20 Тамыз, 2016

Озық технологияның отыны

353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_8862Ағаш өңдеу ісімен көп жылдан бері шұғылданатын «Ахмуд­динов» жеке кәсіпкерлігінің ин­дустриялық-инновациялық жо­баларды жүзеге асырудағы із­деністері мен ілгері басушылығы назарға бірден шалынады. Біз атшаптырым өндіріс орындарын аралау барысында қаз-қа­тар тізілген заманауи құрал-жаб­дықтар мен қондырғыларға, екі ауысымда жұмыс істейтін жұ­мыс­керлер санатының қалыңдығына қарап оған анық көз жеткіздік. Ең алғаш «Жанмырза» деген атпен құрылған ағаш өңдеу цехына 12 адам жұмысқа қабылданса, кейін кеңейе келе тұрақты еңбек етушілердің саны 35-ке жеткен. Ал, «Ахмудинов» жеке кә­сіп­керлігіне айналғалы 70-ке жуық жаңа жұмыс орындары құрылып, негізінен жергі­лік­ті тұрғындар тартылған. Олар­дың қатары Петровкадағы ауыл­ша­руашылық колледжінің орманшы бөлімін бітірген жас мамандармен толығып келеді. Кәсіпорынның директоры Сермұхамед Ахмуддиновтың ма­мандығы агроном бола тұра бизнестегі қадамын орман пайдаланушыдан бастап, осы салаға тұрақтап қалуының өзіндік сыры бар. Жастайынан әке тәлімін алып өскен ол көп жыл бойы жырақта – Ресейде жүрді. Әкесі Орал дүниеден өтерінде ағасы Төлеубай екеуіне туған жерге оралуды аманат еткен. Шамасы, үркіншілік жылдары ішке қарай амалсыздан көшкен өзі көп қиындық көрсе, енді үрім-бұтағым ата-баба жерінде алаңсыз өмір кешсін дегені болар. Сермұхамед Қызылжар ауданының Бескөл кентіне қоныс аударғаннан кейін отбасын асыраудың амалын іздестіріп, адамдарға жалданып, отын дайындаумен айналысты. Қырық жамау тракторын кәдеге жаратудың арқасында бала-шаға нәпақасын тауып жүрді. Түскен қаражатты қанша үнемдесе де жетпейтінін біліп, тұрып жатқан баспанасын сатып, ескі болса да жарамды станоктар сатып алды. Ағаш өңдеу цехын іске қосып, сұранысқа қажетті өнімдер шығара бастады. Сонда көзінің бір жеткені, адамдардың табиғат байлығын қалай болса солай есепсіз пайдаланатыны, қоршаған ортаға деген немкеттілік еді. Жас өскіндерге дейін қынадай қиылып жатқанын көргенде жаны қатты ауыратын. Содан тәуекелге бел буды. Алдына ағаш қалдықтарына дейін жаратып, экологиялық таза түйіршікті қатты отын дайындау мақсатын қойды. Шетелдік тәжірибелерді зерделей келіп, отандық озық жобалар мен бағдарламаларға қатысуға белсене кірісті. Тендер арқылы Боголюбов орман шаруашылығына қарасты үлкен алқапты ұтып алды. Одан жылына 34 мың текше метр ағаш әзірлеп жүрді. Ол жерге жылына 340 гектар көшет отырғызуды ұмытпады. Елді мекеннен қосымша ағаш өңдеу цехын пайдалануға беріп, ондаған тұрғынға жұмыс тауып берді. Беларусьтен, Ресей­ден ағаш тілетін заманауи станоктар, сүргі қондырғылары әкелінді. Бүгінде негізгі өндіріс өнімдері төрт қырлы бөренелер, қоршау қадалар, түптақтайлар, үй жиһаздары, есік-терезелер, қазақы үстелдер, орындықтар секілді 50-ге жуық өнім түрлері саналғанымен, қалдықсыз өнім шығаруға да маманданған. Ол үшін тың жоба көтеріп, «жасыл экономика» бағдарламасы аясында ағашты тереңдетіп өңдеуге басымдық берілді. Ағаш үгінділері мен жоңқаларды тереңдетіп игеру арқылы пеллебрикеттер шығаратын болды. Оны жалпақ тілмен «еуроотын» деп те атайды. Бір артықшылығы, қуаттылығы жоғары және қалдық қалмайды, түгел жанып кетеді. Экологиялық таза өнімдерді тұрғын үйлерді жылытуға да қолдануға болады. Өндіріс кешені «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде алынған несиеге тұрғызылды. Озық технологиялармен жабдықталып, жылдық қуаттылығы 300 тоннаны құрай­ды. Қазір цехта 30-ға жуық адам еңбек етеді. Өнімдер ішкі нарықтан басқа Астана, Алматы, Қара­ғанды, Шымкент қалаларына да жөнелтіледі. Экспортқа шыға­ру жайы да ойластырылған. Жыл өт­кен сайын өндіріс аясы кеңейіп келеді. Соған сәйкес жаңа жұмыс орын­дары ашылып, сайдың тасын­дай азаматтар іріктеліп алынады. Кәсіпорын республикалық деңгейдегі түрлі байқаулардың жеңімпаз-жүлдегерлері саналады. «Парыз-2014» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бай­қауында «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында бас жүлдені иеленді. Оның алдында күміс жүлдені, «Үздік орман пайдаланушы» атағын қанжығаға өңгер­ген болатын. Өндіріс цехында бригадир Евгений Музыка, ағаш кесуші Руслан Есенбаев, тағы басқа өз ісінің білгірлерінің есімдері мақтанышпен аталады. Халал стандартымен жұмыс істейтін дүкен, асхана, тынығу бөлмелері бар. Жұмыскерлерге 11 пәтерлі 7 үй тұрғызылып берілді. Коммуналдық төлемдер кәсіпорын есебінен өтеледі. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы