«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов бейресми жағдайда банктің салымшыларымен кездесіп, барлық сұраққа егжей-тегжейлі жауап берді.
Кері байланыс
Банк салымшыларымен аталмыш ашық кездесу алғаш рет өткізіліп отыр. А.Жұмағұлов кездесуге келген қатысушыларды жылы шыраймен қарсы алып, мұндай кездесулер алдағы уақытта дәстүрге айналатындығын және барлық өңірлерде өтетіндігін мәлімдеді. Осылайша банк өзінің ашықтығын, транспаренттілігін және еліміздің азаматтары үшін қолжетімді екендігін паш етеді. Бұл тұрғыда қаржы мекемесінің саясаты тұрақты әрі ондаған жылдар бойы өзгеріссіз қала береді. Банк сервисті, ашықтықты көтеруге және салымшылардың пікірлерімен ұдайы санасатын жұмысын тұрақты жалғастырады.
«Біздің салымшылар белгілі бір күмәнмен, сақтықпен қарайтын кейбір сұрақтар бар. Азаматтардың бұл санаты үшін осы тақылеттес кездесулер көңілді күпті етіп жүрген мәселенің мәнісін шешуге мүмкіндік береді. Көптеген өткір сұрақ бар, оларға нақты жауап беруге біз әр кез дайынбыз. Басқа өңірлерде де халықпен кездескенде осы тәрізді сұрақтардың туындауы әбден мүмкін. Сондықтан да салымшыларға бәрін дұрыс түсіндіруіміз қажет. Біз клиенттерімізбен тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек. Және де түрлі түсініспеушілік орын алмағаны жөн. Банкте арнайы қызмет – ахуалдық орталық құрылды. Ол банкте, оның өңірлік бөлімшелерінде болып жатқан барлық үрдістерге мониторинг жасауы тиіс. Біз үшін мәселенің үлкен-кішісі болмайды. Егер қандайда бір филиалда адамдар көп жиналса, біз кезекте тұрған клиенттердің қатарын сейілту үшін қосымша менеджерлерді жібереміз» деп атап көрсетті Айбатыр Жұмағұлов.
Сондай-ақ, бірінші басшы таяуда агенттер штатын кеңейту мәселесі шешілетіндігін хабарлады. Олар консультант өкілеттігін алып, адамдарды тұрғылықты жері бойынша тиісті ақпаратпен құлақтандыратын болады. Бұл тұрғындарға банктің көптеген өнімдері, тұрғын үй заемы және пәтер мәселесін шешу шарттары туралы нақты және толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. А.Жұмағұлов банктің стратегиясы жөнінде хабарлады, оның негізіне технологияларды қолдану және сервистер құру жатады. Олар уақыт пен ақшаны мейлінше үнемдейді.
Көптеген өзгертулер салымшылар мен банктің өзара қатынасын жеңілдетіп, қазақстандықтардың арасында оның танымал болуына ықпал жасайды. Мәселен, несие беру уақыты бес есеге қысқарды. Тізілімнен бірден банктік комиссиялардың алты түрі алынып тасталды, ал, мысалы, салым ашу үшін комиссия екі есеге төмендетілді. Құжаттарды куәландыру бойынша нотариустың қызмет құны 27 мың теңгеден 7 мың теңгеге дейін азайды. Енді шот ашу үшін тек жеке куәлікті көрсетсеңіз мәселе шешілді дей беріңіз. Көптеген операцияларды үйден шықпай-ақ жасайсыз. Кезекті төлемді немесе жаңа үйден пәтер алу ұтысы бойынша пулға қатысуға өтінім беру үшін интернет-банкингті пайдалануыңыз жеткілікті.
Соңғы кезде банк клиенттерге қызмет көрсетуді жеңілдету, сервисті арттыру, өнімдердің тартымдылығын жақсарту үшін орасан жұмыс істеді. Жоғары сервистің үздік дәлелі – клиенттер ағыны жылдан жылға өсіп отыр. 2016 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының саны 37 мың 777-ге жетті. Олардың жинақтарының жалпы сомасы 19,2 млрд. теңге құрайды. Аталған өңірдегі банктің несиелік қоржыны 12,5 млрд. теңгеге тең.
Банк қызмет өрісін кеңейтуде
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловпен кездесуге келген оңтүстік тұрғындарының қойған кәдуілгі сұрақтары мынаған саяды – банктің қызметтерін әуре-сарсаңсыз қашан пайдалануға болады. Оның игілігін Астана, Алматы және облыс орталықтарының тұрғындары ғана емес, сондай-ақ аудандар мен шағын қалалардың халқы да көруі қажет деген мәселені алға тартты. Расында да орын алған олқылықтар туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бұл мәселеге бей-жай қарамайтындығы белгілі болды. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының құжаттарын ресімдеу үдерісін жеңілдету үшін банк жақында көптеген аудан орталықтарында филиалдар ашуға ниеттеніп отыр екен. Халықтың сұранысын қанағаттандыруға байланысты қызметтерін одан әрі жетілдіре бермек. Ол негізінен тұрғындар санына да байланысты болып отыр. Қазір қызмет көрсету аясы 100 мың адам болып анықталды. Оңтүстік Қазақстанда халық өте тығыз қоныстанған. Сондықтан да ол банк пен оның филиалдары үшін стратегиялық өңір болып саналады. Аудан орталықтары мен қалалардың көпшілігінде банктің бөлімшелерін ашу жоспарлануда.
Мұндай алғашқы кеңсе Мақтаарал ауданының Жетісай қаласында ашылды. А.Жұмағұловтың айтуынша, таяудағы уақытта банктің филиалдары Сарыағаш ауданында және Түркістанда бой көтереді. Соның нәтижесінде халық құжаттарын ресімдеу үшін алтын уақыты мен қалтадағы ақшасын шығындап облыс орталығына шапқыламайтын болады. Тұрғындар банк жұмысы туралы барлық ақпаратты, тұрғын үй құрылысының бағдарламаларына қатысуға шарттарды өз мекендерінде отырып-ақ алуларына мүмкіндік туады. Бұдан басқа, банкте бірқатар бағдарламалар жұмыс істейді, олар бойынша клиент бастапқы, сондай-ақ қайталама нарықта өзіне ұнаған әрі қолайлы тұрғын үй сатып ала алады. Осылайша банк шалғайдағы елді мекендерге қызмет көрсету аясын кеңейте түсіп, қарапайым адамдарға баспана мәселесін шешуді жеделдетеді.
Бірінші транш та төленді
Кездесуге қатысушыларды толғандыратын көкейкесті мәселелердің бірі – Тұрғын үй құрылыс жинақ банктегі жинақтаған депозиттік салымдары бойынша өтемақы төлеу болды, олар өткен жылғы бағам айырмашылығынан зардап шекті. Соған орай бірінші транш Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының шотына 1 тамызда есепке алынды. Сөйтіп биылға жоспарланған өтемақының бірінші траншын төлеу үрдісі аяқталды. Жалпысында 320 мың салымшыға өтемақы төленді. Сонымен, өтемақыға бөлінген 54,5 млрд. теңге мөлшеріндегі қаржы 94%-ға игерілді. Өтемақы талап етпегендерден 3,5 млрд. теңге қалды.
Оңтүстік Қазақстан облысында өтемақы 20 мың салымшыға төленіп, 1,6 миллиард теңге соманы құрады. Оны төлеу 2016 жылғы 1 тамызға дейін аяқталды. Сонымен бірге оңтүстікқазақстандық 5 мыңға жуық салымшы белгіленген мерзім бойынша қосымша келісімге қол қоймады. Сәйкесінше, оларға өтемақы төленген жоқ. Қолайлы жағдай жасау үшін банк оларға бұл мерзімді бір айға ұзартуды есепке ала отырып, 144 күнтізбелік күнді бөлген еді.
Уақтылы қосымша келісімге қол қоймағаны үшін өтемақы алуға мүмкіндік бола ма деген сұрақ та қойылды. А.Жұмағұлов мұндай әрбір жағдай банк басқармасының отырысында жеке қаралатындығын хабарлады. Егер салымшы себепті жағдай бойынша қосымша келісім бере алмаса, мысалы науқастанған немесе шетелде жүрген жағдайда мәселе оңды шешім табу мүмкіндігі шешілетіндігін жоққа шығармады.
Кездесуге қатысушылар өтемақының екінші траншына қашан қол жеткіземіз деген сұраққа да жауап алды. Бағам айырмашылығының екінші траншы салымшылардың шотына 2017 жылғы 1 шілдеге дейін түседі. Сөйтіп, өтемақыны есепке алғанда депозиттік салымдардың сомасы үш еседен астамға өседі.
Саманнан салынған үйді кепілге қоюға болады
Жанар Аққояшева Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысымен кездесуге келіп, өзін толғандырып жүрген сұрағын қойды. Жас келіншек саманнан салынған үйде тұрады. Әлгі үй оның отбасындағы жалғыз жылжымайтын мүлік екен. Ол аталған мүлікті банкке кепіл ретінде салуды ұйғарыпты. Сондықтан да бірсыпыра банктерге барып жүгінсе, олар өтінішін қанағаттандырмапты. Өйткені, бірде-бір банк кепілдікті қамтамасыз ету ретінде саманнан салынған үйді қабылдамайтын болып шығыпты. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мұндай мүлікті кепілге алуға қарсылық танытпайды, деп А.Жұмағұлов айтқан бұл хабарламаны кездесуге қатысушылар қол шапалақтап қарсы алды.
Әрине, мұны да түсінуге болады. Өйткені Оңтүстік Қазақстандағы баспананың 70 пайызы саманнан соғылған. Сондықтан да болар, былтыр барлық банк саманнан салынған үйлерді кепілге қабылдаудан бас тартыпты, осылайша олардың иелеріне мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға жол жабылыпты. А.Жұмағұлов Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде саманнан салынған үйді кепілге қабылдауға мүмкіндік бермейтін консервативтік несие саясаты болғандығын мойындады. Бірақ банк клиенттердің өтініштеріне құлақ асып, мұндай үйлерді қабылдауға әзір екенін жеткізді. Осыған ұқсас жағдай еліміздің солтүстік өңірлерінде де орын алыпты. Аталған аймақтарда негізінен тұрғын үй ағаштан қиып салынады. Мұндай жылжымайтын мүлікті бағалау кезінде қабырғалық материал ғана емес, сондай-ақ коммуникациялардың болуы, орналасқан жері және басқалар ескеріледі.
Баршаға арналған баспана
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенті болып табылатындарды тағы да жаңа пәтерге ақша жинап, таяудағы уақытта қай өңірде қанша үй қашан салынатын мәселесі қызықтырып отыр. Және де пулға қатысуға өтінімдер ресімдеуді де ойластыруда. Соған орай бұл үрдісті жариялы әрі ашық етіп ұсынуға тілек білдіруде.
А.Жұмағұлов Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарламалар туралы хабарлады. Банк оған 2005 жылдан бері қатысып келеді. 2005 жылдан бастап 2007 жыл аралығындағы кезеңде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісімен 2,3 млн. шаршы метр баспана іске қосылды немесе 25 мың 700 пәтер пайдалануға берілді. 2008-2010 жылдар ішінде 5 мың 800 пәтерлік 390 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. 2011 жылдан бастап 2015 жылғы 1 қаңтар аралығында пайдалануға 17 мың 636 пәтерлік 1 млн. шаршы метр баспана пайдалануға тапсырылды. Ал 2015 жылдан бері «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы 2020 жылға дейін өңірлерді дамытудың бағдарламасына енді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің желісімен былтыр 6 мың 558 қазақстандық отбасы баспанамен қамтылды. Биыл 7 мың 441 пәтерді сату жоспарлануда немесе 459 мың шаршы метр баспана игілікке жаратылады.
Оңтүстік Қазақстан облысына келетін болсақ, өңірде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қатысуымен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру басталғаннан бері барлығы 3 мың 227 пәтерлік 126 тұрғын үй тұрғызылды. Ондағы тұрғын үйдің жалпы алаңы 256,6 мың шаршы метрді құрап, құны 15,241 млн. теңгеге тең болды. Банк басшылығы мен облыстық әкімдік әріптестік қатынастарды жолға қойып, соның нәтижесінде тұрғын үй құрылысын салу көлемі мен іске қосу қарқыны артты. Мұндай өзара қатынас таяуда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов пен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың меморандумға қол қоюымен бекітілді. Әлеуметтік бағдарлы құжат 2015-2019 жылдарға «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ынтымақтастықты көздейді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың несиелік тұрғын үй құрылысына қосымша 149 миллиард теңге бөлу тапсырмасына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан Ұлттық қордан жергілікті артқарушы органдардың желісімен 4,4 млрд. теңге алады. Бұл қаржыға 558 пәтерлік 11 үй салынады. Олардың жалпы алаңы 31,5 мың шаршы метр құрамақ. Банк салымшыларына баспана 1 шаршы метрі үшін 140 мың теңге бағамен сатылады. «Бәйтерек девелопмент» АҚ жалпы алаңы 25 мың шаршы метрден астам 432 пәтерлік 6 үйді тұрғызып тұрғындарға ұсынбақ. Бұл үйлердегі пәтерлерді 1 шаршы метрі үшін 180 мың теңге баға шегінде сатып алуға болады. Сондай-ақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Шымкентсити» жобасын жүзеге асыру бойынша қатысуға өз ниеті бар екендігін мәлімдеді. Бұған қоса «Өз үйім» дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында салынған баспананы сатуды да жоспарлап отыр. «Өз үйім» бағдарламасы негізінде ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға банк және Шымкент қалалық әкімдігі басшылары қол қойды.
А.Жұмағұлов «Шымкентсити» құрылысын салушыларды өз жобаларын банкте қарастыруға шақырды. Олар үшін жинақталған депозиттер, құрылыс кезеңінде корпоративті салымшыларды несиелеу, құрылыс салу кезеңінде МИО өңірлік жобалары бойынша несиелеу және салынған тұрғын үйді сатып алу кепілдігі арқылы құрылысты қаржыландыру опциялары қарастырылған. Шымкенттегі «Өз үйім» бағдарламасының баға диапазоны бір шаршы метрі үшін 140-200 мың теңге шегінде белгіленген. Бұл заманауи сәулет және абаттандырудың барлық талабына сәйкес келетін жайлы да қолайлы баспанаға айналмақ.
24 жастағы Әйгерім Әміренова Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қатысатын тұрғын үй құрылыс бағдарламасына баса назар аударады. Бойжеткен өзінің жеке жайлы баспанасы болуын қалайды. Бірақ оның әзірге банкте ашылған шоты да, ақшасы да жоқ. Ол сәті түскен мүмкіндікті жібермей банктің бірінші басшысына тікелей бастапқы жарнасыз «Өз үйім» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі туралы сұрақты қойды. Өз кезегінде А.Жұмағұлов банкте мұндай қаражат бөлу қарастырылмағандығын баяндады. Иә, шындығында да, бұл банктің және жекелеген азаматтың тарапынан да ұсыныс білдіру дұрыс емес шығар. Мемлекеттік бағдарлама бойынша меншікті пәтерге ие болудың басымды құқығына тұрғын үй жинақтарына қатысатындар ғана ие болады. Осылайша, банк қаржы айналымын қамтамасыз етеді. Бұл қаржы қайталама түрде пайдаланылып, мультипликативті тиімділігі артады.
«Шымкентсити» құрылысына арналған жер телімі қазірдің өзінде анықталды. Оған инженерлік коммуникациялар тарту басталды. Банк тұрғын үйді «Өз үйім» деп аталатын өзіндік дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында сатуды ұйғарған. Таяудағы төрт жылда Оңтүстік Қазақстанда 56 мың шаршы метрге жуық баспана салу жоспарлануда.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған үйлерді бөледі. Оны алу үшін қойылатын талаптардың бірі – әлеуетті қоныстанушының иелігінде тұрғын үйдің болмауы. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көмегімен екінші пәтерді сатып алуға бола ма деген сұраққа А.Жұмағұловтың қайтарған жауабы, міне, осындай болды. Ол баспанасы барларға коммерциялық банктердің қызметін пайдаланып тұрғын үй жағдайын жақсартуға кеңес берді.
Стратегиялық серіктес қажет
Банк салымшылары банкті жекешелендіру мәселесіне де назар аударып, сұрақтарын қойды. Себебі, бұл тақырып қазір қоғамда белсенді талқылану үстінде. Сондықтан да салымшылардың алаңдаушылығын туғызуда. Олар банкті жекешелендіру үрдісі қандай сатыда тұрғанын білгісі келеді. Мәселен, ықтимал инвестор анықталды ма? Міне, осы тәрізді сұрақтар салымшыларды шын мәнісінде толғандыруда.
А.Жұмағұлов алдымен салымшыларға алаңдауға ешқандай негіз жоқ екендігін растады. Олардың бәрі «Тұрғын үй-құрылыс жинақтары туралы» Заңмен қорғалғандығын баяндады. Мұнда меншік нысаны әсер етпейді. Иә, жекешелендіру акцияның 20%-нан аспайтын көлемінде жүргізу ұйғарылуда, негізгі үлес мемлекет меншігінде қала береді. Ал ықтимал инвесторға келетін болсақ, оған ерекше талаптар қойылатын болады. Ол тек тиісті тәжірибесі бар қаржы институты ғана болуы тиіс. Сонымен бірге, тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесінде жұмыс істегені ескеріледі. Мұндай инвестор ТМД-да шын мәнісінде жоққа тән. Сондықтан да алыс шетелден стратегиялық серіктес табу ұйғарылуда. Шетелдік серіктес банктің қоржынын ұлғайтуға жұмыс істейтін заманауи технологияларды ұсынуы керек. Тек осылайша ғана тұрғын үй-құрылыс жинақтары саласына қомақты инвестициялар ағынының құйылуын күтуге болады.
Сапа басымдығы
Тұрғын үй құрылысы сапасының мәселесі кездесуге келушілердің қызу талқысына түсті. Жылдар бойы баспана алуға ақшасын жинаған адамдар жайлы әрі қолайлы үйде тұрғысы келетіндігі белгілі. Олардың бірқатары Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшысымен кездесуге арнайы келіпті. Өйткені, оларды сапа мәселесі қатты мазалайды екен. Бірнеше жыл армандаған пәтерлеріне қол жеткізгеннен кейін шатырдан сорғалап су ақпай ма, жертөлесі иістеніп немесе сылағы түспей ме деген сұрақтар күндіз-түні ойларынан шықпайтынын жасырмай айтты.
А.Жұмағұлов салымшыларға клиенттердің құқығын банк қашанда қорғап, құрылыс сапасын бақылау басымды болады деп сендірді. Құрылыстың барлық сатыларында мониторинг жүргізілуде. Ол мүмкін болатын ақауды жоюға, адал емес мердігерлердің сапасыз материалдарды пайдалануына жол бермейтіндігіне уәде берді. Егер де жағымсыз істерімен көзге түскен құрылысшылар анықталса банк тиісті шара қолданбақ. Сапаны банк құрған қоғамдық кеңес те қадағаламақ. Оның құрамына беделді әрі әділетті азаматтар және елімізге белгілі журналистер де кіреді.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы тұрғын үй-қаржы қызметтері нарығында алаяқтықтың өршуі туралы салымшыларға қажетті ескертуді айтуды жөн көрді. Ол қырағы болуға шақырып, өздерін банк қызметкерлері деп таныстыратын алаяқтардың түрлі топтарымен байланысқа бармауға шақырды. Өйткені, олар белгілі бір төлеммен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен несие алып жағдайын жақсартуға уәдені үйіп-төгеді. Және де баспанаға тез арада ие болу үрдісін жеделдетіп, ерекше сұранысқа ие қабаттардан пәтерлер алып беруге ықпал жасайтындарын айтып бағады. Сондықтан да әлгіндей күмәнді жандармен байланыс жасаудан аулақ болған жөн.
Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»