17 Тамыз, 2016

Майдангердің кешіккен марапаты

459 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
АязбековБөлмеге рұқсат сұрай кірген сұңғақ бойлы, жылы жүзді, жұмсақ дауысты, аппақ реңді апайдың ізетіне сай орнымыздан елгезек тұрып ілтипатпен орындық ұсындық. Бұрындары қазақ қыздарына қол бола бермеген спорттық гимнастикадан спорт шебері, Алматының бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің бірі –библиограф Күләш апа Аязбековамен осылай таныстық... «Сырлы кесенің сыры кетсе де сыны кетпейді...» деген, тұлғасы әсем биязы анамыздың жан сара­йы­ның жауһарлығымен баурап алғандығы сон­дай­лық, сырлы әңгімеге ұйып, аз-кем отырып та қалып­пыз. Талдықорғандағы педучилищені, одан Алматы­дағы қыздар пединститутын үздік бітір­ген жас өрен сол кездегі Пушкин атын­дағы рес­пуб­ликалық кітапханада табан аудармай отыз жыл қызмет атқарған. Ғасырдың басында, бұдан 16 жыл бұрын, зейнетке шыққан. Кітап, кітап­хана, жазу­шы атты бір ұғымның шырағының астын­да сан жылдар саялы ғұмыр кешкен аяулы жан­­ның бо­йы­на қонған зиялылықтың тіні мен шынайы­лы­ғы осында жатыр-ау деген ой ұшқыны жылт етті. Қазақ әдебиетінің дарабоздары Сәбит М­ұ­қанов, Мұхаметжан Қаратаев, Ғабит Мүсі­репов, Ғабиден Мұс­тафин, Әбділда Тәжі­баев, Жұбан Мол­даға­лиев, Жайсаңбек Мол­дағалиев, Зәки Ахметовтің бас кітап­ханада шұқшиып сағат­тар бойы тесіліп отыр­ғанын көзімен көр­ген, орайлы сәтте олармен пікір алысып, тіпті, дәмдес бол­ғаны өз алдына бір әңгіме. Десе де, аяулы анамыздың «Егеменнің» Алматыдағы бөлімшесіне бас сұққандағы мақсаты мүлдем басқа болып шықты... «Сүйінші» сұрай келіпті!.. Күләш анамыздың әкесі Қабдолда Аязбеков Талғарда жасақталған атақты 8-ші гвардиялық диви­зияда жауынгерлік жолдан өткен. Ол кездегі еліміздің Отаны – Мәскеуді жанын салып қорғаған! Тіпті, бір мәрте неміс офицерін «тіл» ретінде штабқа дедектетіп алып келгені де бар. Ол туралы жазылған майдан газеті­нің сарғайған сол бір парағы қараша­ңырақ­тағы сурет альбомында жап­сырулы тұр. Бүкіл ғұмырын мектепте бала тәрбиелеуге арнаған қарт солдат майдан шебіндегі өзінің жасаған көзсіз ерліктері туралы желпініп айтқанды жаны қаламапты. – Әкеміз жан баласын жатсынбайтын, бір бойында жақсылығы мен жанашыр­лығы қатар жүретін қасиеті бар парасат­ты, сондай қарапайым жан еді, – дейді Күләш апа. – Майдан туралы әңгіме бола қалса, ерлігін паш етіп айтудың орны­на, қаншама боздақтың қыршыннан қиыл­ғанын қайғыра еске алып, бүгінгі күніне тәубе дер еді. Екі бірдей жақ сүйегін тесіп өткен жау оғы әкеміздің келбетін өзгертіп тұратын. Қазақстанда жасақталған әйгілі 8-ші гвардиялық дивизияның Мәскеу түбінде қасық қаны қалғанша шайқасқаны тарих­тан жақсы мәлім. Шайқаста гвардияшы Қабдолда Аязбеков өте ауыр жараланады. Ауруханада алты ай жатып, айыққан жау­жүрек жігіт екінші рет майданға аттанады. Мұндай оқиға қан майданның шежіресінде Қабдолда Аязбековтің қатысуымен үш рет қайталанған. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», жеңімпаз жауынгер туған еліне аман-есен оралады да, зейнет жасына дейін өзі туған мекенде –Талдықорған облысының Ақсу ауданындағы Қарабөгет ауылында бала оқытады. Қазақтың танымал тұлғалары Кәкімжан Қазыбаев, Мұхтар Арын, Әділбек Абайділданов, Талап Сұлтанбеков және басқалары Қабдолда ағамыздан дәріс алған... АязбековаМайдангер Аязбеков үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіреді. Бір ғажабы – «бала-шағам білім алсын, тәрбие көрсін, хал­қына адал еңбек етсін» деген қарт ұстаз­дың қарапайымдылығы сондай – өзінің майдандағы ерлігі үшін кеудесіне жар­қы­ратып тағатын орден-медальдарын да түгендемей өмірден өткен екен. Өткен жылы майдангер жерлестерінің тізімін реттеп түзеген Алматы облыстық ардагерлер кеңесі гвардияшы Қабдолда Аязбековтің соғыстағы ерлігі марапатсыз болмағанына сүйенген үмітпен Мәскеу түбіндегі атақты Подольск қаласындағы әскери архивке сұрау салған жайы бар. Арада жыл жарым уақыт өткенде барып, ардагерлер кеңесінің атына атақты 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 23-ші атқыштар полкінің бөлімше командирі Аязбековтің Ұлы Отан соғысы кезіндегі алған әскери марапат­тары туралы ресми хат келді. Онда Қабдол (Қабдолда) Аязбековтің майдандағы жанқиярлығы «Ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, сондай-ақ, бір емес екі рет «1-ші дәрежелі Отан соғы­сы» медальдарымен мара­пат­талғаны туралы жылы, айы, күні, мекені көрс­етіл­ген аса қымбат та құнды құжат жіберіліпті. Май­дан­гердің қызынан «Сүйінші!» сұраған облыс­тық ардагерлер кеңесі қазір күллі аумаққа жар салып, батыр жерлесінің ерлігін ұрпағына ұран етіп, дәріптеу үстінде. Үш рет ауыр жараланып, үшеуін­де де оңалған сәтте майданның өтіне қайта орал­­ған жаужүрек жауынгердің ерлігіне шын мәнін­де сүйсінбеске амал жоқ. Бір жағы, бар ғұ­мы­рын тек қана бала тәрбиелеуге арнаған май­дан­­гер­дің Отан қорғау жолындағы алған мәрте­белі наг­­ра­да­ларын дүниеден өткенше іздемеген, сөз өт­пе­ге­ні батырдың ағайындарын да таң қалдырып отыр. – Қазір жерлестерім – облыстық ардагер­лер кеңесі бас болып әкеміз Қабдолда Аязбековтің есімін өзі дәріс берген мек­тепке, Талдықорған қаласынан бір көшеге атын беру туралы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай рухани науқанды бастап та жіберді, – дейді қуаныштан көзіне жас алған Күләш апа. Көзсіз ерлік жасағанына қарамастан қаһар­ман­дық пен қарапайымдылық ұғым­дарын ғұмыр бойы тең ұстаған майдан­гер-қарт ұстаз ағамыздың қадірі өзгеше қасиетіне таңданып, біз де бас шайқадық. Ерлік өшпейді, ерлердің есімі мәңгіге ұмы­тылмайды деген осы емес пе?! Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суреттерде: 1.Қазақстандық әйгілі гвар­диялық 8-ші дивизияның 23-ші гвардиялық атқыштар полкінің бөлімше командирі аға сержант Қабдолда АЯЗБЕКОВТІҢ соғыстан кейінгі бейнесі. 2.Майдангердің қызы – зей­неткер-библиограф, гимнастикадан спорт шебері Күләш апа АЯЗБЕКОВА.