17 Тамыз, 2016

Хат қоржын

521 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
iОҚЫРМАН ...мәселе көтереді Барды ұқсата алмаймыз Орташа дәулеті бар Рүс­теммен қайсыбір күні кездесіп қалғам. Аз-кем әңгімеден кейін: «Өр Алтайдағы бауырларға барып қайттық. Кәсіпкер жігіттер ақша, азық-түлік жинаған едік, соны жеткізіп келдім», дейді. – Не апардыңыздар? Елдің жайы қалай екен? – дедім мен. – Жұрттың еңсесі биік. Қант қымбат болған соң аз апарып едік, қант жетпей әбігерге түстік, – деді Рүстем. Рүстеммен болған әңгімеден кейін жол-жөнекей өзім де қалың ой құшағында қалдым. Шынында, осы біз неге барды ұқсата алмаймыз? Қызылша бар ма? Бар. Егіс алқабы ше? Саламын деген диқанға жер табылады. Ал сонда біздің қант таппай сабылып жүргеніміз, қара базарда ұзын-сонар кезекте тұрғанымыз не? Әсіресе, еліміздің солтүстік айма­ғындағы жағдай қиын. Құм­шекердің бір келісі 400 теңгеге сатылыпты. Ал көтерме сауда орындарына келушілер 2-3 сағаттап кезекке тұруда. Оның өзінде бір адамға тек 5 келі ғана сатылған... Барды ұқсата алмасақ, жағдай осылай жалғаса бермек.  Жарас КЕМЕЛЖАН   Алматы ...ой бөліседі Кімге еліктеп жүрміз? Қазақтың жаңа туған нәрес­теге есім таңдауда бас­қаға ұқ­са­майтын артықшы­лық­тарына қарадай қызығамын. Ата-аналар балаларын айға, күнге, гүлге теңеп, «айым», «күнім», «гүлім» деп еркелетеді. Көптеген есім­дер­дің қойылу тарихы бар. Өмірін мағыналы сүрген, ел есін­де есімі қалған адамдарға ұқса­сын деп жақсыға еліктейтін ата-ана­лар аз емес. Бүгінде осы дәс­түрдің қадір-қасиетін жоғалтып алғандаймыз. Әсіресе, жас отау иелері сәбиіне түсініксіз бір аттарды қоя салады. Балабақшаға алғаш келген сүй­кімді бүлдіршіндерден: «Балақай, атың кім?» – десең, Эльдар, Дамир, Замир, Самира, Эльвира, Эльмира деген сияқты жаңылтпаштар­мен, шетелдік телехикаялардағы жасан­ды аттармен жауап береді. Әрине, басқа ұлттың дәстүрін, тілін құрметтеген жөн. Алайда, ұлтқа жат, түсініксіз, мағынасыз сөз­дерді тілге енгізу дұрыс па? Көңіл қынжылтатын тағы бір жайт, әдемі есімдерінің бұр­малануы. Мәселен, Әсем дегенді Асема, Анар дегенді Анара деп тілімізді бұзамыз. Ең сорақысы, олардың ауыз­­екі тілде айтылуы былай тұр­сын, құжаттарда да солай тол­­ты­рылады. Есіміміздің дұрыс аталуы мен дұрыс жазылуына мән беруі­­міз керек. Өз ұлтың­­ның тілі мен дәстүрін ұмыт­­пай, қашанда ая­лай білу әр­бір ата-ананың абзал боры­­шы, бас­ты парызы дер едім. Марина ВЕНИНГ, тәрбиеші Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы ...үміт артады Мәдениет ошағына мұқтажбыз Мен ұзақ жылдар бойы рес­пуб­ликамыздың білім беру сала­сында еңбек еткен адам­мын. Біздің ауылдың тұр­ған жері шаруаға жайлы, тұр­мыс-тір­шілікке қолай­лы. Тіп­ті, қоғам­дық құрылым мен мен­­шік­ті қатынастар түбірімен өзгер­­ген тәуел­сіздіктің алғашқы жыл­­дары мен өтпелі кезеңде де бұл жер­­­ден ешкім үдере көшкен жоқ. Бүгінгі кезде шалғайдағы ша­ғын елді мекендердің көп­шілігі «қар­­тайып» барады ғой. Ал Қызыл­жар жөнінде бұлай деп айта алмай­мын. Өйткені, ауылымызда жастар мен жас мамандар құдайға шүкір, бар­­шылық. Демалыс күндері мен кани­кул, мейрам кездерінде жоғары оқу ор­нында оқитын қызылжарлық сту­­дент­тер туған ауылдарына ке­ліп тұ­рады. Алайда олардың бас қо­сып, бос уақыттарын мәнді де ма­­ғы­­на­лы өткізетін мәдениет оша­ғы жоқ. Айтайын дегенім, біздің ауыл­ға шағын да болса мәдениет үйі қажет. Қысқасы, мәдениет ошағы­на өте мұқтажбыз. Нау­рыз, Қазақ­стан халқының бір­лігі, Жеңіс ме­ре­кесі күндері мен тәуел­сіздік мей­­­рамы секіл­ді мем­лекеттік ме­ре­­ке­­лер кезін­де ауылдың үлкен-кі­ш­і­сі бас қ­о­сып, арқа-жарқа бо­лып оты­р­а­тын бір рухани орын жоқ. Хамит САЛАХИЕВ, республика оқу-ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Қызылжар ауылы ...алғыс айтады Қуанышымда шек жоқ Биыл менің жасым 67-ге келді. Өзім Қарағанды қала­сы­ның тумасымын. Атам қала­дағы №1 нан зауытының алғаш­қы директоры болды. Бірде зауытта ұрлық болып, атам екі жылға сотталып кете бар­ды. Ал кіп-кішкентай бала­лары­мен далада қалған әжемді қазақтар аштықтан аман алып қалған еді. Сол үшін де осы мейірбан халыққа басымды иіп алғыс айтам, тағзым етем! Ендігі айтайын дегенім, көп­тен бері құлағым ауырып, есту қа­бі­­летім әлсіреп жүрген болатын. Сонан таныстарымның жөн сіл­­теуімен облыстық медици­на ор­та­лығына қаралған едім, құла­ғыма отаны бес адам жасады. Олар – лор бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Құлмағам­бетов, дәрігерлер Тимур Ахметов, Диас Есниязов, аға медбике Дина Кисимбекова және медбике Жанар Отарбаева. Құдайға шүкір, қазір құла­ғым жас күнімдегідей еститін болып, қуанышымда шек жоқ. Осы орайда қымбатты медицина қызмет­керлеріне зор алғы­сымды айтып, сіздердің жүрек­теріңізге әрқашан бейбітшілік, тыныштық және қуаныш ұялай берсін дегім келеді! Таисия СУББОТИНА, зейнеткер Қарағанды ...кеңес береді Шағын несиенің шарттары Таяуда Тарбағатай ауданында «Нұр Отан» партиясының «Ауыл халқын жұмыспен қамту» пар­тиялық жобасы аясын­да дөң­гелек үстел өтті. «Ауыл: келе­шегі мен дамуы» атты шараға ауыл­шаруашылық құрылым­дары­ның жас жетекшілері, жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтар қатысты. Партияның аудандық филиалы төрағасының кеңесшісі Біржан Нығызбаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім бас­шы­сы­ның міндетін атқарушы Қуа­ныш Қырықбаев, «Орда-несие «НС» ЖШС заңгері Абдулла Қа­сенов, «Атамекен» Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы Тарбағатай аудан­дық филиалы төрағасының кеңес­шісі Талант Тоқтаров ауыл тұр­ғын­дарына шағын несиелер алу­дың шарт­тары мен мемлекеттік қол­дау түрлері туралы ақпарат берді. Аталған жоба шеңберінде аудан­да 19 адам әлеуметтік жұ­мыс орындарына орналасқан. Сон­дай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол кар­та­сы-2020» бағдарламасы ар­қы­лы Самат Амангелді есімді тұрғын дөң­­гелек жөндеу орнын ашу үшін 2,5 миллион теңге несие алса, Дидар Қасымжанов 3 мил­лион теңгенің несиесіне көлік жуу орнын ашқан. Е.Бапанов кәсібін ашуға қа­жет­ті 3 миллион теңге несие алу үшін қандай кепілдік шарттар­ды орын­­дау керектігін сұрады. Жұ­мыс­­­пен қамту және әлеуметтік бағ­­д­ар­­ламалар бөлімінің өкілі Қ.Қы­­рық­баев өз жауабында әуелі «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ облыстық филиалына ба­ру қажеттігін түсіндірді және атал­­ған несиені алу үшін азамат­тың ие­лігінде 6 миллион теңгелік ке­піл­де­месі болуы шарт екені де айтылды. Назерке КӨПЕНОВА Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы