ел сенімін ақтап, чемпион атанды
Кеше газетімізде Олимпиаданың бір күнін қорытындылап берген мақаламызда боксшылар Данияр Елеусінов пен Әділбек Ниязымбетовтің финалға шыққанына қуаныш білдіргенбіз. Сол Данияр кеше ерледі. Жалпы, оның құбылыс екендігі Лондон Олимпиадасында айтылған еді. Белгілі бокс маманы Юрий Цхай: «Дүние жүзінен жиналған бокс мамандарының арасында бүгінгі мықты қолғап шеберлері туралы көп әңгіме болады. Сонда олар Данияр Елеусінов туралы ерекше пікір білдіреді. Қазіргі бокс кәсіпқойлардың төбелесіне ұқсап барады. Елеусінов бокстың ұлы өнер, үлкен мәдениет екендігін өзінің ұрыс мәнерімен дәлелдеген дара боксшы, ол ұзаққа барады», деп бізді қуантқан. Бірақ, сол жолы ағасы Серік Сәпиев алтыннан олжа салды. Вэл Баркер Кубогін елге әкелді. Біз Даниярдың жұлдызды сәтін күттік. Тек қасындағы боксшылар ғана емес, бүкіл ел сенді. Бүгін сол үміт ақталды. Рио Олимпиадасының 69 кило салмаққа деп арнайы соққан сом алтын медалі біздің батыр жігіттің қолында.
Бірақ алтын жүлде оңай берілген жоқ. Жартылай финалда қарсыласының басы кездейсоқ тиіп, қабағы жарақаттанып қалған еді. Кешірек бас жаттықтырушыға хабарласқанымызда: «Екі жерден тіктірдік. Жарақаты ауыр, дәрігерлерден қауіптеніп отырмыз. Әйтпесе, Данияр тас-түйін дайын», – деген. Қарсыласы өзбекстандық Шахрам Гиясов – өте мықты боксшы. Соққысы ауыр. Финалға дейін талай мықтының кеудесін басты, жарыс жолынан шығарып тастады. «Алтынның» шеті көрініп тұрғанда, жанын неге аясын! Оның үстіне, Елеусіновтің ауыр жарақаты бар, дәл сол жерден ұра берсе, дәрігерлер жарыстан алып тастайды ғой. Ішінде тағы басқа қандай қиял болғанын білмесек те ойын осылай жобаладық.
Солай болып шықты. Шахрамның жақыннан ұрыс салғанда, сол жарақатқа қатты ұруды көздеп жүргені белгілі болды. Әйтпесе, оңайлықпен соққы дарытпайтын Данияр шегіне ұрыс салып шалдырмай кетеді. Шахрамды бұл үшін жазғыра алмайсың. Бапкерінің де таңған тактикасы осы. Данияр өте сезімтал, қарсыласының ұрған соққысының қай шамаға жететініне дейін шайқасып жүріп, есептеп үлгереді. Шахрамның дөп тисе, атан өгізді мұрттай ұшыратын соққылары Даниярдың иегіне иненің жасуындай қашықтықта тимей жатты.
Негізінде, Даниярдың шегініп ұрыс салуы қарсыласынан қаймығу емес, ауыр соққыларға шалдырмайтын тактикалық қаруы. Қандайда мықты қарсылас болсын, мұндай бопсаға шыдай алмай, жіптей тартылып тұрған жүйкесі сыр бере бастайды. Соққылардан жалтарып қана қоймай, өзі ауыр жұдырықтармен көміп тастайтын Даниярға есесі кеткен Шахрам өршелене алға ұмтылды. Екеуі де былайғы өмірде сыйлас болғанымен, өзі үшін де, өзіне сенген халқы үшін де өліспей беріспейтін ұрыс салып жүр. Соңғы раундта Шахрам жеңіліп жатқанын сезіп, бар күшін салды. Біздің жігіт сынаптай сырғып, жеткізбей жүр. Жанасқан сәтте қолы алмас қылыштай жарқ ете қалады. Күмәнсіз жеңді: үш төреші де Данияр жеңді деп таныған. Сөйтіп, Даниярдың ғана емес, біздің де арманымыз орындалды.
Көптен бері қабағы жауар бұлттай түнеріп жүрген бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжановтың да ашуы басылыпты. Біз бүгінгі жекпе-жектің түйінін тарқатудың мәнісін сұрадық.
– Данияр Елеусінов – команда капитаны болғандықтан, оған артылған жауапкершілік жүгі ауыр, – деді ол. – Сондықтан, таңертеңгілік команданың барлық мүшесі жиналып, Даниярдың атына салмақты сөздер айтты. Олар Елеусіновтің қарсыласынан мықты екендігі, Гиясовпен қалай айқас өткізудің жолдары таразыланып, барлығы үшін капитан жеңіске жетуі керек деген жүрекжарды тілектер білдірді. Біздің бокс спорты тарихында әлем чемпионының Олимпиялық ойындар чемпионы болуын Серік Сәпиев бастап беріп еді. Одан кейін, міне, Данияр осы жетістікті қайталап отыр.
Шахрам да жігіттің төресі екен. Баспасөз конференциясында Даниярға үлкен құрметпен қарайтындығын айтты. «Бұл өте мықты жекпе-жек болды. Үшінші раундта күшім жетпей қалды. Бірақ, кім қалай десе де біз түбі бір туысқан халықпыз, сондықтан туысқан қазақ халқын тағы бір алтынымен құттықтаймын», деді.
Осылайша тағы бір жақсы күн артта қалды. Бұл күні тамаша жетістіктерге қол жеткізген балуанымыз Эльмира Сыздықова қола медальдың ауылына ат ойнатып келді.
«Егемен Қазақстанның»
арнаулы тілшісі
Бақтияр ТАЙЖАН
Рио-де-Жанейродан
хабарлайды
Суретті түсірген
Данияр МАЙЛЫБАЕВ