Ұлтын-жұртын жарты ғасыр бойы жыр жауһарына кенелтіп, жас ақыннан хас ақынға айналған аралықта, шашасына шаң жұқтырмай жүйткіген тұлпар ақын Шөмішбайдың табысы мен шабысына талғам таразысымен қарасақ, оның қазақ өлеңіне қосқан үлкен үлесіне еріксіз тәнті боласың.
Жас шайыр Шөмішбай бала кезінен Арал айдынына құлаш ұрып, өзі туып-өскен Қамбаш суын қанып ішті. Табиғатпен сырлас, тағдырласпен мұңдас болды.
Дала табиғаты, құм мінезі, теңіз толқыны ақын жүрегін тебірентпей қоймады. Аралдың ақ шағаласының шаңқылы ақынды ала таңнан оятып, теңіздің толассыз толқыны – ана алақанындай аялады.
Қамбаштағы мектеп оқушысының Арал теңізінің үстінде өткен жыр мерекесіне қатысуы – оның ақындық сапарының алғашқы қадамы болды. Қолына дәптер ұстап аттанған бала шәкірт мектепке қалам ұстап қайтты. Қаламының ұшында жыр жалыны ұшқын атып, шабыт шырағына айналды. Өлеңдері аудандық, облыстық газеттерге басылып, жас шайырдың ақын атағы бірте-бірте шыға бастады. Сөйтіп, сол кездегі ақиық ақын, Арал жыршысы Зейнолла Шүкіровтің назарына ілігіп, алғашқы өлеңдерінің тұсауын кестіріп, ақ батасын алды.
Зейнолла Шүкіровтің әлемді шарлап кеткен Шәмші әніне жазылған «Сыр сұлуы» өлеңі өн бойын жалындай шарпып, жүрегін шымырлатты. Оның әнге сұранып тұрған толқындай мөлдір, әсем жырларына жас Шөмішбай да үн қосып, бара-бара сол бір аяулы ақынға ұқсап бара жатқанын өзі де байқамай қалды. Шабытына шабыт қосып, жыр шоғын үрлей бастаған жас шайырдың жырлары елге жаңа-жаңа таныла бастаған тұс еді.
Мектептегі он жылдық оқуын ойдағыдай тәмамдап, Алматыға баруға онша асықпай, аудандық газетте қиялына ғана ерік беріп, қаламын серік етіп қамсыз жүрген жас шайырды бір күні өзі құралпы Аралдың тағы бір талантты ақыны Жарасқан Әбдірашев іздеп келіп, таныспасы бар ма? Бірін-бірі сырттай білетін балауса ақындар көрген бетте қауыша құшақ ашып, төс тақастырып табыса кетті. Сол күні қауышқан қос ақынның құшағы Жарасқан жарық дүниеден өткенше ажыраған жоқ. Өлеңі де, өмірі де бірге жұптасып, бір арнада тоғысып жатты. Соның бір айғағы – екеуі Қазақ телевидениесінің «Тамаша» ойын-сауық отауының іргесін қалады. Шаңырағын көтерісіп, уығын бірге шаншысқан шапағатты күндерді сол кездегі көрермендер әлі ұмыта қоймаған шығар.
Жақсыға жанаса білетін, кішіге қамқор, үлкенге үйір, жан адамды жатсынбайтын жайсаң ақын Шөмішбай Алматыға келген соң әдеби ортаға бірден сіңісіп, алғаусыз араласып кетеді. Келген бетте өзінің жерлес ағалары – Әбділдә Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Мүсілім Базарбаев сынды сындарлы тұлғалармен табысып, ініліктің ізгі жолын жалғастыра білді. Сол кездегі жыр дүлдүлдері Сағи, Тұманбай, Қадыр ағаларының соңына еріп, жыр жолында бірге сапар шекті, Ғафу, Сырбай ағаларынан тағылым-тәлім алып, талантын шыңдады.
Оның ең алғашқы өлеңдерінің бірі:
Жайсам деймін мол өркен,
Гүлдей арай жүрегім.
Озбау үшін көлеңкем,
Күнге қарай жүремін, – деп келетін жыр шумағы зиялы сыншы Зейнолла Қабдоловтың көзіне шалынып, жақсы жырды қалт жібермейтін қадірлі ғалымның ықыласына бөленді.
Ғалым ұстаздың назарына ілігіп, мақтау-мадаққа ие болған осынау жыр шумақтарын келе-келе жеріне жеткізіп, тылсым сыр, тың ойлармен өрнектеп, өз өрісін кеңейте түсті. Ақын тағы да сол көлеңке туралы:
Қойынына енем жердің мен ертең,
Маған лайық жер табады кең өлкем.
Менің осы тік тұра алар қалпымда,
Туған жерге аунап жатыр көлеңкем,
– дейді.
Баяғы Зейнолла Қабдолов мақтаған «көлеңкенің» керемет көрінісі өзінің классикалық үлгісінен үзілмей, тұтастық тапқан. Бұл баяғы жас шайырдың бас ақынға айналғанға дейінгі аяқ алысынан айнымай, жорға жүрісінен жаңылмай, діттеген жеріне жете білгендігін байқатады.
Біздің осы ойымызға Шөмішбайдың өзі ұстаз тұтқан тағы бір ақын ағасы – Ғафу Қайырбековтің қанатты сөзі дәлел болғандай. «Шөмішбай дауысы – айқын, азаматтық дауыс. Оның өлеңдерінен өз дәуірі, өз уақытының лебі еседі. Өз замандастарының бейнесі елестейді. Елді, жерді сүю, оның бүгінін танып, ертеңін болжау талабы көзге айқын шалынады. Бұл жағдай тек ақындық қуатпен ғана емес, білімділік пен еңбекті қосқанда ғана келсе керек. Ол үшін «талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрмелететін» құлаш, серпін керек».
Ғафекеңнің осынау қастерлі ойына кезінде М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Бекхожин секілді өз заманының сақа ақындары үн қосып, лебіз легін жалғастырған болатын.
Сөзіміз дәлелді болу үшін сол лебіздердің бір-екеуіне кезек берелік:
Әбділдә Тәжібаев: «Шөмішбай деректі көзбен көріп, қолмен ұстарлық, өз сезімімен тікелей сабақтасатын тақырыптарға келгенде айтқыр ақын... Асықпа, Шөмішбай, толдым, болдым екен деп асықпа да, масықпа. Ақын өмір бойы оқуға, өсуге міндетті, біз жетпегенге сен жет демекпін».
Ал ақын ағасы, ардагер сыншы Мұхаметжан Қаратаев не деген? «Шөмішбай Сариевтің өлеңдері табиғат, өмір суреттерін эстетикалық талғамда қабылдауымен, лирикалық кейіпкерлерінің әрі шынайылығымен әрі қарапайымдылығымен баурайды.
Дуалы ауыз сыншы Мұхаметжан Қаратаев айтқандай, лирикалық кейіпкерлерімен баурай білген Шөмішбай, міне, бүгін өз оқырманына «Поэзия падишасы – лирика» деген жыр кітабын ұсынып, сардар сыншының айтқан үдесінен шығып, елеулі еңбегін оқырмандар сарабына салып отыр.
Шетелге жиі шығатын ақынның өзге елдер жайлы өзекті жырлары оқырманды бейжай қалдырмайды. Оны осы кітапқа енген Лондон шаһарында туған жырлардан бағамдауға болады. Мәселен, оның «Лондон түні» деген өлеңіне назар аударып көрейікші:
Лондон түні шырайлы,
Көңілің қайда құлайды.
Сағынды ма жүрегім,
Елді ойлап мұңайды.
Лондон түні жұмақтай,
Аққан күні бұлақтай.
Көгімізден самғайды,
Жұлдыздары сұрақтай.
Ойлантады түнгі әлем,
Неге келдім мұнда мен?!
Кейде шалқып тасамын,
Батам кейде мұңға мен.
Құнарлы екен жері де,
Ұлы Британ елі де.
Лондон түні ұйқысыз,
Ұйықтатпайды мені де.
Бір үмітке жетерміз,
Көз ілмедік бекер біз.
Сырласамыз ұйқысыз
Лондонмен екеуміз!
Міне, осы өлеңді оқып отырып, ақынның жалпы адамзат баласына тән ұғымы, сезімі, елді, жерді алаламайтын адал көңілі өлеңнің әр жолынан айқын аңғарылып тұрғандай.
Ақын нені жырласа да, қай тақырыпты алса да ағынан жарылып, өзінің Аралымен табысқандай, Алматысымен қауышқандай әсерде болады.
Тәуелсіздік өркен жайып, ел есігі әртарапқа ашылғаннан кейін, төрткүл дүниеге көз салған ақынның тақырып аясы кеңейе түскендей. Шөмішбай жырларының өрісінің кең, тынысының мол болуы – Тәуелсіздік жылдарының жарқын келбетін көрсете отырып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бүгінгі сарабдал саясатынан туындаған көркем ойларын көрікті жырларымен кестелей білуінде. Кітаптағы Елбасы туралы топтама жырлар оқырмандарын бейжай қалдырмасы хақ.
Бұрын кеңестік кезеңде бауырлас елдер төңірегінде қалыптасқан қатаң түсініктің көбесі сөгіліп, ауқымы арта түскеніне куә боламыз. Шөмішбай бұл тақырыпқа да алғашқылардың бірі боп түрен салған.
«Поэзия падишасы – лирика» деп ат қойып, айдар таққан осынау кітап көз алдымызға көгілдір туымыздың кейпін келтіріп, мұқабасы алтынмен апталып, күміспен күптелген жыр жинағындағы өлеңдерінен лириканың лебі есіп тұр. Ендеше, біз де оқырман ойына қосылып, «Жолың болсын, жыр падишасы лирика» дегіміз келеді.
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ