10 Тамыз, 2016

Ақынның Алматыдағы ұрпағы

466 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Айдос-02 Ақылбайдың шөпшегі Айдос туралы не білеміз? Бұған дейін абайтанушыларға, соның ішінде Абай мұражайының шырақшыларына да Ұлы ақынның ұрпақтары дегенде ойымызға алдымен оралары Ақылбайдың немересі Бағфурдан тарайтын Айдар мен оның ұлы Данияр болатын. Екеуінің де қазір Алматыда екенінен және нәпақасын мұнай саласынан тауып жүргендерінен хабардармыз. Жалпы, Ақылбаев Бағфур Әлім­құл­ұлының Эрнест, Бауэр және Айдар атты үш ұлы болған. Абайдың шөпшектері болып келетін үшеудің ортаншысы – Бауэр дүниеден ерте озыпты. Жоғары білімді биолог ретінде кандидаттық диссертация жаза бастаған екен. Туыстары Баукен атап кеткен одан ұрпақ жоқ. Ал Айдардан Данияр деген ұл, одан Дана, Камила, Меруерт деген үш қыз бала бар. Бұған қоса Ақылбайдың Даниярдан басқа тағы бір шөпшегі, яғни Абайға немене боп келетін Айдос туралы еміс-еміс қана білетінбіз. Есімінің өзі-ақ асыл тегін мегзейтін азаматтың мұражаймен бұған дейін, оның өзі айтқандай, байланысы бола қоймаған. Олай болса, Айдос Эрнестұлы Ақылбаев туралы біз не біле алдық? Сонымен, Айдоспен оның ұлы атасының ескерткіші түбінде кездесуге келіскенбіз. Ол уағдалы уақыттан кешікпеді. Ұлы ақынның ұрпағын сырт келбетінен-ақ тас тұғырдағы хас мүсінге ұқсаттым. Бұл ретте оның Ұлы ақынға қаншалықты ұқсайтынын оқырман өзі ажырата жатар. Бірақ, жүзі алғаш жарқ еткенде-ақ ол бізді ерекше жылы әсерге бөледі. Қарсы алдымызда өтірігі жоқ, сабырлы да байсалды азамат отырды. «1967 жылғы 7 ақпанда дүниеге келіппін, – деп бастады Айдос өз естелігін. – Әкем Эрнест 1983 жылы қайтыс болған, Талғар механизация техникумының түлегі. Ал Бағфур одан төрт жыл бұрын о дүниелік болған екен. Алматының іргесіндегі Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Бағфур атамыз селекция мектебінің директоры лауазымын атқарған. Бала кезімізде Данияр және бас­қалары бар атамның үйінде жиі бас қо­сатынбыз. Оның әкесі – Айдар аға мұнайшы, қазір ол кісінің кәсібін Данияр жалғастыруда. Анам – Эльнура Ахметқызы Ақыл­баева осы Алма­тыда тұрып жатыр. Өз басым Алматыдағы орта мектепті бітірген соң, Украинаның Криворожск қаласындағы авиаучилищеге оқуға түскен едім. Бірінші жарым Светланамен де сонда табыстым. Тбилисиде кеңес армиясы қатарында болдым. Аталған оқу орнында авиақұралдардың техник-электригі мамандығын алған соң, Алматы әуежайының біріккен авиаотрядында қызмет еттім. Кейін осындағы италиялық құрылыс фирмасында жұмыс істеп, әуежайдың қаржылық жағдайы қожырағанда жеке кәсіпкерлікті таңдап, құрылыс саласында еңбек етіп келемін. Бірінші некеден Александра Старикова – Ақылбаева деген қызым және одан Ника атты немерем бар. Олар қазір Саратов облысының Балаково қаласында тұрады, қызымның интернетте жеке парақшасы бар. Ал қазіргі жарым Тамара Әуез­хан­қызы Батырбекова (әкесі – қазақ, анасы – татар), екеуіміздің ортақ баламыз жоқ. Алланың әмірі солай шығар, жас кезімде барша туыстарым бір жаққа шыққандарында сәбилерін ержетіп қалған маған тас­тап кетуші еді. Бұл орайда Абай атамыздың ұрпақ жалғастығын үзіп алмау, бізден «тұқым» алып қалу туралы әңгімелерге күлгеннен басқа амалым жоқ. Себебі, ең алдымен «адамның баласы болуға, адамзатты сүюге» үндеген Ұлы Адамның артында қалдырған асыл мұрасына тең келер ештеңе жоқ». Ұлы ақынның ұлағатты ұрпағымен үнсіз келістік. Болат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры