19 Тамыз, 2016

Мораторий мерзімі ұзартылды

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
18-08-01Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және Жер реформасы жөніндегі комиссияның қызметі туралы кеңес өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімші­лігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов, Пре­зиденттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев, Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев қатысты. Іс-шара барысында Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмыс қорытындылары талқы­ланып, жер заңнамасының ө­з­ге­ріс­теріне мораторийді 5 жыл­ға ұзарту туралы шешім қабыл­данды. – Жер кодексінің бірқатар нормаларына мораторий енгізіл­ген кезден бастап комиссия ма­ңызды жұмыс жүргізді, елдің барлық өңірінде кеңес өткізіп, азаматтардың пікірін тыңдады. Жұмыс барысында олар жақсы ұсыныстар айтты, атап айтқанда, жалға беретін телімдердің шекті көлемін, жерді пайдалану тәсілдері мен оны тиімсіз пайдаланған жағдайда қабылданатын шараларды анықтау туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша, бәрі жерді 49 жылға дейін жалға беру институтын сақтау қажет деген ортақ шешімге келді. Сонымен бірге, әлемдік тәжірибені тағы да зерттеп, қосымша уақыт қажет екені туралы тұрғындарға біліктілікпен түсіндіру керек. Сондықтан Комис­сияның мораторийді тағы 5 жылға ұзарту туралы ұсынысын қабылдаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Қазақстан Пре­зиденті Үкіметтің жер заңна­ма­сына өзгерістер енгізу тура­лы шешім қабылдаған кезде агроөнеркәсіп саласына қаражат тарту мақсатын басшылыққа алғанын атап өтті. – Ауылдық жерлерде халық­тың шамамен 40 пайызы тұрып жатыр, 20 пайызы ауылда еңбек ете­ді. Ауыл шаруашылығын өр­кен­­дету көптеген салалардың дамуы­на септігін тигізеді. Ауыл шаруашылығымен айналы­са­тындардың барлығы бұл салаға қолдау көрсету үшін мемлекеттің қандай күш-жігер жұмсаға­нын жақсы біледі. Жыл сайын аграрлық секторға айтарлықтай қаражат жұмсалады, бірақ ол өзін ақтай бермейді. Нарықтық экономикада олай болмайды. Мұның себебі, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмендігінде жатыр, ал оны арттыру үшін қосым­ша қаражат салу керек. Бүкіл әлем аграрлық секторға инвес­тиция тарту ісімен айналысуда. Біздің мемлекетіміз де ауыл шаруашылығын дамыту үшін көбірек капитал тартуды қалады. Егер бұл жұмыс түсіндіруден басталып, тек содан соң ғана заңдар қабылданса, онда ахуал басқа болар еді, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, кеңесте республи­каның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелері, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар қарас­тырылды. – Елдің экономикалық дамуы әлемде болып жатқан үдеріс­тер салдарынан зор қысым көріп отыр. Қазіргі қаржылық-эко­номикалық дағдарыс, сандық экономиканың жаңа парадигмасына көшу бізден мүлде жаңа қадамдар талап етеді. Біз соны таба білуіміз керек, бұл үшін елде ресурстар жеткілікті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз баяндамасында А.Мыр­­зах­метов Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған  комиссия Астанада, сондай-ақ бірқатар өңірде жұртшылықтың қатысуымен көшпелі отырыс өткізгенін айтты. – Азаматтардың арыз-шағым­дары үшін арнаулы сайт ашылып, call-орталықтар құрылды, бүгінде оларға 13 мыңнан ас­там телефон қоңырауы түскен. Түсіндіру жұмыстары барысында жұртшылықты барын­ша кеңірек қамту үшін әкімдік­тер жанындағы қоғамдық кеңес­тер іске тартылды, халықтың 67 мың өкілімен кездесу өтті, – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі. А.Мырзахметов комиссияның негізгі ұсыныстары, соның ішінде ауыл шаруашылығы жерін жалға беру институтын сақтап, одан әрі дамыту, жалға берілетін жер телімдерінің шекті көлемін белгі­леу қажеттігі жөнінде де айтты. Сондай-ақ, халықтың жайылымдар мен шабындық жерлерге қатысты мүддесі мен талаптарын ескеру керектігі, жеке тұрғын үй салу үшін жер берудің нақты ережелері мен тетіктерін анықтау қажеттігі аталып өтті. Мемлекет басшысы кеңес қоры­тындысы бойынша бірқатар тапсырма берді. Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды