17 Тамыз, 2016

«Барыңмен бөліс, жақсылық жасап жарыс!..»

546 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Мектепке жол»Облыс орталығындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіт «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық жасау шарасын жалғас­тыруда. Шара барысында көмекке зәру 45 отбасына азық-түлік, мейірімді жандар әкелген киім-кешек таратып берілді. «Барың­­мен бөліс, жақсылық жасап жары­сың­дар!» – дейді қайырымдылық жасау­ш­ылар. Қазір мешітте «Мектепке жол» шарасы бойынша қамқорлыққа зәру от­басы­ларының 1 қыркүйекте мек­теп­ке ба­ратын балаларына көмек жасалуда. «Ата-бабадан қалған асыл қасиет өзіміз­бен бірге болсын. Бір-бірімізге қайы­ры­м­ды, мейірімді болайық», – дейді мешіт қыз­меткерлері. Осындайда дүкен сатушысының мына бір айтқаны есіме түсті. Кешкілік уақытта бірнеше бөлік бойынша азық-түлік, көкөніс, кір жуғыш заттар, тәттілер сататын дү­кені­міз­ге бір жас жігіт жүгіріп кірді. «Апай­лар, 600 теңге тауып беріңіздерші! Бар ақшам­ды тартып алып, өзімді соққыға жық­қан­дары, біреулердің. Ауылға қайта алмай тұр­мын, көмектесіңіздерші», – деді ентігіп. Бір-бірімізге қарадық. Жігіттің түсі шынымен де адам аярлықтай. Бір бұл емес, дәл осы жігіт сияқты 20, 50, 100 тең­ге сұрап келетіндер де баршылық. Арақ іше­ті­н­дерін білетіндіктен, ештеңе жоқ деп қуып жіберетінбіз. Мына жігітке сенер-сен­бе­сі­мізді білмей, бұл да солардың бірі шығар деп қалдық. Ақыры, бәріміз де бала өсіріп отырмыз ғой, шынымен де жанымыз ашып, жігіттің сұраған ақшасын беріп, шығарып салдық. Содан, арада жарты жылдай уақыт өткенде әлгі жігіт келіп тұр. Бәрі­міз ескі таныстай жөн сұрасып жатырмыз: «Апайлар, рахмет сіздерге! Сол күні сіздер болмағанда мен үйге жете алмаушы едім. Семей арқылы жүретін автобуспен ауылға жеттім. Шешем уайымдап, далада күтіп жүр екен, ұйықтамай», деп өзіміз жинап берген 600 теңгені беріп тұр!.. Былтыр үйі өртеніп, облыстағы Шар­бақты ауылының тұрғыны Эльмира Жасыбаева 5 баласымен далада қала жаздады. Жоқ, олай болған жоқ, қайырымды жандар үй сатып әперді. Жаңа үйді павлодарлық кәсіпкерлер сыйға тартыпты. Қайырымды жігіттердің бірі – Александр, екіншісі – Руслан, бірақ олар өздері туралы басқа ақпарат бермепті. Меценаттар өздерін жарнамалау үшін келмегенін, балаларын байлығы көрген анаға шынайы көмектескісі келетіндерін айтыпты. Эль­мира­ның айтуынша, хабарласқан адамдар өте көп болыпты. Қолдау көрсетіпті, ақша аударып­ты. Мирас деген жігіт ерікті азаматтар­мен келіп, тоңазытқыш, электр плитасын беріп кеткен. Роман, Жанат, Сәбиден, Тимур есімді жігіттер азық-түлік, киім-кешек, балаларына ойыншықтар тапсырыпты. Ақтөбеден екі әйел хабарласса, бірінің есімі Маржан, ақша салып жіберген. Қиын сәтте қолұшын созған барлық адамдарға аналық алғысымды айтамын. Алладан қайтсын жақсылықтары», – дейді Эльмира Жасыбаева. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы