10 Тамыз, 2016

ШАРАЙНА

274 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
шарайна-1 Республикашылардың өзі Трампқа қарсы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатысы бар, Республикашыл партияның ең беделді әрі танымал 50 азаматы президенттікке кандидат Дональд Трамптың президент қызметіне оның мінезі мен тәжірибесі сай келмейтіні жөніндегі хатқа қол қойды. Қол қойғандардың пікірінше, Дональд Трамп елдің қауіпсіздігі мен тыныштығына қауіп төндіреді. Хатқа қол қоюшылардың арасында орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Майкл Хайден, мемлекеттік хатшының бұрынғы орынбасарлары Джон Негропонте мен Роберт Зеллик, вице-президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Дик Чейни сияқты көрнекті тұлғалар бар. Республикашыл қайраткерлердің сөзіне қарағанда, Д.Трамп Құрама Штаттардың беделіне нұқсан келтіреді. Хатта, сондай-ақ, «Біздің ешқайсымыз Дональд Трампқа дауыс бермейміз», – деп көрсетілген. Тайландта жаңа конституция қабылданды «Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Тайландта әскерилер ұсынған елдің жаңа конституциясы қабылданды. Референдумның қорытынды нәтижесі бүгін жария етіледі. Референдумда ел тұрғындарының 67 пайыздан астамы дауыс берген. Әскерилердің пікірінше, жаңа конституция бүлік тудыратын әрекеттерге жол бермейді. Енді армия халықты елді дамытудың алдағы 20 жылға арналған жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыратын болады. Бұдан кейін демократиялық үкіметті сайлауға қадам жасалады. Ол 2017 жылдың қазанына жоспарланып отыр. Кейбір ақпараттарға қарағанда, жаңа конституцияға қарсылардың үгіт жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған көрінеді. Тайландта 1932 жылдан бері конституция осымен 19 мәрте ауысқан екен. шарайна-2 Атом қаруы құрбандарын еске алды Кеше Жапонияда осыдан 71 жыл бұрын Нагасаки қаласына тасталған атом бомбасының құрбандарын еске алды. Атом қаруы құрбандарына арналған Бейбітшілік мемориалы алдында атом бомбасынан тірі қалғандар мен құрбан болғандардың туыстары жергілікті уақыт бойынша сағат 11.02 минутта құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, шіркеулерде қоңырау соғылды. 1945 жылдың 9 тамызында дәл осы уақытта АҚШ-тың әскери ұшағы Нагасаки қаласына тастаған жойқын қару салдарынан 70 мыңдай адам құрбан болған еді. Содан үш күн бұрын Хиросима қаласының тұрғындары да осындай қайғылы жағдайға ұшыраған болатын. Қысқа қайырып айтқанда: Пәкістандық адвокаттар Кветта қаласындағы аурухана алдында болған жарылыстан ондаған адвокаттың қаза табуына байланысты митингіге шықты. Қаза болғандардың көпшілігі адвокаттар екен. Бангладеш билігі елге жалпы сомасы 500 мың долларды құрайтын электроника және темекі бұйымдарын заңсыз әкелгені үшін КХДР елшілігінің бірінші хатшысы Хан Сон Икті ел аумағынан шығарды. Мексикада жолаушылар автобусы 30 метрлік жарға құлады. Оқиға салдарынан төрт адам мерт болып, 38 жолаушы зардап шекті. Қытай билігі жалған айып тағылып, түрмеде 13 жыл өмірін өткізген Цянь Жэньфэн есімді әйелге 1,72 миллион юань (258 мың доллар) төледі. шарайна-3 Ресей Каспийдегі жобаларды талқылауға әзір Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан мен Иран президенттерінің үшжақты кездесуінде Каспий теңізі аймағында жаңа энергетикалық және көліктік жобаларды талқылауға әзір екенін мәлімдеді. Президенттердің үшжақты келіссөздерінде көтерілген мәселе – Әзербайжан және Иран арқылы өтетін жаңа көлік өткелін салуға жаңаша серпін береді деп күтіліп отыр. Бұл бағыт көлік шығынын айтарлықтай азайтып, сауда-саттықтың дамуына, оның ішінде Ресейден Үндістанға тасымалданатын жүк көлемінің артуына ықпал етпек. Ресей көп жылдан бері Иранның экономикалық әріптесі саналады. Сонымен қатар, Ресей Батыс елдерінің Теһеранның ядролық бағдарламасына қатысты алаңдаушылығына қарамастан, осы елге ядролық технология мен отын жеткізетін негізгі мемлекеттердің бірі болып отыр. Тіл білмесең, көрген күнің осы Қытайлық турист Германияның Дортмунд қаласындағы мигранттар орталығында екі апта өмір сүріпті. Ақшасы бар әмиянын ұрлатып алған ол полиция бөліміне барудың орнына адасып, миграциялық қызметке барған. Не ағылшын, не неміс тілін білмейтін 31 жастағы Қытай азаматы бұл жерді полиция бөлімі деп ойлап, сауалнама толтырған, медициналық тексеруден өтіп, саусақ таңбасын да өткізіпті. Ондағылар оның шенген визасы бар паспортын алып, мигранттардың уақытша баспанасына орналастырған. Орталық оған күн сайын тамақ та, жұмсайтын ақша да беріп тұрыпты. Жергілікті Қызыл крест мекемесінің қызметкерлері шетелдіктің босқынға ұқсамайтынын байқап, қытай тілінің аудармашысын шақырып, сөйлесіп көргенде, ондағылар бұл адамның Еуропа елдерін аралап жүрген турист екенін, Германиядан соң Франция мен Италияға баруды жоспарлағанына көз жеткізген. Тіл білмегендіктен, ол осындай жағдайға ұшыраған екен. шарайна-4 Хиллари Клинтонды сотқа берді 2012 жылы қыркүйекте Бенгазиде қаза тапқан екі америкалықтың туыстары Демократиялық партия­дан АҚШ президенттігіне кандидат Хиллари Клинтонды Колумбия округінің сотына берді. Қаза болған америкалықтардың туыстары саясаткер Х.Клинтон дипломат Шона Смит пен арнайы қызмет органының қызметкері Тайрон Вудстің өліміне кінәлі деп есептейді. Талап арызда олар Клинтон өзінің имиджін жақсарту үшін қаза тапқандардың туыстарынан Бенгазидегі шабуыл жөнінде жақ ашпауды талап еткені көрсетілген. Сол кезде мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Х.Клинтон Ливия кампаниясы барысында АҚШ «бірде-бір адамын жоғалтпады» деп мәлімдеген болатын. Ал 2012 жылдың 11 қыркүйегінде Бенгазидегі АҚШ консулдығына жасалған шабуылдан төрт қызметкер қаза тапқан еді. Интернет материалдары негізінде әзірленді