23 Тамыз, 2016

Мал дәрігерінің «мойындалмаған» мәртебесі

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Үкіметі халықтың әлжуаз топтарын әлеуметтік жағы­нан қорғау шараларын дамытып келеді. Соның бірі – 1991 жылғы 19 желтоқсандағы №1930 қаулы бо­йынша жасалып, бекітілген ауыр және адам денсаулығына, өмі­­ріне зиянды деп саналатын жұ­мыс­тардың, мамандықтардың №2 тізімі. Бұл тізімге медицина, обаға қарсы күрес бөлімі қызметкерлері, көлік саласындағы аккумулятор цехында істейтіндер, микроорганизмдермен жұмыс жасаушылар, туберкулез ауруын және іріңді жараларды емдейтіндер енгізіліп, оларға қосымша өтемақы төленеді. Өкінішке қарай, адам ден­сау­лығына зияндылығы осы атал­ған мамандықтардан артық бол­маса, кем емес ветеринария қыз­меткерлері бұл тізімге енгізіл­меген. Неге?! Алдымен ветеринария қыз­ме­тінің зияндылығына дәлел келті­рейік. Біріншіден, жылдың қай мез­гілінде де ауырған малды мал дә­рігері барып қарайды. Өлсе ауруын анықтау үшін бірінші болып сойып қарайтын, қажет болса, зертханаға жіберетін де солар. Егер оба сияқты өте қауіпті ауру­лардан күдіктенсе, оба ауруы­на қарсы күрес бөліміне хабар­лайды. Осыдан кейін ғана олар келіп, зерттеу жүргізеді. Құты­ру ауруы да жиі кездеседі. Бұл ауруларды да кли­ни­калық тексеру, қарау, байқау – мал дәрігерінің міндеті. Инфек­циялық сібір жарасы, пастереллез, туберкулез, бруцеллез, листе­риоз, эмкар, вибриоз, брадзот ауру­ларының адамға қауіптілігін ешкім жоққа шығармайды. Сол сияқты сероло­гиялық тексеру үшін малдан қан алынады. Бұл да мал дәрігері өмі­ріне қауіпті екені ақиқат. Жұқ­палы аурулардың алдын алу мақ­са­­тында егу жұмыстары жүргі­зіледі. Табындағы малдың бәрі бірдей жуас емес. Әсіресе, бас білмейтін жыл­қы, сиыр малдарының оқыс қимы­лынан мал дәрігерінің жара­қат алуы немесе абайсызда өзінің қолын өзі егіп алуы да кездеседі. Екіншіден, №2 тізімге енген аккумулятор цехында істейтіндер тек күкірт қышқылымен жұмыс жасайды. Ал мал дәрігері адам ден­саулығына зиянды мұндай қыш­­қылдар мен тұздардың бір­неше түрімен жұмыс жасайтыны да шындық. Сондай-ақ, ветеринария жұмыстары медицина саласындағы жұмыстармен салыстырғанда зиянды, әрі лас, әрі көп. Ұзақ жыл осы салада жұмыс жасаған дәрігерлерінің денсаулығы басқа мамандық иеле­ріне қарағанда көп төмен болатынын өмір көрсетіп келеді. Қазіргі кезде арнаулы орта білімді және жоғары білімді ветеринария дәрігерлерінің айлық жалақысы 35-58 мың теңге шамасында. Бұл мұғалімдердің, медицина саласында жұмыс істейтін ма­ман­дардың жалақысынан әлде­қайда аз. Ауыл шаруашылығының ең қажетті маманы – ветеринария дәрігерлері. Мал шаруашылығын дамытуда бұл мамандық иелерінің атқаратын жұмысы өте маңызды. Бұдан шығар қорытынды, ве­те­ринария қызметі – адам денсау­лығына аса қауіпті мамандық­тар­дың бірі. Сондықтан бұл мамандық та № 2 тізімге енгізілсе дұрыс болар еді. Осы жағдайды Үкімет басшысы назарына алса екен деймін. Сатыбалды ЖҰМАШЕВ, ветеринария саласының дәрігері