13 Тамыз, 2016

ДҮБІР

306 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Rio2016_AO

Үміт пен күдік күрескен күн Бұдан бұрын Рио-де-Жа­ней­рода Қазақстан баспасөз орта­лығының ашылғанын хабарлаған едік. 11 тамыз күні осында Олим­пия ойындардың жеңім­паздары Ниджат Рахимов пен Дмитрий Баландин және күміс жүлдегер Жа­зира Жаппарқұлмен кездесу өтті. Олимпиада деле­га­ция­ларының бас­шылары қатысқан жиында Елбасының және ҰОК президен­тінің жеңімпаздарды құттықтаған жеделхаты оқылды. Жиынның соңы баспасөз мәс­лихатына ұлас­ты. Жазира Жап­парқұл Олим­пиа­дадағы үмітін Токиода орындамақ ниеті барын айтты. Ниджат Рахимовтің ойларын осының алдында жеткізгенбіз. Ал Дмитрий Баландиннің заты таза, кішіпейіл жан екені бірден көрінеді. Ол ойындар чемпионы болғанына әлі сеніңкіремей жүргенін айтады. Ең бірінші рет Олимпиадада жүлдесіне тала­суға болатындығы туралы ой Лондон ойындарына іріктеу кезін­де көңіліне ұялаған екен. Бүгін­гі жеңіс – кездейсоқтық емес, ұзақ жылдар­дағы жоспармен жат­тық­тыру­шылардың жасаған жұ­мыс­тарының жемісі. «Сондықтан тек өзім­нің еңбегіммен жеттім деп айта ал­маймын. Елбасымыз үлкен спортқа қатты мән береді. Нұр­сұлтан Әбішұлының қамқорлығын үнемі сезініп отырамыз», – деді ол. ералиев-1– Ақтық жарыста маған ең соңғы сегізінші жолақта жүзуге тура келді, –дейді Дмитрий. – Ра­сын айтсам, алғашқыда бұл маған ұнамады. Басқалар бір-бірімен қарайлас жүзгенде, қатарыңдағы қарсыласыңды көрмей, жалғыз жүзу қиын сияқтанған. Кейін пайдасын көрдім. Жалғыз жүзгенде, қарсыласым қалай жүзіп келеді деп алаңдамайды екенсің, ойыңда тек қана көрсеткішіңді жақсарту ғана, бар күшіңді соған саласың. Мәреге келгенде қарасам, менің тұсымда бірінші деген жазу жанып тұр. Бастапқыда басыма келген ой, соңғы жолақта жүздім, сосын жанып тұр дедім. Кейін өзгелер келіп құттықтай бастағанда ғана мәреге бірінші келгенімді түсіндім. Бұл күні үмітіміз дзюдошы Максим Раковта болған. Дзюдо күресінен Қазақстан тарихына алғаш рет әлем чемпионатының «алтынын» алып берген спортшы туралы жаман айтуға тіліміз бұралмайды. «Осы жолы аянбайды», деп еді бапкері Талғат Байшолақов. Кейінгі жылдары жолы оңғарылмай жүрді, мүмкін осы жолы деп ойлағанымыз рас. Болмады. Бірінші белдесуін шидомен ұтты. «Екіншісінде шидомен ұтылды» деп қоя салсақ та болар еді, егер ол ескертумен ұтылған чех Лукаш Крапетяк соңынан Олимпиада чемпионы болмағанда. Ал екеуі күрескенде белсенділік Раков жағында болған. Реферидің кәлласында қандай ой болғанын қайдам, қайта-қайта тырбаңдап әдіс жасап жатқан Максимге бір емес, екі шидо ұстатып жіберді де, чехты су тигізбей келесі кезеңге өткізді. Қалай қүймейсің. Максимнің асуынан асқан чех чемпион болып шыға келді. Сол күні шаршы алаңға шыққан төрт боксшымыздың біреуі орта жолда қалды. Құрамадағы ең жас атлет – Абылайхан Жүсіповті даңқты боксшымыз Серік Сәпиев қола медальға қол жеткізбей тізгін тартпайды деп еді. Жырынды ағылшын боксшысы Пэт Маккормак алдына кесе-көлденең тұрып, әрі қарай өткізбеді. Абылай, сөз жоқ, талантты жігіт. Жылдам. Классикалық мәнерде бокстасады. Бірақ көргені көп Пэт Абылайдың ойындағысының барын оқып қойды, алдын алып отырды. Бұл Абылай үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Қайрат Ерәлиев ұнады. Қарсыласы – әзербайжан Джавид Челебиевпен бұдан бұрын, 2013 жылы Алматы рингінде кездескен. Әлем чемпионатының жартылай финалында қонақтың жолы болып кеткен. Соған дейін құрығанда, өз елінің де чемпионы да болып көрмеген, еш атағы жоқ Челебиев Бакуге әлем чемпионы болып оралған. Ал бұл жолы Қайрат оған түк істетпеді. Шаршы алаңға шақырып, қалауынша ұрды. Оның соққыны жаңбырдай жаудырған қарсыласына алдырмай қойғанының өзі бір керім. Расын айтсақ, бүгінгі жанкүйерге осындай бокс ұнайды. Сөйтіп, Қайрат күмәнсіз ұтты. Бұдан әрі Данияр Елеусінов пен Әділбек Ниязымбетовке де кезек келді. Екеуі де рингте өте сенімді жүрді. Данияр ұлыбританиялық Джон Келлиді артық қимылға жеткізбеді. Үнемі бірер соққысы алда жүрді. Мұның бәрі команда капитанының тактиканы дұрыс ұстанғанын көрсетті. Тап осындай тәсіл белорус Михаил Долголевецпен жұдырықтасқан Әділбектің де бойынан табылды. Сондықтан екеуі де жекпе-жектерін 3:0 есебімен аяқтай білді. Бұлар осы күн 1/8 финалдық шайқастарын өткізсе, Қайрат 1/16 финалда күш сынасты. Енді бұлардың алдыңғылары келесі ұрыстарын сәтті өткерсе, медальге қол жеткізе алады. Үміт пен күдік тайталасқан бір күн осылай өтті. Жүлделер жиынтығы (12 тамыздағы мәлімет)
Құрамалар Алтын Күміс Қола Барлығы
1 АҚШ 16 12 10 38
2 Қытай 11 8 11 30
3 Жапония 7 2 13 22
4 Австралия 5 4 6 15
5 Оңтүстік Корея 5 2 4 11
6 Венгрия 5 1 1 7
7 Ресей 4 8 7 19
8 Ұлыбритания 4 6 6 16
9 Германия 4 3 1 8
10 Италия 3 6 3 12
11 Франция 2 4 5 11
12 ҚАЗАҚСТАН 2 2 3 7
38 Украина 0 2 1 3
39 Әзербайжан 0 2 0 2
42 Грузия 0 1 1 2
42 Литва 0 1 1 2
48 Өзбекстан 0 0 2 2
42 Қырғызстан 0 0 1 1
42 Эстония 0 0 1 1

ниджатРахимовтің жеңісі

Атырау жастары арасында тойланып өтті

Атырау жұртшылығы ауыр атлет Ниджат Рахимовтің дүбірлі дода алаңына шығар сәтін тағатсыздана тос­ты. Былайғы жұртқа зілдей көрінген штанганы белі қайыспай көтереріне сенді. Толағайдай тарлан ұл тек атыраулықтардың ғана емес, барша қазақстандықтың үмітін ақтағанына шын жүрегімен қуанды. Дәл қазір мұнайлы өңір тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Көшеде де, қоғамдық көлікте де бір-бірімен қуанышын бөлісушілер, тіпті, «Егеменнің» тілші қосынына да телефон шалушылар көп. Енді мұнайлы өңір тұрғындары Ниджат Рахимовтің елге оралуын асыға күтіп отыр. Елдің мерейін тасытқан ақжолтай қуанышқа қуанған жастардың бір шоғыры «Жайық» спорт кешеніне жиналды. Араларында спортшылар да, қоғамдық белсенділер де, студенттер мен жұмысшылар да бар. Мақсаттары – Қазақстанның еншісіне алғашқы алтын медальды салған Ниджат Рахимовке деген ризашылығын білдіру, қуанышты бөлісу. – Ниджат зілтемір көтеруге шық­қан сәтінде тақымымызды қысып отырдық. Сайыс соңына таяған тұста алтын медаль Қытай спортшысының уысында жатты. Сол сәтте Ниджат тәуекелге бел буып, 214 кило зіл­те­мірді көтеруге бет алды. Сөйтіп, алғашқы талпынысында алған межеге 12 кило салмақ қосты. Абырой бол­ғанда оны еңсеріп кетті, деді Бей­жің және Лондон Олимпиадасына қатысқан танымал дзюдошы Ринат Ибрагимов. Атырауда Ниджат секілді ауыр атлетиканы серік етуге бекінген жас буын өкілдері көп. Соның бірі – Анастасия Бурова. Спорттың осы түрін таңдағанына 4 жыл болған оның жетістігі аз емес. Жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанып үлгерген. Жасөспірімдер арасында өткен Еуразия ойындарында жүлдегер де болған. Енді Олимпиялық ойындар чемпионы болуды армандайтын ол Ниджат Рахимовтің жетістігі үшін қуанышты екенін айтады. «Олимпиада – спортшылар үшін емтихан. Осы сында жерлесіміз мүмкін еместей көрінетін рекордты жасады. Біз енді Ниджаттай чемпион болғымыз келеді», дейді ол. – Ниджаттың мінезінде жеңіске ұмтылыс пен жігер басым, бұл – спортшы үшін ең басты қажеттілік. Біз оның еңбекқорлығына қы­зығатын едік. Және оған сендік. Ниджат үмі­тімізді ақтады, енді оны ауыр атле­тикаға ынта таны­татын жастарға үлгі етеміз, – дейді Қазақстанға келген кезде алғашқы жаттықтырушысы болған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тахир Халматов. Қазір Тахир Халматов жаттық­тыратын 11 жасар Ахмет Фазылов пен 12 жастағы Никита Ефремов Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимовті үлгі тұтатынын жасырмайды. «Біз де Олимпиада чемпионы болғымыз келеді», дейтін қос өреннің бірі – Никита қазір қоссайыста 85 кило зілтемірді көтеріп жүр. Кім білген, бәлкім, Атыраудағы ауыр атлетика мектебінен Ниджат секілді чемпиондар шығып қалар... Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ Great Britain's Josh Kelly (R) celebrates winning against Egypt's Walid Mohamed during the Men's Welter (69kg) match at the Rio 2016 Olympic Games at the Riocentro - Pavilion 6 in Rio de Қаңeiro on Тамust 8, 2016. / AFP PHOTO / Yuri CORTEZ

Аиба аруы

Бүгінгі күнде Рио-2016 Олим­­пиадасындағы бокс додасын қы­зықтаған жұрттың аузында – қазақстандық ару арбитр Наталья Цойдың есімі. Тотыдайын таранған төрешінің әсем мүсіні, көз суырған келбеті, ең бастысы – өз ісін жоғары деңгейде меңгерген кәсіби біліктілігі адам баласын өзіне баурамай қоймайды... Біздің кейіпкеріміз Қара­ғандыда орта мектепті бітірген соң, Ом­быдағы милиция академиясына оқуға түскен. Ең­бек жолын Қарағандыдағы ІІМ мектебінде бастап, курсанттарға дәріс оқыды. Сөйте жүріп, ғы­лымға ден қояды. Кандидаттық диссертациясын Мәскеудегі ІІМ ғылыми-зерттеу инс­титутында қорғаған. Ресейде алған заң ғылымдарының кандидаты атағы кейінірек Қазақстанда сертификаттан өтіп, құқықтану докторы дәрежесіне ие болды. Полиция капитаны шенін де осы жерде қызмет етіп жүріп алған. Осының бәріне ол таза еңбек, табанды ізденіспен жеткен еді. Ғылыммен айналыса жүріп, Наталья Цой Бразилия, Марокко, Қытай, Ресей және Қазақстанда өткен бокс турнирлеріне төрешілік жасауға да уақыт тапты. 2012 жылы ару қыз Қазақстанның ең үздік арбитрі атанып, төрешілік жұмысқа біржолата бет бұрды. Қазіргі таңда ол АИБА-ның үш жұлдызды штрихы бар халықаралық дәрежедегі төрешісі. Ал бұл салада әлем бойын­ша ең жоғары деңгей – бес жұл­дызды штрихты иемденген жеті-ақ адам бар екен. Бүгінгі күн­де олардың бәрі де АИБА-да нұсқаушы болып қызмет етеді. «Бала кезімде сән биімен әуес­тендім, – дейді Наталья Цой. – Кере­мет ұнайтын, биге икемім де болды. Серіктесім екеуміз жұптасып, бірқатар жарыстарда жүлде алып та жүрдік. Сөйтіп жүргенде, ол басқа жаққа кетіп қалды. Ал менің аңсарым біртіндеп спортқа, оның ішінде жекпе-жек түрлеріне ауа бастады. 11-сыныпта жүргенімде кеш те болса таэквондоға бардым. Арасында кикбоксингтің қыр-сырымен де таныса жүрдім. Сөйтіп жүріп, ақыры қыздар боксына келдім». Бокстағы жаттықтырушысы атақты Эдуард Матросов болды. Ең алғашқы ірі жарысы – 2005 жылы өткен Қазақстан чемпионатында бірінші орын алып, «спорт шебері» атағына қол жеткізді. 2006 жылы бокстан кеткеннен кейін төрешілік қызметте бағын сынап көрді. Ал­ғаш рет Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған турнирде қазылық етіп, өзіне бейтаныс әлемнің табалдырығын имене ат­таған. Міне, осыдан кейін жолы ашылып, бағы жанып жүре берді. Үндістанда өткен қыздар арас­ын­дағы әлем чемпионатына, Польша мен Ресейдегі халықаралық турнирлерге шақырту алды. Жекпе-жекке төрелік ету айт­қанға ғана оңай. Мәселен, кейде қызуқанды жанкүйерлер құлақ тұндырар қиқуға басып, өз бокс­шысына өлермендікпен қолдау көрсетіп жатады. Мұндайда селт етіп, сыр берсең – опық жегенің! Кейде боксшының атақ-даңқы да көңілді ұйқы-тұйқы етіп кетуі әбден мүмкін. Ал кейбір жағдайда бірінші разрядты боксшы спорт шеберін ұтып кетіп жатады. Биыл Наталья Цойға үлкен сенім артылып, ол Астанада өткен қыздар арасындағы әлем чемпионатында төрелік ету бақытына ие болды. Қара қылды қақ жарған әділдігімен көзге түсіп жүрген ару қыз бұл сыннан сүрінбей өтті. Төрешілер арасындағы чемпионаттың гүлі болды десек те болады. Нәтижесінде ол Рио Олимпиадасында қызылық ету мәртебесіне ие болып, дәл қазіргі уақытта өзінің жұлдызды шағын бастан кешуде. Азиядан тұңғыш болып АИБА төрешісі атанған ару қызды қара­ғандылық жерлестері орынды мақтан етеді. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ

Ермахан Ыбырайымов: «Боксшыларымыздың чемпион болуға мүмкіндігі бар»

Сидней Олимпиадасының чемпионы, даңқты боксшы Ерма­­хан Ыбырайымов Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олим­пиадада біздің былғары қолғап шеберлерінің алтын медаль алуға мүмкіндігі бар еке­нін айтты. Сондай-ақ, ол аса ауыр салмақтағы Иван Дыч­коның әзербайжан боксшысы Маго­медрасул Меджидовті жеңе алатынына да сенім білдірді. – Биылғы Олимпиадаға еліміз­дің ұлттық құрама командасы жақсы дайындалды. Спорт, бокс болған соң, жеңістермен бірге жеңілістер де болады. Бұл барлық спортшылардың басынан өтетін жағдай. Алдымен Берік Әбдірахманов, Біржан Жақыпов, Абылайхан Жүсіпов туралы айтсам, олардың қарсыластары жеңісті жұлып әкетті. Үшеуінің де қарсыластары жылдам әрі сергек болып көрінді. Берікпен шаршы алаңда қолғап түйістірген боксшының техникасы жақсы екен. Әбдірахмановтың бұл соңғы мүмкіндігі еді. Ол соны пайдалана алмады. Боксшы өзіне сенімсіздеу сияқты көрінсе, қарсыласы соны байқап, жеңіске жетуге тырысады. Біржан Жақыпов боксшы үшін жас емес. Олимпиада, басқа жарыстар болсын 49 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде негізінен жастар өнер көрсетеді. Хасанбой Дусматовты Біржаннан тым жас деп айта алмаймын. Дегенмен, ол Жақыповтан жылдам көрінді, – деді ол. Сонымен бірге, Ермахан Ыбы­райымов биылғы Олимпиада Абылайхан Жүсіповтің төрт жылда бір келетін додадағы алғашқы жарысы болғанын, енді оның осы қарқыннан таймай, тек алға жүру керектігін айтты. «Абылайхан алдағы кезде тәжірибесін арттыра берсе, келесі Олимпиадада жүлдеге таласа алады», дейді ол. Сидней Олимпиадасының чемпионы өзіне Василий Левит­тің боксы ұнағанын жасырмады. Ол Левиттің алтын жүлде алуға барлық мүмкіндігі бар еке­нін, жартылай финалда кубалық Эрисланди Савонды жеңуге күш салатынын айтты. «Бұл жекпе-жек Левит үшін оңай болмайды. Менің ойымша, боксшымыз финалға шығу үшін барын салады. Олимпиада – не бүк, не шік болатын жарыс. Олимпиадаға келдің бе, соған қатысып жатырсың ба, соңына дейін күш-жігеріңді жұмсау керек. Қазір Левит жартылай финалға шығып, медаль алып тұр. Десек те оған бұл аз. Ол соны түсінеді», дейді Ыбырайымов. Сол сияқты ол Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Жәні­бек Әлімханұлы мен Иван Дыч­коның медаль алатын жақсы мүмкіндіктері бар екенін ескертті. «Бұл жігіттердің бәрі тәжірибелі боксшылар. Олар алтын медаль ала алады», дейді ол. Ал Иван Дычко мен Магомедрасул Меджидовтің кездесуі туралы бокс маманы мынаны айтты. – Екеуі осымен үшінші рет кездесейін деп жатыр. Алғаш рет 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында айқасқан еді. Сол кезде Меджидов Дычконы жеңген. Одан кейін 2013 жылы Алматыда өткен әлемдік додада әзербайжан тағы да ұтты. Енді үшінші кездесуде Иван өзіне артылған сенімді ақтап шығады деймін. Қазір оның тәжірибесі толысқан, дене бітімі де қарсыласымен келіскен. Осы жекпе-жекте Дычко жеңеді деп ойлаймын, – деді Ермахан Ыбы­райымов. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» Бет қатталып жатқанда: Олимпиадада 75 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан Жәнібек Әлімханұлы кезекті жеңіске жетіп, ширек финалға шықты. Бұл жолы ол алжирлік Ильяс Аббадиді 3:0 есебімен айқын жеңді.