09 Тамыз, 2016

Футболшының жарақат алғанын пицца жеп тойлайды

241 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
05-08-Игуаин Футболдан азулы Аргентина құрама коман­дасының шабуылшысы Гонсало Игуаин жақында Италиядағы Неаполь қаласы­ның «Наполи» командасынан Туриннің «Ювен­тусына» өткен болатын. «Ювентус» басшылығы оны сатып алу үшін 90 млн. еуро жұмсады. Бұл хабар Неаполь футбол сүйер қауымын қатты қапаландырды. Себебі, осы маусымда 36 гол соғып, Италия чемпионатының үздік сұрмергені атанған аргентиналық жергілікті «Наполи» командасын «скудеттоның» екінші орнына бір-ақ шығарған болатын. Одан бөлек, Игуаин «Наполи» сапында 2013/2014-футбол маусымында Италия кубогы мен суперкубогына қол жеткізген. Осылайша, «Наполи» командасын өгіздей өрге сүйреп, жергілікті жұрттың қаһарманы атанған әйгілі футболшы Туриннің «Ювентусына» ауысып, бір-ақ сәтте «халық жауына» айналып кетті. Күні кеше Гонсалоны пір тұтып жүрген фанаттар бүгінде оны сатқын деп атап, футболшының жейделерін өртеуде дейін барды. Тіпті, Неапольдағы мейрам­ханалардың бірі жергілікті халықтың ашуын тудырған бұл мәселеге байланысты ерекше ұсыныс жасамақшы. Нақтырақ айтсақ, Неаполь қаласындағы Show Pizza мейрамханасы қала тұрғындары мен қонақтарына арнап ерекше ұсыныс дайын­дап жатыр. BBC агенттігінің мәліметіне сәйкес, Гонсало Игуаин «Ювентус» сапында ойнап жүріп жарақат алған күндері мекеме «Маргарита» пиццасын қомақты жеңілдікпен ұсынады. Осылайша, аргентиналықтың алған әрбір жарақаты ресторан қонақтарына пиццаны бар болғаны 1 еуроға сатып алуға мүмкіндік бе­реді. Енді футболшының жергілікті командадан кеткеніне көңілі толмаған жұрт оның жара­қат алғанын пицца жеп тойлайтын көрінеді. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»