23 Тамыз, 2016

Әке жолын қуған қыз

405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
22-08-16-syzdykovaСолтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Камен­ный Брод ауылында тұратын Сыздықовтар отбасының қуанышына, жарқын жеңісіне ортақтасып, құттық­таушылар қатары көп. Шалғай елді мекенді қоныс еткен әке-шешесі Әнуарбек пен Мәрзияда тіпті ес жоқ. Әнуарбек жастайынан спорт­тың бірнеше түрімен айналысқан. Мектепте оқып жүргенде аудан­дық, облыстық бәйгелердің алдын бермеген. Ал отбасындағы 4 ұл-қыздың арасында жолын қуғаны Эльмира болды. – Бір күні Саран қаласында балалар және спорт мектебінің директоры болып жұмыс істейтін ағамның баласы Райымбек ауылға келгенде, Эльмирамның спортқа деген ерекше ынта-ықыласын байқап, Қарағандыға алып кет­кісі келді. 7 сыныпта оқитын қызы­мызды баласынып жүрген біз бастапқыда келіспедік. Алайда, қабырғамызбен ақылдаса келіп, бағын байламауды ойладық. Ә.Молдағұлова атын­дағы дарынды балаларға арналған ма­ман­дандырылған спорт мектеп-интернатқа түсіп, со­дан кейінгі өмірі күреспен ты­­ғыз жалғасып келеді,–дейді Әнуар­­бек өткен күн­дерді еске алып. – Эльмира алғашқы белдесуде жеңілгенде қатты қобалжыған боларсыздар? – Атағынан ат үркетін ресей­лік балуан қызды Эльмира бұрыннан білетін. Қай жарыста екені есімде жоқ, ұтқаны да бар. Ә дегеннен сәтсіздікке ұшыраса да, жүлдегер болады-ау деген сенім­ді жоғалтпадық. Наталья Воро­бьеваның жартылай финалға шығуы қола үшін белдесуіне жол ашып, көңіліміздегі үміт отын тұтатты. Иә, Эльмираның боз кілем үстіндегі кездесулері, жеңіске деген ерекше құштарлығы, қай­сар мінезі бәріміздің көз алды­мыз­да, өте тәнті етті. Жұба­ныш белдесуінің бірінші кезе­ңінде монғол Очирбатын Насанбурманы 3:1 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін мысырлық Энас Мұстафаны қалауынша иліктіріп, 3 ұпай есебімен басым түсті. Осылайша қазақ қыздары арасында күрестен Олимпиада жүлдесіне іліккен тұңғыш спорт­шы атанып, есімі алтын әріп­термен жазылды. – Айтпаңыз, – дейді Әнуар­бектің апасы, осында мектеп директоры қызметін атқаратын Айжан Сыздықова. – «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады» демекші, Эльмирамыз күреседі дегенде, інімнің шаңы­­рағына ауыл болып жиналып, сарала таңды сарыла күтіп отырдық. Моңғол қызын жеңгенде, үстімізден ауыр жүк түскендей жеңілденіп сала бердік. Енді Эльмира мен Данеляның Рио-де-Жанейродан оралуын тағатсыздана күтіп отырмыз. – Эльмира түсінікті. Данеля кім? – Туған сіңлісі. Қарағандыда бірге тұрады. Әпкемнің тілеушісі боламын деп, еріп кеткен. Бірінші болып «сүйіншілеген» де сол. Эль­мираның алғашқы жаттық­тырушысы – әкесі. Күрес­тің әліп­песін үйретіп, қыр-сырына баулыған. Спорт мектебінде Вла­димир Старо­сельский баптаса, қазіргі жаттықтырушысы – Владислав Сутормин. Бір басына жетерлік атақ-даңқын Әнуарбек санамалап шықты. – Былтыр өткен «Mongolian Open-2015» халықаралық тур­нирі есімде жатталып қалыпты. Улан-Батор төрінде қызымыз қарсылас шыдатпады. Ақтық ай­қаста АҚШ-тан келген Бей­жің Олимпиадасының жүл­дегері Рэнди Миллердің мысын басты. Астана қаласында ұйым­дастырылған Азия чемпионатында вьетнам, корей, өзбек балуандарын қоғадай жапырды. Финалда үнділік спортшыны 8:1есебімен ойсырата ұтып, Рио жолдамасына ие болды, – дей­ді қызының Олимп шыңына жету­дегі жеңісті жолдары жайлы әкесі. Қазақ қыздарының Олимпиа­дадағы алғашқы медалі ізбасар­ларына жұғысты болғай! Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы