10 Тамыз, 2016

Қолөнершіге қамқорлық

390 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
колонерши Жақында «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалында тың жаңалық болды. Өндірісте ауыр жарақат алған Абылайхан Асылбай жанталаса жүріп, бүгінде Қазақстанның ең үздік қолөнер шебері атанған еді. Еңбекқорлығының арқасында тіршілікпен, қоғаммен тығыз байланыс орнатып, нәтижесінде «Нұр Отан» партиясына мүшелікке де кіріп отыр. – Мен «Нұр Отан» партиясы арқылы өзіммен пікірлес адамдармен достассам деген арманым бар, – деді Абылайхан Асылбай. – Осы арқылы жобаларымды, алға қойған мақсаттарымды орындағым келеді. «Нұр Отан» партиясының билеті мен үшін аса қымбат. Бірінші топтағы мүгедек болсам да, қол қусырып қарап отырмай, өз еліме пайда әкелетіндігімді дәлел­демекпін. Абылайхан ұзақ жылдар бойы кәсіби құрылысшы болған. Биіктен құлап, омыртқасы зақымданады. Аяғы қозғалмай қалады. Ол ал­ғашында отыра да алмайтын. Оған қарындасы мен күйеу баласы көмектеседі. Күйзеліске түскен ол уайым-қайғысын жеңу үшін ежелгі ағаш қолөнерін игеруді қолға алыпты. Осыдан біраз бұрын өткен «Шығыс сувенирі» өңіраралық V қолөнер байқауының нәтижесі бо­йын­ша Абылайхан Асылбай Гран-при иегері атанды, содан кейін ол өз жұмыстарымен республикалық «Шебер» байқауына қатысты, халықтың ыстық ықыласына ие болды. Ол күміс және сары металл сымнан тоқылған әскер сауыты, болаттан жасалып, былғары қапқа салынған қылыш, түрлі металдардан жасалған әйел әшекейлері, әртүрлі өрілген қамшы, ат әб­зелдері, ер-тоқым және тағы бас­қалар. Шебер бұйымдарды жа­лықпай өңдеуді де әдетке ай­налдырған. –  Әсіресе, батырларға арналған сауыт жасау өте күрделі, көп еңбектенуді қажет ететін жұмыс, – дейді Абылайхан Асылбай. – Ал әйел әшекейлерін жасау үшін ұсақ бедерлермен жалықпай жұмыс істеу керек. Тіпті, Алматыға барып, оқуын да оқып келдім. Сөйтіп, Семейге келген кезде, өз үйінің бір бөлмесінен ша­ғын ғана цех ашып, жұмысын істей бастады. Оның көптеген бұйым­дары Қазақстанның мұра­жайларының төрінен орын алған. Тіпті, шетелдіктер де оның өнерін жоғары бағалауда. Осы істі қалай меңгеруге қатысты шеберлік сағаттарын да өткізді. Өткен жылы кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Даму» қорының грантына ие болды. Бұл грантқа металл мен ағашты, сүйек пен теріні өңдейтін тамаша құрал-жабдық сатып алды. Абылайханмен бірге Семейде «Нұр Отан» партиясына биыл 3 мың семейлік бірден мүшелікке кіруге бел буыпты. «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалындағы кеңесші Әлия Букаеваның айтуынша, осыншама адамды бірден қабылдау партия тарихында бұрын-соңды болған емес. Абылайханға партия билетін «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалы төр­ағасының орынбасары Зульфия Жамалтдинова тапсырды. Келген қонақтарға жасаған бұйымдарын көрсеткен ол бұдан кеңірек шеберханада жұмыс істегісі келетіндігін айтқан еді. – Бұл шешілетін мәселе, – деді Зульфия Жамалтдинова. – Біз «Жас Отан» жастар қанатын шақырып, асар жасаймыз. Олар қолайлы шеберхананы жөндеуден өткізіп, бүкіл құрал-жабдықтарыңызды жаңа орынға көшіріп береді. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ