еліміздің намыскер қыз-жігіттері осызамандық Олимпиадаларда олжа салып қуантып жүргені де ғанибет. Рио-де-Жанейродағы әлемдік аламаннан да күтеріміз мол. Бұл күндерде спорт ардагері ретінде көңілім толқып, тақымымды қысып отырмын. Ал аталмыш кітабыма Мәдениет және спорт министрлігі де назар аударып, мемлекеттік тапсырыспен қайтадан бас­тырып шығарғалы жатқаны да мен үшін қуаныш, еңбегімнің еш кетпегенін, елге керектігін білдіреді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»