15 Ақпан, 2011

Халыққа қамқорлықтың шынайы көрінісі

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы жаңадан пайдалануға берілген қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасын аралап көрді Алматыға келген сайын Президент Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевтың қаладағы игі істерді аралап көріп, тындырылған жұ­мысқа баға беретін жақсы дәс­түрі бар. Бұл жолы алматы­лық­тардың бәріне белгілі жедел жәрдем ауруханасына іргелес са­лын­ған оның жаңа ғимаратын аралап көрді. Кейбір сөзуарлар Президент көретін болған соң, оны жақ­сылап салуға барын салады дейтіні бар. Тіпті, солай-ақ бол­сыншы. Әйтеуір жақсы болғаны жақсы. Бұл халықтың игілігіне арналған тамаша құры­лыс ал­ма­ты­лықтарға, республика жұрт­шы­лығына қызмет етеді. Ха­лық­қа қамқорлықтың шы­найы көрі­нісіне айналып отыр. Бұл өзі республика денсаулық сақтау ісінің бірегей ұлттық жүйе­сіне кіретін аса жоғары мамандандырылған көп салалы емдеу мекемесі болып табылады. Сонымен қатар, бұл қалалық жедел жәрдем ауруханасы еліміздің басты медициналық оқу орны – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық уни­верситетінің ғылыми-білім база­сы функциясын да атқарады. Осынау медициналық мекеме жұмысқа кіріскен соң, тәулік бойы жұмыс істейтін оның игілігін 250 мыңдай адам көретін болады. Бұған оның көп са­ла­лы­лығы да себепші. Жарақат алған­дар­ға, сондай-ақ хирургиялық, ги­не­кологиялық, нейрохирургиялық, токсикологиялық, урологиялық, тера­певтік көмек шұғыл көр­се­ті­леді. Ауруханада жатып емделуге арналған 350 төсек-орын бар. Ал мұндағы операциялық блоктың технологиясы алғаш рет Алма­тыда жүзеге асырылып отыр. Жал­пы, мұндағы емдеу-диагнос­тикалық құрал-жабдықтар ең соң­ғы еуропалық және әлемдік стандарттарға сай келеді. Бірегей емдеу мекемесін аралап көргеннен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындағы ғалымдар, жетекші мамандармен кездесті. Оларды осынау барын­ша жаңа технологиямен жаб­дық­талған ғимараттың ашылуымен құттықтап, жұмыста табысты бо­луларына тілек білдірді. «Мемлекет тарапынан денсау­лық сақтау саласына әрдайым көңіл бөлініп келеді. Бүгінде дәрі-дәрмектің 80 пайызы сырт­тан әкелінеді. Біз алдағы уақытта соның бәрін өзімізде дайын­дай­тын боламыз. Ал сіздердің та­раптарыңыздан халықты жақсы медициналық қызметпен қамта­ма­сыз ету күтіледі. Сонымен бірге, медициналық жоғары оқу орындары да жақсы мамандар даярлауы қажет. Ашылған жаңа ғимарат соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған. Осыған сәйкес халықтың ден­сау­лығын жақсартуға үлкен пайдасы тиеді деген ойдамын», – деген Елбасы сөзін жиналғандар өзде­ріне міндеттей қабылдады. Сонан соң Президент елдің денсаулығын жақсартуға бай­ла­нысты алда тұрған міндеттерге тоқталды. Сонымен бірге, Нұр­сұлтан Әбішұлы осында кел­гендердің пікірлерін де тыңдады. Әңгіме аса бір жайдары жағдайда өтті. Мамадияр ЖАҚЫП. ------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.