17 Тамыз, 2016

Ауылдан маман неге кетеді...

386 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
14672-212-auyl_a_3_my_a_zhuy_z_ruЖоғары оқу орнын бітірген жас мамандарды ауылда тұрақтан­дырудың барлық тиімді жолдары «Дипломмен – ауылға!» мемле­кеттік бағдарламасында жан-жақ­ты қарастырылған. Әсіресе, мұнда оларды материалдық және моральдық тұрғыдан қолдау шаралары тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Соған сәйкес ауылға келіп, қызметке орналасуға тілек білдірген, жоғары оқу орнында алған білімі мен тәрбиесін ауыл­дың өсіп-өркендеуіне жұмсауды мақсат еткен мамандарға мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы төленеді. Бұған қоса дипломмен ауылға келгендер пайызсыз бюджеттік несиеге тұрғын үй сатып ала алады. Әйтсе де түлектер мен жас ма­мандардың бірқатары ауылға ойы­ мен бойын бекітіп бармайтыны, солқылдақтыққа салынатыны қазіргі күні облыс аудандарының мысалынан айқын көрінуде. Олар мемлекет тарапынан белгіленген жәрдемақыны иеленіп, бюджеттік несиеге тұрғын үй сатып алғаннан кейін, ойлары нілдей бұзыла бас­тайтынына мысалдар келтіре кетуге болады. Кейбіреулері қызметтен шығып кетсе, екінші біреулері басқа сала­ға ауысып жатады. Әрине, мұның әртүрлі себептері бар. «Дип­лом­мен – ауылға!» жобасында жас ма­мандардың өз мамандығы бойынша ауылда жұмыс істеу мерзімі көрсетілген. Бұл жөнінде олар өзіне тиісті мақсат пен міндеттеме қабылдайды. Бүгінде «Дипломмен – ауылға!» мем­лекеттік бағдарламасының шапа­ғаты мен игілігін көруге ті­лек білдірген жас­тар­дың қата­ры жылдан-жылға артып ке­леді. Бұл әрине оң нышан. Деген­мен, оларды бірінші кезекте қызық­тыратын мемлекет тарапы­нан берілетін пайызсыз несие ме, әлде туған топыраққа қызмет ж­асауды мұрат тұтқан жүрек әмірі ме?! Мамандардың бүгінгі кей­бір іс-әрекеттеріне қарағанда бұл сауалға бір­жақты жауап қайтару қиынға түсіп тұрғанын қайтерсіз. Қайткенде де бұл арада мамандардың бойындағы жауап­кершілік пен ел алдындағы парыз деген мәселе кем­шін соғып жатқандай көрінеді. Мысалы, облыстың Зеленов ауданында соңғы алты-жеті жылдың аралығында 295 маман пайызсыз несиелік қаражат­тың көмегі арқылы тұрғын үйге ие болған екен. Әйтсе де олардың бірқатары қарызын төлеуге асық­­­пай жүргенін оқырмандарға қалайша түсіндіріп беруге болады? Соның салдарынан, яғни несиенің уақытында төленбеуінен ауданда мамандар төлеуге тиісті қарыз мөлшері кө­бейіп кетіпті. Бүгінде олардың мемлекетке төлей­тін қарызының көлемі 4 миллион теңгеден астам екені белгілі болып отыр. Бұл тек бір ауданда орын алып отырған көрініс. Ал тұтастай облыс бойынша алғанда бұл сан еселеп өсетіні түсінікті емес пе? Тәртіп бойынша көтерме жәр­демақы мен үй сатып алу үшін берілетін несиелік қара­жат жоғарыда көрсетілген жағ­дайларда кері қайтарылып алынуға тиісті. Қолда бар деректер бюджетке берешек мамандармен тиісті түсінік жұмыстары жүргізілгенін көрсетеді. Тіпті, оларға жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан арнайы ескерту хаттар да жолданыпты. Алайда, соған қарамастан мұның бәрі ешқандай нәтиже көрсетпеген. Бұдан кейінгі баратын жол – тек сот қана болмақ. Мамандарға қа­тысты Орал қалалық №2 сотында және Зеленов, Жаңақала, Сырым, Жәнібек, Шыңғырлау, Ақжайық аудандық соттарына бюджет қаражатын кері өндірту туралы көптеген талап-арыздар жолдануы Орал өңірінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының бағы жана қоймағанының бір дәлелі. Әрине, бұл жердегі басты мәселе, басты гәп бұл қаражаттардың кері қай­тарылуында немесе қай­тарылмауында, маман­дар­дың ісі сотқа тартылуында емес, кері­сін­ше өңірде о бастан, «Диплом­мен – ауыл­ға!» бағдарламасына қатысты байып­ты көз­қарас пен орамдылықтың жеткілік­сіздігі­нен десек ше? Бұған іс басында жүр­ген жетек­ші­лердің біреуі келісер, біреуі келіспес, қалай болғанда да облыста «Диплом­мен – ауылға!» бағдарламасына қатысты қазіргі көрініс осындай. Мұның өзі не әрі емес, не бері емес, сергелдең көңіл-күйдің ор­ны­ғуы мен қалыптасуына әсер етіп жүргені де шындық. Бұл мәселеде аймақтағы би­ылғы ахуал қандай деген сауал­ға келсек, ауылға баратын маман­дардың үлкен тобына қажет­ті қаражат толықтай берілгеніне көз жет­кіземіз. Сондай-ақ, олардың екінші бір бөлігіне несиелік соманы беру үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатқанын білдік. Биылғы және алдағы жылдарда өңірде жоғарыда айтылғандай келеңсіз көріністер тағы да орын алып жүрмес пе екен? Бұған әзірге ешқандай кепілдік жоқ. Сөз соңында жауапкершілік деген мәселе тек жас маман­дарға ғана емес, сонымен бірге облыста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының басы-қасында жүрген жергілікті билік өкілдеріне де қатысты екенін ұғынатын кез келді деп білеміз. Осылайша, жауап­кершілік жүгін терең сезін­ген жағдайда ғана аталған бағ­дар­ламаның бағы жанатынына күмән келтіру қиын-ақ. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы