10 Тамыз, 2016

Иран инвестициясы Орал өңіріне келеді

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

10-08-16-teplinsa

Орал өңірі мен Иран ислам республикасы арасында сауда–экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық салада ынтымақтастық жөніндегі келісім жасалды. Аталған келісімге өткен шілде айының аяғында Тегеранда қол қойылған болатын. Өз кезегінде ирандық өкіл-инвестор Таваколь Ибраими Орал өңірінде болған сапарында мұнда екі кезеңнен тұратын жылыжай құрылыстарын салу үшін Иран тарапы инвестиция құюға әзір екендіктерін мәлімдеді. Бұған голландиялық технологияны қолдану белгіленген. Оның ерекшеліктері жөнінде Egemen.kz тілшісіне инвестормен бірге келген әріптесі, нидерландтық Андриес Копперт айтып берді. Оның мәлімдеуінше жобаның алғашқы кезеңінде құрылыс аумағы қырық гектарды құрамақ. Болашақта жылыжайдан жиналатын өнім мөлшері өңір тұрғындарының сұранысын қамтып қана қоймай, оны көршілес Ресей елдеріне экспортқа шығаруға болады деген болжам жасалып отыр. Қазақстан Еуразиялық одақтың құрамында болғандықтан, мұндай жағымды жайт Ресеймен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі тереңдете түсуге септігін тигізеді деп күтілуде. Айтылар ойды бұдан да гөрі ашыңқырап айтқанда, Қазақстанның аталмыш экономикалық кеңістікте орналасуы ирандық инвесторлардың қызығушылығын одан әрі күшейте түскендей көрінеді. Тіпті қазіргі күні ірі де күрделі жылыжай жобасының орны белгіленіп те қойылыпты. Айталық, «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясы өңірдегі индустриялық аймақты құруға бел шеше кірісіп,оның орнын белгілеген болатын. Бұл аралық -Теректі ауданындағы Пойма теміржол бекетіне таяу орналасқан. Ирандықтар мен голландиялықтар бірлесіп қолға алатын жылыжай құрылысы дәл осы арада бой көтермек. Өз кезегінде «Орал ӘКҚ» аталған шетелдік компаниямен бірлесіп жұмыс жүргізбекші. Осы орайда мердігер ретінде белгіленген «KGS» компаниясы құны 176 миллион АҚШ долларын құрайтын кең тынысты құрылысты алдағы бір айдың ішінде бастап кетуге бел буып отырғаны үлкен сенім туғызады. Темір ҚҰСАЙЫН