Бүгінде Жайық өңірі 5 әлем, 75 Қазақстан чемпионын тәрбиелеп шығарған болса, бұл іске Мүсілім Оңдағановтың қосқан үлесі қомақты
Қазақтың қай өңірі де қасиетті, киелі. Аңызақта кенезем кепті, тілім құрғады демей, текті бабаларымыз құт-мекен санаған құмы да құдіретті, тасында да бір жылылық бар, иісі балдай жусаны қандай! Содан да шығар, халқымыздың туған жерден артық жұмақ, елден артық тұрақ жоқ деп, кіндігін сол даланың бір тал жусанына байлап, дөңгеленген дүниенің қай түкпірінде жүрсе де туған топырағына айналып соға беретіні. Әлемде осындай жері үшін адал жаралған, оны қасық қаны қалғанша қорғаған, кейінгі ұрпағына шашау шығармай аманат етіп тапсырған ұлтымның, оның ұрпағының ұлылығы шексіз ғой. Сол бабалар дәстүрін берік ұстап, елі мен жерін пір тұтып, абыройын қайтсем көтерем, өзгенің аузына қарап, айтқанын екі етпейтін заманда кеткен есені тәуелсіздік тұсында қалайда қайтаруым керек, ол үшін өлеусіреген жанар отын тірілтіп, намыстың тотын кетіріп, майырылып қалған жүзін шар қайраққа жанып шығару арқылы мақсатқа жетсем деген бір азаматпен Жайық жұртына барған сапарымызда танысып, ой бөлісіп жүретін едік. Енді, міне, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының қарсаңында сол азаматты оқырманға таныстыруды жөн көріп отырмыз.
Ол самбо саңлағы – Мүсілім Оңдағанов.
Біз Қажымұқан бабамыздың суретіне қарап қандай алып адам деп қайран қалатынымыз бар. Ал мен Мүсілімді көргенде, сол алып бабамыздың өзі болмаса да қазіргі жер бетіндегі көзіндей көруім өз алдына, бурадай бұлқынса төңірегіндегінің бәрін жапырып тастайтындай елестейтіні бар. Құрыш құймасындай шымыр дене, болат арқаннан ескендей бұлың-бұлың бұлшық ет, шойын шоқпардай жұдырық, бөлек бітімді бет-пішін, шарасы шағын болғанмен от шашқан қос жанар, дархан даладай керіліп жатқан кең маңдай – несін айтасыз, мұның бәрі жігіт ағасының бүкіл болмысы тарланға ғана тән деп тұрғандай. Шөп шыққан жерге шығады. Татыр – тақыр. Мүсілім қазақтың ардақты ақыны: «Армысың, сұлу Жайығым, Ардақты қоныс – мекенім, Керек емес қайығың, Аймалап жүзін, өтемін!», деп Ақжайығы туралы ағынан жарылып, одан кейін: «Тайпағым, туған Тайпағым... Саған мен дәйім баламын, Анам деп сені айтамын, Жаяулап қалса қаламым, Жыр мініп сенен қайтамын», деп Жұбан Молдағалиев жырлаған Тайпақтың түлегі.
Тағдыр шіркіннің талқысы әр алуан ғой. Шиеттей алты бала ата-анасынан айрылғанда Мүсілім үш жаста ғана екен. Тірінің тіршілігі, ертеңгі күнге деген ұмтылысы, талап-талпынысы оларды өмір көшінен қалдырмапты.
– Жетінші сыныптан бастап, күреспен айналыстым. Фазыл Садықов, Марат Қажбанов ағаларым ауылда буынымды бекітіп, қабырғамды қатайтса, бағыма қарай Алла жолықтырған бапкер Батыр Қуанышев самбо күресіне баулыды, – дейді ол алдыңғы толқын ағаларының өзіне деген ілтипатына ізет танытып.
Ауылда орта мектепті бітіріп Оралға келген тұста даңқы жер жарған Асқар Шайхиев пен Дәулет Тұрлыхановқа еліктеп, болмаса да ұқсап бағуға ұмтылған. Жігері мықты, алған бетінен қайтпайтын осындай талапты жасты Батыр ағасы қамқорлығына алады. Төккен тер зая кетпейді. Көп кешікпей чемпион атанады.
Бұдан кейінгі оқу-жаттығу жұмысы Алматыда, ел құрамасының бас бапкері Керей Қойшыбектің қол астында, Дәулет Тұрлыхановпен «Достық» спорт кешенінде жалғасады. 1987 жылы Оралда өткен Қазақстан кубогы жолындағы аламан жарыстан кейін ол өзінің атақ-абыройға бөленіп, чемпион болуынан гөрі, кейінгі жастардың жарқырап шығып, Отан мәртебесін көтеруі ауадай қажет деп біржола бапкерлік жұмысқа бет бұрады. Бет бұрғанда қаланы жағалап қалмай, туған ауылына жол тартады. Мақсаты қияндағы елді мекенде бұйығы тірлік кешіп жатқан балалардың арасынан ізбасар тәрбиелеу. Сөйтіп, кіндік қаны тамған Тайпақ өңірінің спортын жолға қойып, күрестен ондаған шәкірт тәрбиелеп, облысты асып, республика көлеміндегі жарыстарда олардың маңдайы жарқырап шығуы талайдың айызын қандырады. Осы тұста айтулы бапкер Батыр Қуанышев Мүсілімді Оралға шақырып: «Сен дайындаған жас қырандар ертең осы қалаға келеді. Сол кезде оларды балапандай баулитын өзің боласың. Сен оралсаң, екеуміз қолдассақ талай тамаша істі атқарамыз», – дейді. Ұстаз сөзін шәкірті екі етпейді. Бұл арадағы жаттықтырушылық жұмысында ол өзінің қарым қабілетімен, ұйымдастырушылығымен танылады. Талабы бар талантты жастар біртіндеп көрініп, азаматтың абыройын асырады.
Бұдан кейін оған сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Батыс Қазақстан облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін ұсынып, бюджеттен 308 млн. теңге қаржы бөлдіреді. Осы ақшаның әр тиынын есептей отырып, қиын заманда қисыны кетіп қираудың алдында тұрған «Жастық» және П.Атоян атындағы орталық стадиондарды еуропалық стандартқа сай жөндеуден өткізеді. 3 мың орындық мұз айдыны бар жабық спорт сарайы, ат спорты кешені, жабық жүзу бассейні салынады. Сол секілді облыс бойынша 1417 спорт құрылғылары, соның ішінде мінберлері мен киім ауыстыратын орындары заманға сай жарақталған 3 стадион, 271 спорт залы, 2 ескек есу базасы, 223 баскетбол, 304 валейбол, 264 футбол алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ендігі жерде халықтың игілігіне жасалған бұл орындарды тиімді пайдалану мақсатында әр түрлі іс-шаралар ұйымдастыру үрдісі қолға алынады. Мысалы, «Спортшылар саламатты өмір салтын қолдайды» деген тақырып көлемінде 1464, «Жастар есірткі мен маскүнемдікке қарсы» атты шара бойынша 1260 бұқаралық-спорттық шаралар өткізіліп, оған 24 мыңнан астам адам қатысады. Кейін бұл жұмыс дәстүрге айналған.
– Спорт кешендерінің бәрі де ешкімнің жеке дүниесі емес, халықтың меншігі, басқарманың балансында тұр. Бұл кез келген азаматтың спортпен шұғылдануына, жарыстар өткізуіне мүмкіндік береді. «Кісідегінің кілті аспанда» деп біреудің жеке меншігі болса оған жалынасың, қыруар қаржы төлейсің. Халықтың игілігіне деген ортақ база барлық спорт түрлеріне тегін. Менің бір ғана ойым бар, солардың ішінен жүзден жүйріктерге арналған дарынды балалардың спорт мектебін ұйымдастыру мәселесі. Бұл біздің облысымызда жақсы жолға қойылды десем артық айтқандық болмас. Дарынды балаларға арналған ондай білім ордалары спортқа қажет дүниелермен толық жабдықтала отырып, оқушыларды 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз ету де шешімін тапқан. Біздің ондай мектептерде тек қана өз облысымыздың балалары ғана емес, көршілес Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облысынан келген талапкерлер де оқып жатыр, – дейді Мүсілім Оңдағанұлы.
Иә, Мүсілімнің ұйытқы болуымен Орал қаласында 2000 жылы жастар арасындағы Азия чемпионаты, 2002 жылы Президенттің жүлдесі үшін әлем кубогы, 2003 жылы жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем чемпионаты, сол жылы Азия чемпионаты, 2007 жылдан бері Отанымыздың Президенті жүлдесі үшін әлем кубогы үздіксіз өткізіліп келеді. Өткен жылғы Президент жүлдесі үшін самбодан өткен әлем кубогында мемлекетіміздің Әнұраны 4 рет шырқалып, көк байрағымыз 23 рет көтеріліпті.
Жалпы, самбо дүниежүзінің 75 елінде мықты дамыған. Сол биікке көтерілу жолында Оңдағанов бастаған азаматтар тер төгіп, қызмет жасап келеді. Оның алғашқы жетістіктері көңілге қуаныш ұялатады. Мәселен, Азия мен әлемдік жарыстарда ерекше көзге түсіп, чемпион атанған жалын жүрек, жұмыр білек, күш қуаты тасыған жастар көп-ақ. Солардың қатарында Азия мен әлем чемпиондары Қоныс Жетпісов, Бейбіт Нәсіпқалиев, Ерлан Әлиев, үш дүркін Азия, үш дүркін әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерболат Байбатыров, Асхат Шайхиев, Медет Оңдағанов, Еділ Үсенов, Марат Табылдиев, Меңдіхан Жәкенов, Бауыржан Мәмбетов, Бірлес Есенғалиев, Фархат Абдуалимов, Оспанхан Боранбаев, Тимур Оңдағанов, Бағдат Жарылғасов, Азамат Мұқанов секілді жүзден жүйріктер ел мақтанышына айналған спорт жұлдыздары. Осылардың ішінде Қоныс Жетпісов пен Ерболат Байбатыровтың жөні бөлек. Себебі, бұл екі азамат әлемдегі небір айтулы додаларда алдына жан салмаған өрен жүйріктер. Самбодан Ташкентте болған әлем чемпионатында Азамат Мұқанов әлем чемпионы атанды, осындай биікке жетуіме балуан Берік Жетпісбаевтың, самбоның қыр-сырын үйреткен Керей Қойшыбектің, қамқор қолын созған Мүсілім Оңдағановтың қосқан үлестері ерекше, дейді ол.
Спортқа деген құлшыныс тек қана жастардың арасында ғана емес, сонымен қатар, үлкендердің де оған өз үлестерін қосып жүргенін, кезі келгенде отандық, тіпті әлемдік жарысқа қатысып чемпион дәрежесіне жету Жайық бойында жақсы жолға қойылған екен. Соның бір дәлелі, өткен жылдың қазан айында Чехияның астанасы Прага қаласында самбодан шеберлер арасында өткен әлем чемпионаты дер едік. Бұл біріншілікке төрткүл дүниенің 28 мемлекетінен самбо күресінің мықты балуандары қатысыпты. Қазақ елінің құрамасына мүше оралдық 10 адамды Мүсілім бастап барыпты. Сол онның алтауы алтын, екеуі қола медальға қол жеткізіпті. Шау тартса да шаршамаған алдыңғы толқын ағаларымыздың бұл қажыр-қайраты кейінгі жасқа үлгі болса керек. Дүниежүзілік сол жарыста Мүсілім чемпион атаныпты.
Алған атаққа мастанып, атқарған ісіне масаттанбайтын Мүсіліммен сөйлесіп отырғанда, ол тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекіту жолында іс атқарып жатқан азаматтар туралы жиі айтады. Облыс басшысының көз қарасы түзу болмаған жерде істің ілгері баспайтынын, бұл тұрғыдан келгенде бұрынғы екі әкім Қырымбек Көшербаев пен Нұрғали Әшімовке деген шынайы ілтипатын бүкпесіз жайып салып, қазір қанаттасып жұмыс істеп келе жатқан Бақтықожа Ізмұхамбетовке шынайы ізетін білдіреді. Алдыңда ағаң бары қандай жақсы, деп қояды.
Мүсілім Оңдағанов ұйытқы болып келе жатқан спорттың тағы бір түрі – шорт-трек. Бұл спорттың еліміз бойынша 80 пайызы оралдықтардың еншісінде екен. Қасиетті Жайық өңірінде қазір 5 әлем чемпионы, 75 Қазақстан чемпионы, 15 халықаралық дәрежедегі спорт шебері бар десек, 88 спортшы Қазақ елінің ұлттық құрамасына еніпті. Ал 124 өрен отандық жасөспірімдер құрамасына мүше екен. Құстың қос қанатындай әр кез қатар жүретін ағасы Дәулет Тұрлыхановтың: «Мүсілім бауырым қазақ халқының маңдайына біткен үлкен патриот. Шіркін, республика спортында Мүсілімдей азамат көп болса, Қазақстан спортының бағы баяғыда-ақ жарқырап жанар еді», деп сүйсінетінін де орайы келгенде айта кетсек дейміз.
Алды кең азаматтың мына бір туған ауылына жасаған қамқорлығын айту арқылы өзгеге үлгі етсе кетсек дейміз. Сонау аласапыран жылдары қиянда жатқан Тайпақ жұрты қиындықтан қысылып, азаматтарын іздей бастағанда Мүсілім бар жиған-тергеніне азық-түлік, киім-кешек алып, оны 5 жүк мәшинесіне тиеп, кіндік қаны тамған еліне жеткізеді. Округ әкімдерін жинап, көпбалалы отбасыларының, талай тауқыметті бастан өткізген үлкендердің тізімін алып, қылдай етіп бөліп береді. Оған ақсақалды әкелер, ақ жаулықты аналар «Атымтай жомартым, аман бол!» деп баталарын жаудырыпты. Мені көгертіп, көктетіп келе жатқан сол қазына қарттардың батасы, спортқа баулыған ағалардың, ізбасар жастардың ықыласы болуы керек, – дейді ол.
Ондаған чемпион дайындап шығарған, жүздеген жасты баптап бағын ашқан, елге танытып, тәуелсіз Отанымыздың даңқын асырған Оңдағанов – негізгі қызметіне қоса 11 жыл бойы еліміздің Самбо федерациясының президенті болса, Дзюдо күрес федерациясының, Азия самбо федерациясының вице-президенті, Орал қаласы әкімінің орынбасары, самбодан Қазақ елінің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт шебері, құрметті спорт қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері секілді абыройлы қызмет пен мәртебелі атақтар алған мәрт азамат. Ең бастысы, ол алғашқы кезде тәуелсіз мемлекетімізде тың спорт түрі болып саналып, қазір берік орныққан самбоның қазақ топырағындағы алтын діңгегі, оның дамуына өлшеусіз үлес қосып, мыңдаған жастың қызығушылығын оятып, алдын әлемдік деңгейге жеткізген спорт сардары, саңлағы. Атам қазақтың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөзі осындай парасатты ұлға қатысты айтылған болар.
Сүлеймен МӘМЕТ.
Батыс Қазақстан облысы.