Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Алматыға сапары кезінде айқын аңғарылды
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жұмыс бабымен Алматы қаласына келді. Сапар барысында ол Инновациялық технологиялар паркі (ИТП) жұмысымен танысты.
Бүгінде аталған парк аумағында 145 компания жұмыс істейді және өнімдер мен қызметтердің 500-ден астам түрін ұсынады.
Парктегі жобалардың 60%-ы ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласында, ал қалған 40%-ы мұнай-газ секторы, аспап жасау бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар, технопарктің екінші кезеңінде ғылыми оқу орындарының ғимараттары – Қазақстан-Британ техникалық университеті және әлемдік деңгейдегі «Кәсіпқор» Холдингі» колледжі салынуда.
Айта кетейік, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасында Мемлекет басшысы Қазақстанда ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру үшін екі инновациялық орталықты айрықша атап айтқан еді. Бұл – Астана қаласындағы Назарбаев Университеттің «Астана бизнес-кампус» және Алматы қаласындағы Инновациялық технологиялар паркі.
Алматыда Қарғалы өзенінің арнасын қайта жөндеу жұмыстары басталған болатын. Өткен жылы болған селдің салдарынан мұнда жағаны су шайып және қаланың үш ауданын ішінара су басқан болатын. Табиғат апатының алдын алу жұмыстарын Премьер-Министрдің жеке өзі тексереді.
Қазіргі таңда мердігер ұйым өзен арнасын тазарту жұмыстарын аяқтады, сондай-ақ, 10 көпірдің 7-іне демонтаж жасады және жағаны нығайту үшін бетон құйылып жатыр.
Табиғи апаттардың салдарын жою үшін қалалық бюджеттен 2,3 млрд. теңге бөлінген болатын.
Кәрім Мәсімов қала қызметтерінің басшыларымен және ІІМ басшысының орынбасары Ю.Ильинмен кездесуде су тасқыны және селдің алдын алу шараларын, сондай-ақ, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейніндегі морена көлдерінің жағдайын талқылады.
Бүгінгі таңда Алматының бас жоспарында іске қосу жоспарланған «Саялы» шағын ауданының 98 үйінің 65-і салынды. Жаңа тұрғын үй кешендері Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Сонымен қатар, 320 орындық балабақша мен көп қабатты паркинг пайдалануға берілді.
Кәрім Мәсімов Алатау ауданындағы мұз айдыны мен Атлеттер ауылын аралап шықты. Орталық Азиядағы ірі Мұз айдыны 12 мың орынға есептелген, мұнда қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты, сондай-ақ, шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау және хоккей жарыстары өтеді.
Мұз сарайының жанында 5 мың орынға шақталған спорт кешені, кинотеатры, бассейні, стадионы және көпқабатты тұрғын үйлері бар Атлетикалық ауыл орналасқан. Нысан 90% дайын. Қала билігі 30 тамызға дейін Мұз сарайы мен Атлетикалық қалашықтың құрылысын аяқтауға уәде берді.
Естеріңізге сала кетейік, 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алматы қаласында 2017 жылдың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өтеді. Студенттер ойынында 55 мемлекеттен 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.
Сапар кезінде Премьер-Министр қаладағы хирургиялық орталықта болып, мамандармен кездесті.
Сонымен қатар, қаладағы Әлихан Бөкейханов музей-үйінде болып, ғалымның мұражайға қойылған бағалы экспонаттарымен танысты.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан»