«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, қайырымдылық пен мейірімділікті насихаттайтын жобалар баршылық. Мәселен, «Алтын жүрек» – қайырымдылық жолындағы ең беделді марапат. Араға 10 жыл уақыт салса да қоғамда өз мәнін жоғалтпаған жоба, бүгінде ел назарында. Марапат иегерлері – әртістер мен кәсіпкерлер, ірі компаниялар, БАҚ пен қарапайым тұрғындар. Ең бастысы, жоба мұқтаж жандарға көмек қолын созуға деген талпынысты шыңдайды.
Соңғы уақытта заман ағымы ма, әлде адам пейілі ме, адамгершілік жүрегімізден жоғалып бара жатқан сияқты. Оның орнына күнделікті күйбең тіршілік, өзімшілдік, санасу сияқты қасиеттер белең алуда. Әрине, көпке топырақ шашу орынсыз. Ізгі тілектері мен ниеттерін білдіретін адамдар көбіне өздері жайлы дүйім жұртқа паш етуден аулақ. Сондықтан болар, олар жайлы біреу білсе, біреу білмейді.
Жоба демеушілері мешіттер мен шіркеулердің құрылысына, жетімдер мен мүгедектерге материалдық көмек беру мақсатында қол ұшын созады. Сондай-ақ, жарымжан жандар мен жаршысы жоқ жас таланттардың өнер жолына батыл қадам басуларына жәрдемдеседі.
«Бауыржан» қоғамдық қорының қызметкерлері осыдан бірнеше жыл бұрын ел қалаулыларын барша жұрт тануы қажет деген шешімге келді. Ұйым белсенділері осылай «Алтын жүрек» сыйлығын дүниеге әкелді. Бұл арнаулы марапатты жеке тұлғалармен қатар бірқатар тұтас компаниялар да иелене алады.
Атап өту керек, жоба халық арасында бірден назарға ілікті. Алғашқы жылдан-ақ ұйымдастырушылар 70 өтініш жинаса, осы күні олардың саны 200-ге дейін жетіп отыр.
Аталымдар легі біраз уақытқа дейін өзгеріссіз болды. 10 бөлімі бойынша 2011 жылдан бері шетелдік азаматтарға да қатысуға мүмкіндік туды. Енді «Қазақстанның дамуына зор үлес қосқаны үшін» таяу және алыс шетел көшбасшылары бақ сынасады.
«Жетім балаларға көмек» аталымы аясында BI Group құрылыс холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев, 350 бала тәрбиелеп отырған Талғар қаласының тұрғыны Тұяқ Есқожина, «Ақниет» балалар отбасылық үйінің негізін салушы Есіркеп Есімханов «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаттары атанды.
2011 жылы «Жыл қайырымдысы» аталымы бойынша Қалиша Түресбекова есімді зейнеткер апа марапатталған болатын. Бұл керемет жанның 1959 жылдан бастап донор болып келе жатқанын ескерсек, кез келген уақытта ол өз қанымен бөлісуге асығады. Елу жылдан бері Қалиша апай өзінің игі ісі үшін ешкімнен алғыс алмаған. Мұндай қадамды ол борышым деп санаса керек. Осындай қайырымдылық жолындағы мәрттікке тамсанбау мүмкін емес.
Кәсіпкер Өркен Есей мерейлі жүлдегерлер қатарында. Ол өз қаражатына бір ауылға ірі спорттық кешен салыпты. Сондай-ақ, мешіт құрылысына 1,5 млн. теңге жұмсаған.
Ұлттық сыйлық қайырымдылық ұйымдардың жетекшілерін де назардан тыс қалдырған емес. Қоғамдық белсенді қайраткер Аружан Саин мүгедектерге жасаған қайырымдылығы үшін «Алтын жүрек» аталымы бойынша арнайы марапатқа ие болды. 10 жыл ішінде «ДОМ» қоғамдық қоры 1380-нен астам қазақстандық балаға көмек қолын ұсынған.
2014 жылдың лауреаты, АРДИ ұйымының жетекшісі, Әсия Ахтанова «Мүгедектерге көмек» аталымына ілікті. Ұйымдағы 24 жылдық ерен еңбегінің арқасында ол 1000-ға жуық жеткіншекке жәрдемдесті. Ұйымның бірқатар жобаларының негізінде, осы күні ассоциация 537 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелейтін отбасыларына, 147 мүгедектер арбасына таңылған балаларға көмектесіп келеді.
«Алтын жүрек» тұғырында Қазақстанның бірқатар корпорациялары да бар. 2015 жылы, танымал фермер, Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасының басшысы, «Алтын жүрек»-2015 сыйлығының лауреаты Иван Сауэр өз өлкесінің дамуына зор үлес қосты. Компания өз қаражатынан 314 миллион теңге бөліп, оның біраз бөлігін балаларға арналған ойын алаңдарының құрылысы мен мектептердегі оқушылардың күнделікті тамағына жұмсаған.
Ұйымдастыру комитетінің сараптамасы бойынша, «Алтын жүрек» сыйлығының 10 жылдық тарихында жобаға атсалысқан үміткерлер мен лауреаттардың арқасында 80 миллиард теңгеден астам қаржыға қайырымдылық шаралары жасалған. Жоба қатарындағы асыл жандардың белсенділіктерін ізгіліктің анық көрінісін байқату деп білеміз.
Гүлзат САХОВА,
«Бауыржан» қайырымдылық қорының үйлестірушісі