09 Тамыз, 2016

Тәтті түбір – табыс көзі

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_4999 (1) Жетісудың төл дақылы – қант қызылшасын өсіру қайта жанданды. Себебі, шикізатты өткізіп, еңбек өтеуін алатын зауыт іске қосылды. Жергілікті жастар осы мүмкіндікті қалт жібермей гектарлап жер алып, алқаптарын жайқалта тәтті түбір өсіруде. Сол жастардың бірегейі, ең бастысы өзіндік ойы бар, көз­деген мақсатына жету үшін үзеңгілестерін соңынан ерте білетін Аслан Көбентаев Сарқан аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі лауазымын атқаруда. Қызметім бар екен деп кеңседе отыра беру оған жат. Аптап ыстыққа қарамай тәтті түбір егілген алқап басында кездесіп тілдескенімізде: «Қант өндіретін зауытты шикізатпен қамтамасыз ету идеясы жетісулық жастар арасында туып, қызу талқыға түскенде бос сөзден нақты іске көшу керектігін көкейіме түйдім. Сөйтіп Сарқан ауылының іргесінде бос жатқан жер ойыма түсті. Топырағы майлы, бір қапталынан тоған суы ағып өтіп жатыр. Күре жол да тиіп тұр. Ұсынысымды Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков бірден қолдады. Сонымен, 4,5 гектар жерді иеленіп, «Қазына» шаруа қожалығының көмегімен тың алқапты жыртып, тырмалап, қант қызылшасының «жаркенттік» деп аталатын сұрпын сеуіп алғашқы жұмыстың басын қайырдық», деді ол. Жалпы, айтар ауызға оңай бол­ғанымен, тәтті түбір өсіру табандылықты, қол еңбегін өте көп қажет ететін жұмыс. Себебі, қант қызылшасының тұқымын 3,5 гектар жерге еккенімен игере алмай тастап кеткен шаруа қожалығының алқабын осы жастар заңнама талабына сай ресімдеп те алыпты. Біз келген күні  тағы 7 гектар жерді иге­рулеріне ұсыныс түскенін естідік. Бос қалған алқапқа да қант қызыл­шасының тұқымы себілген екен. Бұл Аслан Көбентаев бастаған жастарға артылып отыр­ған ел сенімі. Негізі қант қызылшасының «жаркенттік» сұрпының артықшылығы – жыл сайын өнімділігінің өсіп отыратындығында. Әрі сол өнім тұқымын жинап алып, келесі жылы сеуіп өсіруге болады. Ал фермерлер шетелден әкеліп егіп отырған тұқым бір жыл ғана өнім береді. Келесі жылы қайтадан тұқым сатып алуыңызға тура келеді. Сондықтан, жастардың отандық өнімді өсіріп отырғаны қуантарлық жайт. Сарқандтық жастар өсірген 4,5 гектар жерде қант қызылшасының әр түбірі бүгінде 1330 грамм салмаққа же­тіпті. Бұйыртса, жақсы бапталған алқаптан гектарына 50 центнер өнім жинау көзделуде. Аудан басшысы жастарға үнемі қолдау көрсетіп отырады. Таяуда тағы да алқап басына келіп Көксу қант зауыты жастар өсірген өнімді талапқа сай қабылдап алатынын жеткізді. Ал жастар жағы болса күзгі жиын-терін кезінде шамамен екі жүз мың тоннадан асатын тәтті түбір жинап, Көксу қант зау­ытына тасымалдау жағдайында жан-жақ­ты қарастырып қойыпты. Иә, жетісулық жастардың атқарып отырған игі істері шынында көз қуантады. Табыс көзін бағамдаған жастардың істері оңынан болып, тәтті түбірден мол өнім жинары сөзсіз. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Темір НҰҒМАНОВ Алматы облысы