Балық – азық-түліктің ең қажетті түрі және оның адам денсаулығына да көп әсері бар. Осы тұрғыда Қазақстандағы балық шаруашылығының жай-күйі туралы аз-кем сөз еткіміз келеді.
Қазақстанда балықты су айдындары жеткілікті. Олар Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі, Арал, Балқаш, Алакөл бассейндері, Бұқтырма, Шардара, Көксарай, Қапшағай су қоймалары. Сонымен қатар, Орал, Сырдария, Ертіс өзендері мен оның бойында орналасқан көптеген көлдерден мол балық ауланады. Балық шаруашылығы Кеңес Одағы кезінде қатты дамып, ірі балық аулау, өңдеу кемелерімен, моторлы қайықтармен жарақталса, бассейн жағалауларында ірі балық өңдеу комбинаттары мен зауыттар жұмыс істеп, оларда жоғары сапалы өнімдер мен консервілер, ысталған, қатырылған, кептірілген балық өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатты. Ол кезеңде елімізде өзен-көлдер мен тоған шаруашылықтары көптеген облыстарда ұйымдастырылып, халықты балықтың сан түрімен қамтамасыз етті.
Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен жылына 50 мың тонна, Арал теңізінің қазақстандық бөлігінен 21,5 мың тонна, Балқаштан 17 мың тонна ауланса, едәуір көлемде балық Бұқтырма, Шардара, Алакөл су қоймаларынан да ауланып келді. Тек Ақтөбе облысының көлдерінен жылына 9 мың тонна өнім алынатын. Атырау балық өңдеу комбинаты жылына 1,5 мың тонна бекіренің уылдырығын мемлекетке тапсырып отырды. Балық аулау көлемінен Қазақстан Кеңес Одағы бойынша үшінші орында тұрды.
Одақтың тарауымен республиканың балық шаруашылығы саласы да елеулі күйзеліске ұшырады. Барлық ірі балық аулау, өңдеу шаруашылықтары тоқырап, бұрынғы құрылымдарын жойып алды. Ал барлық балық өсіру тоғандары нақты қаражаттың болмауынан жұмыстарын тоқтатты. Өткен ғасырдың 80-жылдарында Арал теңізіне Сырдария мен Әмудария өзендерінен су түспегендіктен теңіз суының тұздылығы ерекше өсіп, теңізде балық қоры жоғала бастады. Тек сол 80-жылдардың аяғында ғылыми негіздерге сүйене отырып, теңіз суының тұздылығы жоғары деңгейде өсетін Қара теңізден Камбала балығын әкеліп жібергеннен кейін көп уақыт өткізбей теңізде аталған балық түрі тез өсіп, жетіліп өндірістік көлемде аулауға қол жеткізілді.
Теңіздің қайта оралуымен балық шаруашылығының жаңадан дамуы тұрғылықты халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсаруына әсер етсе, елдің экономикасы мен саяси бағытына да маңызды үлес қосты.
Алайда, жоғарыдан бірқалыпты кәсіпқойлықпен (біліктілікпен) басқару болмағандықтан, саланың ілгері дамуына негіз болмай отыр. Республика өзінің тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары балық шаруашылығы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында болып, одан соң біршама жылдар Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құрамына еніп, кейін қайтадан Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді. Қазіргі уақытта министрліктің бұрынғы Балық комитеті жойылып, жаңадан Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті болып құрылды. Бұрынғы Балық комитеті де осыған кіріп кетті. Бұл комитет балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және балық қорын қорғау инспекциясын қаржыландырып, басшылық жасайды. Ал балық аулау кәсіпшілігіне, оларға учаскелер бөлу үшін тендер өткізу жұмыстарына басшылықты аймақ көлемінде облыстық табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жүргізеді. Дегенмен, бұл комитеттен балық аулау, бассейндер мен балық шаруашылығына маңызы бар көлдердің тұрақты су көлемінің түсіп тұруына ешқандай да көмегі жоқ. Балық халықтың күнделікті қажет ететін азық-түлік түрі, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына себепкер бірден-бір табыс көзі болса, ел экономикасына да қосар үлесі мол. Сондықтан балық шаруашылығы неге орман-тоғай, жануарлар дүниесі немесе табиғатты пайдалануды реттеу сияқты салаларға қосылады? Мұндай жағдайда қалай ілгері дамиды және қандай тиімді нәтиже бермекші?
Балық шаруашылығының болашағы айқын, берері көп. Арал теңізінде «Көкарал» плотинасының екінші кезеңі қолға алынып, гидротехникалық құрылыс аяқталғаннан кейін теңіздің солтүстік бөлігінің аумағы ұлғайып және балық аулау көлемі 2-3 есе артып, бүгінде 30 мың тоннаға дейін балық ауланады. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысындағы аграрлық-техникалық университет бекіре өсіріп, одан қара уылдырық алуда, Жайық-Каспий және Атырау облысындағы бекіре өсіру зауыттары да бекіренің майда шабақтарын жылдан-жылға өсіріп, өндірістік қуаттарын арттыруда.
Жоғарыда аталған балық шаруашылығы саласында орын алып отырған кемшіліктердің негізінде саланы тез арада ілгері дамыту үшін аталған саланы Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамынан жеке комитет ретінде құруды ұсынамыз. Қазақ ғылыми-зерттеу институты, республика көлеміндегі су айдындарындағы балық қорын қорғау инспекциясы және барлық балық аулау және өңдеу құрылымдарының басын бір жерде тоғыстыратын комитет жұмысы жемісті болады деген ойдамыз. Республика көлеміндегі барлық балық аулау, өңдеу шаруашылықтары, оның ғылыми-зерттеу институты және балық қорын қорғау инспекциясы бірлесіп жұмыс жасаған жағдайда ғана оны бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі көлеміне жеткізіп, халықты тірі және жас балық түрлерімен толық қамтамасыз етіп, республика ішінде және шетелдерге де сапалы өнім шығаруға мүмкіндік болатыны анық.
Жылқыбай АРЫНҒАЗИЕВ,
балық шаруашылығының ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы
Қызылорда облысы