09 Тамыз, 2016

Несіп Жүнісбаев – спорт қауымдастығы сыйлығының лауреаты

657 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
09.08.2016 Rio NZH-3 Қазақстандық белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаев Халықаралық спорт журналистері қауымдастығының лауреаты атанды. Ол өткен ғасырдың 80-ші жылы Мәскеу Олимпиадалық ойындарына барғаннан бері 10 Ойынның дуын көріпті. Бұл – әркімге беріле бермейтін бақ. Бүгінде қазақ спортшылары әлемдік биіктерді бағындырып жатса, сол жақсы жетістіктерімізде Несіптің салған ізі сайрап жатыр. Кеше Бразилияда жүріп ақжолтай хабардың куәсі болдық. Халықаралық спорт журналистері ассоциациясы он және оннан көп Олимпиада ойындарына барып, сондағы жағымды жаңалықтарды құс жолымен елге жеткізген  журналистерді арнайы сыйлықпен марапаттауды қолға алған. Лондонда бастау алған осы мерейлі мерекеде біздің спорт саласындағы мэтріміз Несіп Жүнісбаев лайық деп танылып, Рио-де-Жанейрода арнайы сыйлыққа ие болды. Таңдаулы спорт журналистеріне берілетін бұл сыйлықты спорт додасына теңесеңіз, Олимпиадалық ойындардың  чемпионы деген ең құрметті атақпен сай келеді. Осы арнаулы сыйлықты табыс етуге Олимпиялық ойындардың 400 метрге жүгіруден 5 дүркін чемпионы, әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы, америкалық желаяқ Майкл Джонсон, Бразилия футболының аңыз ойыншысы, команда капитаны, әлем чемпионы Кафу, оңтүстікафрикалық гольф шебері Гарри Плайер, ұлыбританиялық даңқты велотрекші Виктория Пендлетон, сонымен қатар, қысқы Олимпиадаларда Монаконың туын үш рет ұстап шыққан Монаконың принці Альберт II және өзгелер бар. Марапаттау рәсімінен кейін Несіп Жүнісбаев тілшілерге бұл сыйлықтың маңызы туралы айтып берді. –Бұл спорт журналистеріне деген үлкен құрмет! Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы (AIPS) осымен екінші рет тілшілерді осындай ірі марапатпен қуантып жатыр. Біріншісі Лондон Олимпиадасында өткен. Екінші рет міне, өздеріңіз көріп отырғандай Рио-де-Жанейро қаласында, тағы да Олимпиада аясында ұйымдастырылып жатыр. Бұл Олимпиадада чемпион спортшыларды қалай құрметтесе, спорт тілшілерін де солай құрметтеумен тең. Бүгінгі маған көрсетілген құрмет осыған дейін қазақ тарихында болған жоқ. Міне, бірінші рет марапатталып жатырмыз. Бұл менің ғана емес, қазақ елінің, қазақ спорт журналистикасының жетістігі.  Аз-көп болсын, 10 Олимпиаданың көзін көрдім. Барған сайын ертеңгі ұрпақ үшін Олимпиададағы жарқын жетістіктеріміз туралы кітаптар жаздым. Бұл да болса еңбегімнің өтеуі, – деді Несіп Жүнісбаев. Марапаттаудан соң қазақ спортының ардагері өзінің он жылдық Олимпиадалық жолдары туралы жазылған төрт томдық туындыларын Халықаралық спорт журналистері қауымдастығының музейіне тапсырды. Бақтияр ТАЙЖАН Рио-де-Жанейро 09.08.2016 Rio NZH-1 09.08.2016 Rio NZH-2 09.08.2016 Rio NZH