– Біздің елде полиция өз міндетін лайықты атқармайды, – деді бір күні менің әріптесім.
– Қалайша?! Неге? – деп сұрадым мен.
– Сол. Айнала толған келеңсіздік. Мен, мысалы, олардың көмегіне сүйенбей-ақ құқымды заңды да, заңсыз да өзім қорғап жүрген жанмын. Бұл жағынан маған қолұшын беретін достарым да, танысым да баршылық. Ал полиция түк бітірмейді, қолынан алудан басқа ештеңе келмейді, – деді қалталы әріптесім. Мен үнсіз қалдым. Өйткені, осылай деп айтатын тек менің әлгі бизнесмен танысым ғана емес. Сондықтан, олармен бұл тақырыпта сөз таластыру, соған сәйкес дұрыс, бұрысты дәлелдеймін деу – бос әуре. Бірақ уақыттың өзі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бір күні, әйтеуір бір көрсетіп береді ғой. Сол айтқандай, менің әлгі қалталы әріптесім кәсібін күшейтемін деп жүргенде бір дөкейдің алдын «кесіп» кетіпті. Ал ол дөкей қойсын ба, әріптесімдікі жөн болса да қарсыласқан мұны тақырға отырғызып, тіпті, түрменің «иісін» сездіріпті. Содан «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» дегендей, бұл қанша қамданса да түк өнбепті. Әділдікке жетем деп талпынғанымен, дөкейдің тоқпағы қазық қып қаға берген. Ал мұны батқан батпағынан суырып алар, яғни, қиналғанда қасынан табылар достары мен таныстары ізім-қайым жоғалған. Сөйтіп, «Байтал түгіл бас қайғы» күйде жанын сақтау үшін, амал жоқ, полицияға көмектесіңдер деп қол созады. Ішкі істер органына арыз түскен соң, ол міндетті түрде тексеріледі. Екі арадағы белден басудың қаупі артып бара жатқаны айқындалады. Сөйтіп, не керек, бұған полиция ғана араласып, жан алқымынан алған ажалынан арашалап қалыпты.
Қазір ол бұрынғыдай емес, «Біздің елде полиция міндетін лайықты атқара алады» дейді. «Қалайша?» деп сұрасақ, өз басынан өткерген әлгі әділетсіздіктен құқын полиция қорғап қалғанын жасырмай айтады. Иә, расында солай. Мұндай жағдайды бастан өткергендер аз емес. Түптеп келгенде, құқы бұзылған жанға, өміріне қауіп-қатер төнген адамға, ең алдымен, көмекке полиция қызметкерлері жетеді. Кеудесін отқа тосатын да солар. Мәселен, еліміздің елордасы – Астана қаласында тыныштық, қоғамдық тәртіп бірінші орында тұруы қажет. Әйтпесе, қандай бейбіт тұрмыс-тіршілік болмақ? Мұны Астана қаласы ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Олжабаев та үлкен сеніммен айтады. «Еліміздің бас қаласында кез келген құқық бұзушылық пен қылмыстарды болдырмау, олардың алдын алу және дер уақтылы ашу – полицейлердің негізгі мақсаты. Қаламыз қанатын кеңге жайып күн өткен сайын халық саны өсіп келеді. Осыған қарамастан жалпы тәртіп, яғни қылмыстық ахуал тұрақты қалыпта тұр. Биылғы жылдың жартыжылдығында ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір жақсарды», дейді ол.
Иә, қандай қылмыстар болмасын оларды дер кезінде ашудың жақсарғаны дұрыс. Заң бұзушылардың қылмыстары ашылған сайын, құқық бұзушылықтың алдын алу да арта түспек. Демек, жиі қайталанатын қылмыстарға тосқауыл қойылады. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, елорда болса да мұнда қалта, пәтер және автокөлік ішіндегі заттарды ұрлау көбейіп кеткен. Мұны уақ-түйек деп әсте қарауға болмайды. Барлық қылмыс көзі осы уақ-түйектен басталады. Жұмыс күшін дұрыс жұмылдыру арқасында тонау, пәтер ұрлығы, бұзақылық бірнеше пайызға азайған көрінеді. Әрине, «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегендей, жылтырағанға жаны құмартып, орайы келсе қағып кетуді қалайтындар аз емес. Мұндайда ұры-қарының көз құртын оятатын, көбіне, жәбірленушілердің өздері болып табылатынын көпшілік ескере бермейді. Сөмке, кейс, барсетка секілді заттарын «сақтықта қорлық жоқ екенін» ескермей көлік ішінде қалдырып кетеді. Ал мұның арты ұрылардың назарын аударғандықтан бармақ тістеуге әкеп соғады.
Сол сияқты пәтер ұрлықтарының алдын алу мәселесі де өте маңызды. Жеке үйлердің тұрғындары терезелерін темір тормен бекітуі, бейнебақылау камераларын орнатуы қажет, ал көп қабатты үйлердің тұрғындары пәтерлеріне сақтық шараларын күшейтіп, күзет фирмаларымен келісімшарт жасасуы, сөйтіп, қауіпсіздікті сенімді күзет қолына тапсырғандары жөн. Алайда, бұған тұрғындар көбіне құлақ аса қоймайды. Бұған қоса, өзге де кемшіліктер етектен тартып, қол байлайды. Соның бірі, мәселен, елорданың көптеген үйлерінде консьерждердің жоқтығы пәтер ұрлықтарының жасалуына, сондай-ақ, үйлердің кіреберістерінен тұрғындардың жеке мүліктерінің ұрлануына (велосипед, балалар арбасы, электр сымдары және т.б.құнды заттар), күдікті пәтер жалдаушылардың тұруына әкеліп соғуда. Статистикаға жүгінсек, қала бойынша жасалған пәтер ұрлықтары көбіне консьерждер жоқ жерде жасалған екен.
Жалпы, біле-білсек, Астанадағы тәртіп баяғыда бір арнаға түскен. Мұндағы тұрғындар «тәртіпке бас иген құл болмайтынын» да жақсы түсінеді. Әйтсе де, қылмыс жасала береді. Оның сырын да Жанболат айтып берді. Астанадағы қылмыстардың дені басқа аймақтардан келген адамдардың қолымен жасалады дейді ол. Елдің әр түкпірінен адамдар елордаға әртүрлі мақсатта келеді, оның ішінде ақша табудың жеңіл жолын іздейтін, көбінесе криминалдық жолмен тапқысы келетін азаматтар да жеткілікті. Елордаға уақытша келіп, түрлі қылмыстар жасап, жауапкершілікке тартылған қылмыскерлердің басым пайызы басқа облыстардың тұрғындары болып табылатынын статистикадан да байқауға болады. Бірақ ешкімге елордаға келме деп айта алмайсыз ғой. «Сондықтан, елорданың мәртебесіне байланысты тіркеу институтын енгізу қажет, бұл елімізде көші-қонды бақылау процесін жеңілдетер еді. Оның ішінде ІІО есебінде тұрғандар да қамтылуға тиіс», дейді.
Бар мәселе жасалынуы мүмкін қылмыстардың алдын алу мен болған қылмыстарды ашуда жатыр. Соның нәтижесінде, қалада пәтер ұрлығын жасаған 35 қылмыстық топ құрықталды. Оның ішінде сегіз қылмыстық топ пәтер тонауға машықтанғандар болса, жеті топ автокөлік салонынан азаматтардың жеке мүлкін ұрлаушылар екен. Мәселен, Досжанов басқарған қылмыстық топ 21 пәтерге түскен. Оларды ізін қуалай жүріп құрықтағанда ұрланған 300-ден аса түрлі алтын бұйымдар табылған. Мұны айтасыз, кез келген автокөлікті кез келген уақытта дымын білдірмей айдап кетуге кәніккен төрт топ тағы ұсталды. Олардан әлі бөлшектеп немесе сырлап сатуға үлгере алмай қалған 13 көлік тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Мұндай жұмыстар атқарылған соң айту да парыз.
Өйткені, Елбасы құқық бұзушылықтың алдын алу шарасын күшейту қажеттілігі туралы бірнеше рет атап өтті, ұсақ құқық бұзушылықтарды анықтау мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Сондықтан да, ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру Астана қаласы ішкі істер департаментінің ерекше назарында тұр. Сол сияқты, Елбасының әр Жолдауында міндеттелетін сыбайлас жемқорлықты жоюға және кез келген тәртіпсіздікке «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру қажеттілігі де басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Ал осы бағыттағы басты тренд – әр азаматты қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне тарту, жұмылдыру болып табылады.
Елордалық полицейлер нашақорлықпен күресте де кенде қалып жатқан жоқ. Жыл басынан бері талай есірткі қылмысы анықталып, заңсыз айналымнан түрлі есірткі заттары тәркіленген.
Елбасының құқық қорғау органдарына қойған талабының тағы бірі – халықтың полиция қызметіне сенімін арттыру. «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының 31-тармағына сәйкес, ІІД консультативті-кеңес органы жұмыс істейді. Ішкі істер саласының негізгі құрылымы саналатын қылмыстық іздестіру қызметкерлерінің ортасын нығайту мақсатында тәлімгерлік институты қызмет атқарады. Тәлімгерлер жас қызметкерлерге жан-жақты практикалық, әдістемелік және моральдық көмек көрсетеді. Жанболат Олжабаев та осындай тәлімгерлер тәрбиесін алған жан. Қазіргі күні ол ішкі істер саласына өмірінің 37 жылын арнаған өз ісінің білгірі саналады. Қылмыстық іздестіру қызметінің хас шебері.
Әрине, еліміздің қай түкпірінде болмасын, ішкі істер органдарында өз ісінің шебері, адал мамандардың болуы, ең алдымен, халыққа пайдалы. Халықтың сенімі ақталса, билікке деген құрмет нығаяды. Соның нақты дәлеліндей, менің, яғни, жоғарыда айтылған танысым билікке дән риза. Өйткені, құқы бұзылса қамын қамдайтын, әділдікті орнатып, тәртіпті сақтайтын полиция бар деп бек сенеді.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»