2016 жылғы 28 сәуір , Астана қаласы
Жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жүзеге асыру кезінде делдалдық қызметтер көрсететін дара кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға арналған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы
«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 3-2-тармағына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жүзеге асыру кезінде делдалдық қызметтер көрсететін дара кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға арналған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті (С.С.Айсағалиева) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінен алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Б. СҰЛТАНОВ
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 28 сәуірдегі
№205 бұйрығымен бекітілген
Жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жүзеге асыру кезінде делдалдық қызметтер көрсететін дара кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға арналған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы Жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жүзеге асыру кезінде делдалдық қызметтер көрсететін дара кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға арналған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) және Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (бұдан әрі – ФАТФ) халықаралық стандарттарына сәйкес әзірленген.
2. Осы Талаптарда қаржы мониторингінің субъектілеріне жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жүзеге асыру кезінде делдалдық қызметтер көрсететін дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар (бұдан әрі – Субъектілер) жатады.
3. Талаптар мақсатында мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операцияларды тоқтатып қою – Субъектілердің терроризм және экстремизмді не олардың пайдасына қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне кіретін ұйымдардың немесе жеке тұлғаның, осындай жеке тұлға бенефициарлық меншік иесі болып табылатын клиенттің не оның пайдасына ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операцияларды жүргізуден бас тарту жолымен қабылданатын шаралар;
2) клиент – Субъектінің қызметтерін алатын жеке немесе заңды тұлға;
3) қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпараттың нысаны – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 1484 қаулысымен бекітілген Қаржы мониторингі субъектілерінің қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпарат беру қағидаларымен айқындалған нысан (бұдан әрі – ҚМ-1 нысаны);
4) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері – Субъектілерді қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру процестеріне немесе өзге де қылмыстық істерге қасақана немесе байқаусыз тарту мүмкіндігі;
5) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқару – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру мониторинг, тәуекелдерді айқындау, сондай-ақ оларды төмендету бойынша Субъектілер қабылдайтын шаралар жиынтығы (қызметтерге, клиенттерге қатысты);
6) уәкілетті орган – Заңға сәйкес қаржы мониторингiн жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жөнiндегi өзге де шараларды қабылдайтын мемлекеттiк орган.
4. Ішкі бақылау:
1) Субъектілердің Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (бұдан әрі – АЖ/ТҚҚ) туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындауды қамтамасыз ету;
2) ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмдi қаржыландыру (бұдан әрі – АЖ/ТҚ) тәуекелдерін басқару үшін жеткілікті деңгейде қолдау;
3) АЖ/ТҚҚ тәуекелдерін төмендету мақсатында жүзеге асырылады.
5. Субъектілер ішкі бақылау қағидаларын (бұдан әрі – ІБҚ) ұйымдастыру және сақтау бойынша жауапты лауазымды тұлғаларды белгілейді.
6. Субъектілердің ІБҚ және оны жүзеге асыру бағдарламаларын әзірлеу, қабылдау және (немесе) орындау жөніндегі міндеттерді орындамауы бөлігінде АЖ/ТҚҚ туралы заңнаманы бұзуы 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 214 бабының 2 тармағына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
7. ІБҚ АЖ/ТҚҚ-ға бағытталған жұмыстың ұйымдық негіздерін реттейтін және Субъектілердің АЖ/ТҚҚ мақсатында іс-әрекет жасау тәртібін белгілейтін құжат болып табылады.
8. Заңның 11-бабының 3-тармағына сәйкес ІБҚ мынадай:
АЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасын;
технологиялық жетістіктерді пайдалану тәуекелін қоса алғанда, клиенттердің тәуекелдерін және көрсетілетін қызметтерді қылмыстық мақсаттарда пайдалану тәуекелдерін ескеретін, АЖ/ТҚ тәуекелін басқару бағдарламасын;
клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасын;
клиенттердің күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларын зерделеуді қоса алғанда, клиенттердің операцияларына мониторинг жүргізу және оларды зерделеу бағдарламасын;
қаржы мониторингі субъектілерінің қызметкерлерін АЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасын;
ІБҚ-ға сәйкес қаржы мониторингі субъектілері әзірлейтін өзге де бағдарламаны қамтиды.
9. АЖ/ТҚҚ туралы заңнамаға өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, Субъектілер күнтізбелік 30 күн ішінде ІБҚ-ға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
2-бөлім. Ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы
10. Ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы:
1) АЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру барысында Субъектілер қызметін сипаттауды қоса алғанда ішкі бақылауды ұйымдастыру тәртібінен;
2) ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операция жасаудан бас тарту тәртібі Заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1), 4) және 6) тармақшаларында көзделген шараларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда, клиентпен іскерлік қатынасқа тыйым салу және тоқтату жөніндегі шараларды қабылдау, Заңның 5-бабы 3-тармағының 6) тармақшасында көзделген шараларды қабылдау мүмкін болмаған жағдайда жеке немесе заңды тұлғаға іскерлік қатынастарды орнатудан бас тарту тәртібінен;
3) зерделеуге жататын күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларды Субъектілердің күдікті операция ретінде тану тәртібінен;
4) уәкілетті органға мәліметтерді, ақпаратты және құжаттарды беру үшін қолданылатын автоматтандырылған ақпараттық жүйелер және бағдарламалық қамту жұмысының нұсқамалары мен регламенттерін қоса алғанда, уәкілетті органға қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты, клиентпен іскерлік қатынастар орнатудан бас тарту, клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтату, ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операция жүргізуден бас тарту фактілерін беру тәртібінен;
5) клиенттің дерекнамасын және онымен хат-хабар алмасуды қосқанда, клиентті тиісінше тексеру нәтижелері бойынша алынған құжаттар мен мәліметтерді, қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операциялар, сонымен қатар күдікті операциялар туралы құжаттар мен мәліметтерді, сондай-ақ барлық күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларды зерделеу нәтижелерін тіркеу және сақтау тәртібінен тұрады.
Қаржы мониторингіне жататын және уәкілетті органға берілетін операцияларды құжаттық тіркеу нөмірленген, тігілген, Субъектілердің қолымен және мөрмен бекітілген қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер есебінің журналында жазылады.
Қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер есебінің журналында:
уәкілетті органға ақпаратты беру күні мен нөмірі;
хабарлама беру негізі;
уәкілетті органның ҚМ-1 нысанын қабылдағаны/қабылдамағаны туралы хабарламаның нөмірі мен күні.
11. Ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес Субъектілердің функциялары:
1) ІБҚ-ға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді;
2) Заңға сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты уәкілетті органға беруді ұйымдастыруды және бақылауды;
3) клиент операцияларын күдікті ретінде тану туралы шешімдер қабылдауды;
4) клиент операцияларын күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларға жатқызу туралы шешімдер қабылдауды;
5) клиент операцияларын тоқтату не жүргізуден бас тарту және уәкілетті органға жіберу қажеттігі туралы шешімдер қабылдауды;
6) клиенттермен іскерлік қатынастар орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешімдер қабылдауды;
7) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің операцияларына қатысты қабылданған шешімдерді құжаттық тіркеуді;
8) ІБҚ-ны іске асыру барысында алынған деректер негізінде клиенттің дерекнамасын қалыптастыруды;
9) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды;
10) клиенттің дерекнамасын және онымен хат-хабар алмасуды, қаржы мониторингіне жататын операциялар, оның ішінде күдікті операциялар, сондай-ақ барлық күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларды зерделеу нәтижелері туралы құжаттар мен мәліметтерді қоса, клиентті тиісінше тексеру нәтижелері бойынша алынған құжаттар мен мәліметтерді клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтатқан күннен бастап кем дегенде бес жыл сақтау жөніндегі шараларды;
11) АЖ/ТҚҚ туралы заңнамаға сәйкес өзге де қызметтерді қамтамасыз ету.
12. Субъектілер жүктелген функцияларға сәйкес:
1) өз қызметін жүзеге асыру барысында алынған ақпаратты құпия сақтауды қамтамасыз етеді;
2) АЖ/ТҚҚ туралы заңнаманың орындалуын бақылауды жүзеге асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға ақпарат береді;
3) Заңның 10-бабының 3-1-тармағына сәйкес уәкілетті органға оның сұратуы бойынша қажетті ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды ұсынады.
13. Субъект және оның қызметкерлері клиенттер мен өзге де тұлғаларға осындай клиенттер туралы және олар жасайтын операциялар туралы ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды уәкілетті органға бергені туралы хабарламайды.
3-бөлім. АЖ/ТҚ тәуекелін басқару бағдарламасы
14. АЖ/ТҚ тәуекелін басқару бағдарламасы Субъектілердің тәуекел деңгейін бере отырып АЖ/ТҚ-мен байланысты ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен клиенттің операциялар жасау тәуекеліне бағалау жүргізуін көздейді.
Тәуекелдер деңгейі клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қолда бар мәліметтер негізінде қалыптастырылады.
Тәуекелдерді бағалау нәтижелері құжаттық тіркеледі және тиісті мемлекеттік органдар мен Субъектілер мүше болып табылатын коммерциялық емес ұйымдардың талап етуі бойынша беріледі.
Клиентке берілген тәуекелдер деңгейі қажеттілігіне қарай, алайда жылына кемінде бір рет қайта қаралады.
15. АЖ/ТҚ тәуекелін басқару бағдарламасында тәуекелдің жоғары деңгейі:
1) мынадай:
ФАТФ ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткілікті орындамайтын;
жемқорлық немесе өзге де қылмыстық әрекеттері жоғары деңгейдегі;
Біріккен Ұлттар Ұйымы (әрі – БҰҰ) салатын санкцияларға, эмбарго және сол сияқты шараларға ұшыраған;
террористік (экстремистік) әрекеттерді қаржыландыратын немесе қолдау көрсететін және белгіленген террористік (экстремистік) ұйымдары бар;
Осындай мемлекеттердің тізбесіне (аумақтардың) БҰҰ-ның және халықаралық ұйымдардың деректері бойынша сілтемелер уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
2) мынадай жағдайларда клиентке:
клиент шетелдiк жария лауазымды тұлға болып табылған;
клиент жария халықаралық ұйымның лауазымды тұлғасы болып табылған;
клиент шетелдiк жария лауазымды тұлғаның мүддесіне (пайдасына) әрекет ететін тұлға болып табылған;
клиент шетелдiк жария лауазымды тұлғаның зайыбы, жақын туысы болып табылған;
клиент (оның өкілі) не бенефициарлық меншік иесі не клиенттің контрагенті операция бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6058 болып тіркелген «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының мақсаттары үшін Оффшорлық аймақтар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрі міндетін атқарушының 2010 жылғы 10 ақпандағы № 52 бұйрығымен (бұдан әрі – Бұйрық) бекітілген оффшорлық аймақтар тізбесіне енген мемлекетте (аумақта) тіркелген немесе қызметін жүзеге асырған;
клиент Заңның 12-бабына сәйкес Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енген;
клиент азаматтығы жоқ тұлға болып табылған;
клиент Қазақстан Республикасында тіркелген немесе келген мекенжайы болмаған Қазақстан Республикасының азаматы болып табылған;
клиент резидент емес болып табылған;
клиентпен іскерлік қатынас ерекше жағдайларда (мысалы, Субъекті мен клиенттің арасында өте үлкен түсініксіз географиялық арақашықтық бар) жүзеге асырылған;
клиенттің қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты;
клиент берген мәліметтерді тексеру кезінде Субъектіде қиындықтар пайда болған;
клиент асығыс операция жүргізуді талап еткен;
клиент пайдаланылуы Субъектінің әдеттегі тәжірибесінен айрықшаланатын, стандартты емес немесе есеп айырысудың әдеттегіден ерекше күрделі схемаларын жүргізуді талап еткен;
клиент жаңа және дамып келе жатқан технологиялар сияқты жаңа, сондай-ақ іс жүзінде бар өнімдерге жаңа механизмдер беруді қоса алғанда жаңа өнімдерді және жаңа іскерлік тәжірибені пайдаланған;
клиент қаржы мониторингі рәсімдерінен жалтаруға бағытталған іс-қимыл жасаған;
клиент коммерциялық емес ұйым болып табылған;
клиенттің операциялары бұрын күдікті деп танылған;
АЖ/ТҚ-ның жоғары тәуекелімен байланысты клиент туралы өзге де ақпарат болған жағдайда;
3) операциялар:
қолма-қол есеп айырысуды қоса алғанда, жасырын банк шоттарымен немесе жасырын, ойлап табылған есімдерді пайдаланумен байланысты;
айқын экономикалық мәні жоқ немесе анық қойылған заңды мақсаты жоқ;
тараптардың жеке қатысуынсыз жүзеге асырылатын; белгісіз немесе байланысты емес үшінші тұлғаның пайдасына оның атынан жүргізілген;
клиентке тән емес жиілікпен жүргізілген;
ерекше ірі сомаға жүргізілген;
АЖ/ТҚ-ның жоғары тәуекелі туралы ақпарат болған жағдайда беріледі.
АЖ/ТҚ тәуекелінің жоғары деңгейі берілген клиенттерге Заңның 5-бабы 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген шаралары қолданылады.
Тәуекелінің жоғары деңгейі берілмеген клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қолда бар мәліметтер негізінде клиенттерге тәуекелдің төмен деңгейі тағайындалады және Заңның 5-бабы 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің жеңілдетілген шаралары қолданылады.
4-бөлім. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы
16. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы Субъектілердің клиент жүзеге асырған операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтерді қоса алғанда, клиенттер (олардың өкілдері) және бенефициарлық меншік иелері туралы бұрын алынған мәліметтерді анықтау, жаңарту бойынша іс-шараларды жүргізуі болып табылады және:
1) Заңның 5-бабының талаптарына сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тиісінше тексеру жөніндегі шараларды сақтау;
2) Заңның 5-бабы 3-тармағының 6) тармақшасына сәйкес клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің анықтығын тексеру;
3) Заңның 12-бабына сәйкес Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде көзделгендей клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне қатысты олардың терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысы болғандығы немесе жоқтығы;
4) Заңның 8-бабының талаптарына сәйкес клиенттiң шетелдiк жария лауазымды тұлғаға, оның отбасы мүшелеріне және жақын туыстарына жататынын және (немесе) қатыстылығын тексеру;
5) сәйкесінше тіркеуі, тұратын жері немесе орналасқан жері бар клиенттерді анықтау:
ФАТФ ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткілікті орындамайтын мемлекетте (аумақта) не Заңның 4-бабы 4-тармағының 4) тармақшасына сәйкес көрсетілген мемлекетте (көрсетілген аумақта) тіркелген банктегі шоттарды пайдаланушы;
Бұйрықпен бекітілген оффшорлық аймақтарда;
6) болжамдалатын мақсаттар мен іскерлік қатынастар сипатын белгілеу.
АЖ/ТҚ тәуекелінің жоғары деңгейі бар клиент үшін болжамдалатын мақсаттар мен іскерлік қатынастар сипатын белгілеу кезінде жасалатын операциялардың қызмет түрі мен қаржыландыру көзі туралы қосымша мәліметтер сұратылады. АЖ/ТҚ тәуекелінің төмен деңгейі бар клиент үшін болжамдалатын мақсаттар мен іскерлік қатынастар сипатын белгілеу клиент операцияларының сипаты негізінде анықталады.
7) тәуекелдерді басқару бағдарламасына сәйкес клиентті тиісінше тексеру бойынша берілген тәуекел деңгейіне қарай клиентке шара қолдану;
8) клиенттерді сәйкестендіру нәтижелері бойынша алынған мәліметтерді клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы сәйкестендіру мәліметтерінің өзгеруіне қарай, алайда жылына кемінде бір рет жаңарту бойынша рәсімдерді қамтиды.
АЖ/ТҚ тәуекелінің жоғары деңгейі бар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту кем дегенде жарты жылда бір рет жүзеге асырылады. АЖ/ТҚ тәуекелінің төмен деңгейі бар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту кем дегенде екі жылда бір рет жүзеге асырылады.
Клиентке іскерлік қатынастарды орнатудан және ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операция жасаудан бас тартылған жағдайда, Заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1), 4) және 6) тармақшаларында көзделген шараларды қабылдау, сондай-ақ ақшамен және (немесе) өзге мүліктен операцияларды тоқтату бойынша шараларды қабылдау мүмкін болмаған жағдайда, сондай-ақ Субъектілер уәкілетті органға осындай бас тарту фактісі туралы ҚМ-1 нысаны бойынша хабарлама жібереді.
Заңның 5-бабы 3-тармағының 6) тармақшасында көзделген шараларды қабылдау мүмкiн болмаған жағдайда, сондай-ақ клиент жасайтын операцияларды зерделеу процесінде клиент іскерлік қатынастарды АЖ/ТҚ мақсатында пайдаланады деген күдік туындаған жағдайда, Субъектілер клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтатады. Егер іскерлік қатынастар жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылса, Субъектілер уәкілетті органға ҚМ-1 нысаны бойынша хабарлама жібереді.
5-бөлім. Клиенттердің күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларын зерделеуді қоса алғанда, клиенттердің операцияларына мониторинг жасау және зерделеу бағдарламасы
17. Субъектілер
1) Заңның 4-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген;
2) Заңның 4-бабының 3-тармағында көрсетілген;
3) Заңның 4-бабының 4-тармағында көрсетілген операцияларды анықтауды қамтитын, клиентердің күрделі, ерекше ірі және басқа да операцияларын зерделеуді қоса алғанда және клиенттердің операцияларына мониторинг жасау және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.
18. Субъект клиентке АЖ/ТҚ тәуекелінің жоғары деңгейін берген жағдайда жоспарланған немесе жүргізілген операциялардың себептерін анықтау мақсатында клиенттің аталған Субъектіде жүргізген барлық операцияларын қосымша зерделейді және одан әрі тексеруді талап ететін операциялардың сипатын анықтайды.
Субъект клиентке АЖ/ТҚ тәуекелінің төмен деңгейін берген жағдайда клиенттің ағымдағы операциясын зерделейді.
19. Мониторинг бағдарламасын іске асыру және клиенттердің операцияларын зерделеу шеңберінде алынған мәліметтер құжаттық расталып тіркеледі және клиенттің дерекнамасына енгізіледі.
20. Заңның 4-бабы 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген клиенттің анықталған операциялары туралы мәліметтер мен ақпараттар уәкілетті органға ҚМ-1 нысаны бойынша ұсынылады.
21. Субъектілер міндетті зерделеуге жататын операциялар туралы хабарламаны осындай операция күдікті ретінде танылған күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешiктiрмей уәкілетті органға ұсынады.
б-Бөлім. АЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасы
22. АЖ/ТҚҚ мәселесі бойынша даярлау және оқыту бағдарламасы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10001 болып тіркелген «Қаржы мониторингі субъектілерін қызметкерлерді даярлау және оқыту бойынша қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 533 бұйрығымен бекітілген қызметкерлерді даярлау және оқыту жөнінде қойылатын талаптарға сәйкес әзірленеді.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 2 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №13763 болып енгізілді.