Жуырда облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова басқаратын облыстық ономастикалық комиссияның отырысы өтті. Cол отырыста аудан орталығындағы Железинка қазақ орта мектебіне ұлтымыздың біртуар азаматы, халқына «Оян, қазақ!», деп ой салған, биыл туғанына 125 жыл толатын Міржақып Дулатұлының есімін беру жөніндегі ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Сондықтан, мектеп ұжымы, оқушылар енді бұл ұсыныстың жоғарыдан бекітілуін асыға күтуде.
Негізінен, бұл бастаманы қазақ мектебіндегі балалардың санын көбейтіп, осы жерге Өзбекстан жағынан көшіп келген оралман ағайындар, мұғалімдер, ата-аналар көтерген еді. Бұл іске ұлтжанды азамат Жанат Шұғаев басқаратын аудан әкімдігі де аз үлес қосқан жоқ. Жалпы, бұл аудан орталығында өмірі қазақ мектебі деген болмаған. Қазақ мектебінің салынуы, біріншіден, ел
егемендігінің, Елбасының арқасы болса, екіншіден, бұл сауапты іске сол кездегі облыс әкімінің қамқорлығы мен қолдауы тигені де шындық. Қазір аудан орталығындағы жарқыраған жаңа мектепте жыл сайын қазақ тілінде білім алатын оқушылар қатары көбейіп келеді.
Успенкада да жаңа мектеп салынды, Өзбекстаннан келген оралман ағайындардың балалары мектеп сыныптарын толтыруда. Мектепке еліміздің әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің есімін беру туралы ұсыныстар бар. Бүгінде оның құжат-қағаздары дайын көрінеді. Облыс әкімінің орынбасары Әлия Қайратқызы мұндай мән-маңызы зор, мақсатты шаралардың аяқсыз қалмауына үлес қосады деп сенеміз. Өйткені, алда Железинка, Успенка аталып тұрған аудан және аудан орталықтарының да байырғы атауларын ежелгі атына қайтару міндеті тұр. Ал қазақ мектептеріне ұлтымыздың біртуар ұлдарының есімдерін беру арқылы жас ұрпақты елін, жерін, ұлтын сүюге, ана тілін құрметтеуге сай тәрбиелей аламыз, әрі елі үшін тер төккен ғазиз жандардың өлмес рухы оларды әрқашан қолдап, жебеп жүретіні күмәнсіз.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.