Сурет: baq.kz
Атап айтқанда, 46 және 62-баптардың бастапқы редакцияларында негізгі тағайындауларды қайта келісуден бас тартылған жағдайда Құрылтайды тарату мүмкіндігі қарастырылған еді. Алайда бұл норма «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына толық сәйкес келмейді.
Қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілер мен сарапшылар ортасында Құрылтайды тарату негіздері кеңінен талқыланды. Осыған байланысты «Amanat» партиясы фракциясы 46 және 62-баптардағы «Президент таратады» деген тұжырымдаманы «Президент таратуға құқылы» деп өзгерту туралы ұсыныс енгізіп отыр. Бұл түзету Құрылтайды жасанды түрде тарату және саяси дағдарыс туындату мүмкіндігін болдырмауға бағытталған. Ұсынылған нақтылау – мемлекеттік жүйені іштен шайқалудан, жасанды келіспеушілік арқылы оның жұмысын тоқтатудан және елді ұзаққа созылған институционалдық дағдарысқа тартуға тырысудан сақтандырудың бір түрі. Аталған өзгерістер реформалардың жалпы логикасына және «Әділетті Қазақстан» моделіне сәйкес келеді.
Сондай-ақ комиссия мүшелеріне 62-баптың екінші тармағына «Президент ұсынған кандидатураны тағайындау» деген тұжырымның орнына «Президент ұсынған әрбір кандидатураны тағайындау» деген нақтылауды енгізу ұсынылады. Бұл нормадағы құқықтық әркелкіліктерді жоюға және оның мазмұнын біріздендіруге мүмкіндік береді.
Қазақстан халықаралық тәжірибеде кеңінен танылған және түсінікті Вице-президент институтының моделін саналы түрде таңдалып отыр. Бұл қадам еліміздің танымалдығы мен саяси салмағын арттырып, мемлекеттік басқару жүйесін сыртқы серіктестер үшін анағұрлым айқын әрі түсінікті етеді.
Сонымен қатар Ата заң жобасындағы новеллаларын дұрыс түсінбеу реформалардың мәнін бұрмалауға әкелуі мүмкін. Қазіргі таңда қоғамда «cancel culture», яғни «жою мәдениеті» құбылысы күшейіп келеді. Бірқатар елде қоғамдық пікірталастар шектен шығып, сындарлы диалогтің орнына адамдарды негізсіз айыптау мен «жою» әрекеттері орын алып жатады. Конституция жобасында бұл мәселеге қатысты нақты құндылықтық бағдар айқындалған: адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды және заңмен қорғалады. Бұл сынға тыйым салуды білдірмейді. Керісінше, біздің ұстаным – ашық пікірталас пен жауапкершілік қағидаттарына негізделген құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Қоғамда кең талқылауға түскен тағы бір мәселе – Конституция жобасының 5-бабының 6-тармағы. Желіде бұл норма «мемлекет ішіндегі мемлекет» құрып отыр екен деген тезис белсенді түрде таралып жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Қазақстан бірыңғай құқықтық кеңістігі бар біртұтас мемлекет болып қала береді. Алатау – автономия да, ерекше аумақ та емес, еліміздің бір қаласы. Онда жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялар тарту үшін бизнеске жеделдетілген рәсімдер қарастырылған белгілі бір қаржылық дербестік қарастырылып отыр.
Мұрат ӘБЕНОВ,
Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі