Елбасының ағымдағы жылғы 28 қаңтар күнгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен мұқият танысып шықтым. Қарт көңілім Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің дәстүрлі Жолдауында мемлекет болашағы мен ұлт болып ұйысудың жаңа жолдарын айқындап отыр. Осындай қамқорлықты қуанышпен қабылдадым, ертеңге деген ел сенімі одан әрі орнықты деп ойлаймын. Оның да себебі бар. Халқымыздан «Ертеңін ойлаған ел – бақытты» деген дана сөз қалған. Міне, ел ертеңін ойлап, ұлт қамын жеген, бүгінде түбі бір түркі әлемінің асатаяғын қолына алған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз Жолдауында «Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бірлікпен толығады» деген ойға қонымды аталы сөзі жарқын болашаққа бастап отыр. Бұл – ақ сақалды қартын қадірлеп, ақ жаулықты анасын ардақтаған, жастарын білімге тартып, ұлтының денсаулығын ойлап, замана көшін бастаған, елінің сеніміне берік ие болған Елбасының ерен ісі.
Биылғы жылдың басты саяси құжаты мемлекетіміздің ең басты рухани құндылығы мен тірегіне айналып отырған мемлекеттік тіл мәселесіне үлкен назар аударылғанына қуандым. Өйткені, ғасырлар бойы ұлтымен жасап келе жатқан қазақ тілі – халықтың жаны, ұлттың болашағы, ата-баба рухының жалғасы деп білемін. Соңғы жылдары мемлекеттік тілді дамытуға көп көңіл бөлінуде. Сондай-ақ, елімізді мекендейтін түрлі этнос өкілдерінің де тілдеріне қамқорлық жасалуда, жастарымыздың халықаралық қатынас тіліне айналған ағылшын және орыс тілін жетік меңгеруі туралы талап та орынды. Ал, қазақ тілін меңгеруге ұмтылған өзге ұлт өкілдерінің ынта-ықыластарының артқанын көріп отырмыз. Қазақ елін Отаным деп, болашағын біздің мемлекетімізбен байланыстыруға ұмтылған ата-аналардың балаларын қазақ мектептері мен балабақшаларына беріп жүргендерін көзіміз көруде. Дегенмен, ойланар тұстар да жоқ емес.
Сондықтан, Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы талаптарын басшылыққа алған ел азаматтары алдағы он жылдықта мектеп бітірушілердің барлығы мемлекеттік тілді толық меңгеуге қол жеткізсе, осы жылдары мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейіп, қазақ тілі арқылы татулық пен бірлікке тіреу боларлық қажеттіліктің арта түсетініне үлкен сеніммен қараймын.
Тілеуқабыл ТӨРЕБЕКОВ, Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысының құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері.
Тараз.