23 Тамыз, 2016

Жүйелі жұмыс, нақты нәтиже

295 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Жамбыл жұртының 95 пайызы қазақша сөйлейді Еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл­да мемлекет тарапы­нан бір­тұтас тіл саясаты қалыптас­ты­рылып, қазақ тіліне мемлекеттік мәр­тебесі беріліп, қолданыс өрісі кеңейді. Бүгінде мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілі  мемлекеттің барлық аумағында қоғам­дық қатынастардың барлық сала­ларында қолданылатын мем­ле­кеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс жүр­гізу тіліне айналды. Бұл біздің мем­лекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны, еліміздің ең маңыз­ды жетістіктерінің бірі. Әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша бүгінгі таңда облыс көлемінде мемлекеттік тілді мең­гер­гендердің үлесі – 95,09 пайыз­ды, орыс тілін – 91,01, ал ағыл­шын тілін – 8,03, үш тілді, яғни  қа­зақ, орыс және ағылшын тіл­дерін меңгергендердің үлесі – 8,02 пайызды құрап отыр. Биыл бізге қарасты Мемле­кет­тік тілді оқыту орталығы  Тілдерді оқыту орталығы болып өзгертілді. Себебі, орталықта биылғы жылға дейін басымдық мемлекеттік тілді меңгертуге беріліп келген болса, қазіргі уақытта ағылшын және орыс тілдерін де оқыту жұмыстары жүргізілуде. Оқыту орталығында облыс көлеміндегі барлық сала қызметкерлеріне курстар ұйымдастыру арқылы мемлекеттік тілмен қатар ағыл­шын, орыс тілдері де ақысыз негізде оқытылады. Бұл ретте ересек тұрғындарға тілдерді мең­герту үшін облыстың 10 ауданын­да үш тілде оқыту курстары ашылды. Тілдерді оқыту орталы­ғында 26 этностың өкілі қазақ тілін тегін оқып үйренуде. Бүгінгі таңда тіл үйрену­ші­лердің жалпы саны – 1 837. Оның 731-сі қазақ, 1 106-ы өзге ұлт өкілі. Жалпы тыңдаушылардың 542-сі мемлекеттік қызметші,            1 10­1-і бюджеттік саладағы қыз­меткер, ал 194-і өзге сала өкіл­дері. Мемлекеттік тілді 1 219 тың­даушы оқып-үйренуде. DSC_0309Еліміздегі мемлекеттік саясат­тың маңызды бөлігіне айналып отырған тіл саясатының басты мақсаты да – мемлекеттік тілді көптілді Қазақстанның ортақ ті­ліне айналдыру, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, жетекші орынға ие болатын дәрежеге жет­кізу. Өзге ұлт өкілдерінің қазіргі уа­қытта қазақ тілін білуге деген ниеті, ынтасы қуантады. Бүгінде 26 этнос өкілдерінен құралған оқыту топтарында 1089 өзге ұлт өкілі мемлекеттік тілді оқып-үйренуде. 2016 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында ағылшын тілін оқып-үйрену  курсында оқитын тыңдаушылар  саны 410-ды құрап отыр. Жалпы облыс бойынша ағылшын тілінде дәріс алатын 36 топта 396 қазақ, 14 өзге ұлт өкілі оқиды. Орыс тілін оқып-үйрену курсында 208 тыңдаушы оқиды. Басқарма Қазақстан Рес­пуб­ликасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясаты туралы заңын және «Қазақстан-2020: болашаққа жол» Қазақстан Рес­публикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын және 2015-2020 жылдарға арналған Үштілді білім беруді дамыту жол картасын басшылыққа ала отырып Тараз мемлекеттік педагогикалық инсти­тутымен меморандумға қол қойды. Меморандум аясында үш­тұғырлы тіл саясатын насихат­тау, үш тілді меңгерген, сауатты жастардың санын арттыру мақ­сатында 50 студентті Тілдерді оқы­ту орталығына тарта отырып, қазақ, орыс және ағылшын тіл­дерін қатар меңгеруіне ықпал етілуде. Тілдерді дамытуға және тілдік мәдениетті қалыптастыруға негіз болатын тіл саясатын іске асы­рудағы маңызды салалардың бірі – оқу орындары, жалпы алғанда білім жүйесі болып табылады. Бүгінде, жалпы білім беретін 449 мектепте 3 365 өзге ұлттың баласы қазақ сыныбында оқыса, 425 балабақша мен шағын орталықтың қазақ тобында есепті мерзімде 3 000-ға жуық бала тәрбиеленіп отыр. Облыс бойынша барлығы 449 мектеп бар, оның ішінде қазақ мектебі – 311, орыс – 15, аралас – 122, 1 – өзбек мектебі. Өңірдегі жоғары оқу орындарында 2015-2016 жылдары 70-ке  жуық студент Польша, Германия, АҚШ-қа барып, 1 оқу семестр мерзімінде ағылшын тілі бойынша білімдерін жетілдіріп келді. Облыс бойынша шығыс құ­жат­тарының мемлекеттік тілдегі  үлесі 2016 жылдың бірінші жар­ты­жылдығында 99,0 пайызды құрады. Бұл тек мемлекеттік мекемелердегі көрсеткіш. Мемле­кеттік емес мекемелердегі іс қағаз­дарының тек орыс тілінде жүргі­зілуі де – үлкен мәселе. Яғни, кейбір мекемелердің Қазақ­стан Республикасының тіл туралы заңының тиісті баптарын орындамай отырғандығы айқын. Бас­қарма заң талаптарына сәйкес тек мемлекеттік мекемелерді ғана тексере алады. Яғни, бұл талап облыс бойынша барлық ұйым­дардағы заңның орындалуына бақылау жүргізуге шектеу қойып отыр. Шығыс құжаттарының тілдік арасалмағы төмен 7 мекемеге тек­серу жұмыстары жүргізіліп, анық­талған кемшіліктер бойынша әдістемелік көмек көрсе­тілді. Сонымен қатар, жеке азамат­тардың арыз-шағымдары бойын­ша Жамбыл электр жүйесіне және оған қарасты Та­раз қалалық электр жүйесінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заң талаптарының сақталмауы бойын­ша жеке тұл­ғадан өтініш түсіп, тексеру жұмыстары жүргізілді. Өтініш­тегі нақты мәліметтерге сәйкес қателіктер расталып, аталған мекеме басшысына ескерту жасалып, бір жыл мерзім ішін­де кеткен қателіктерді түзету үшін уақыт берілді. Тексерудің нәтижесі бойынша аталған мекеме қызметшілері Тілдерді оқыту орталығына тартылып, бүгінде 2 топ ашылып, қазақ тілін тегін оқып-үйренуде. Бұл, әрине, бір ғана мысал, облысымызда мұндай меке­мелердің тізімі, өкінішке қарай көп. Басқарма қазіргі уа­қытта осындай мекемелермен жұмыстар жүргізуде. Сол меке­мелердің қызметкерлерін оқыту орталығына тартып, ана тілімізде жазуды, сөйлеуді, іс қа­ғаз­дарын мемлекеттік тілде жүр­­гізуді үй­ретуді қолға алып отыр­мыз. Қазіргі уақытта тіл жанашыр­лары, жалпы, көпшіліктің нара­зы­лығын тудыратын өзекті мәсе­лелердің бірі – тіл сауаттылығын, мәдениетін сақтау. Бәсекеге қабілетті орта тілдік мәдениеттің дамуына, әдеби тіл нормаларының сақталуына айрықша назар аударуды талап етеді. Бұл қазақ тілінің ғана емес, барлық тілдерге қатысты. Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде әлеуметтік желілерде тілдік нормалардың бұзылуы жиі кездесіп жататыны белгілі. Бұқаралық ақпарат құрал­дар­ындағы орфографиялық, ор­фо­эпиялық тіл нормаларының сақталуы басқарма тарапынан қадағаланып отырады. Облыстың, қалалық, аудандық басылымдарда тіл нормаларының сақталуын қадағалау мақсатында арнайы комиссия жұмыс жүргізеді. 2015 жылда жүргізілген зерделеудің нәтижесі бойынша Тілдерді дамыту басқармасы мен Қазақстан Журналистер одағы қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен бірлесе отырып «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл нормалары» атты облыстық семинар өткізілді. Біздің тіліміз бүгінгі күні сөз байлығы жағынан әлемде дамы­ған тілдердің қатарына жата­ды. Себебі, қазақ тілінің сөздік құра­мы халқымыздың басынан ке­шірген бүкіл өмірінің, шаруа­шылығы мен кәсібінің, материал­дық байлығы  мен рухани қа­зынасының айнасы, куәсі іспетті, жылдар бойы қалыптасқан ұзақ дамуының жемісі. Сондықтан, оны дұрыс көрсете білу қалам ұстағандардың азаматтық міндеті болуы керек. Басқарма тарапынан жыл сайы­н дәстүрлі түрде ұйымдас­ты­рылатын көркемсөз оқу шебер­лері­нің республикалық бай­қауы, Абай оқулары, Жамбыл оқула­ры, «Тіл – парасат», «Ой-сана», «Тіл – тұнық ойдың кәуса­ры»  олимпиадаларының тіл мәде­ниетін қалыптастыруда үлесі зор. Жалпы облысымызда 150 ауылдық округ, 3 аудандық маңы­зы бар қала, 384 елді мекен, 5 394 көше бар. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде есімдері халық жадынан ұмыт бола бастаған батырлар мен билердің, көрнекті мемлекет және қоғам, әдебиет, өнер және мәдениет қайраткерлері мен ғалымдардың есімдері ортамызға қайта оралды. Сол арқылы  ұлт тарихының жаңа беттері ашылды. Олардың құрметтеріне ауыл­дарға, мәдениет және білім нысан­дарына, көшелер мен саябақ­тарға есімдері беріліп, еңселі ескерткіштері бой көтерді. Тәуелсіздік алған жылдан бері 1 924 көше, 172 нысан, 146 елді мекен атауы қайта аталды. Жалпы, өңірдегі атау беру жұ­мысын ретке келтіру міндеті жүк­телген облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясы 2005 және 2010 жылдар аралығында облыс бойынша 240  көшенің атауын өзгертіп, оның 214-іне адам аттары, 28-іне тарихи атаулары қайтарылған  және 6-ына жаңа атаулар берілген. 10 ауыл мен 2 ауылдық округ (Т.Рысқұлов ауданына қарасты Ленин ауылдық округі – Ақбұлақ, Меркі ауда­нын­дағы Ленин жолы ауылы – Ақжол, Красная заря – Тұрлыбай батыр, Мойынқұм ауданындағы Қызыл ту – Көкжелек, Қордай ауданындағы Славное ауылы – Арал, Рисполе – Бәйтерек, Жуалы ауданындағы Маяк – Майбұлақ, Марьяновка – Ақтоған және Юсуповка – Көктас және т.б.) жаңа атауларға ие болған. Ұлы Жеңіске 70 жыл толуы­на орай Кеңес Одағының батыр­лары мен бірқатар ордендермен марапатталған Ұлы Отан соғы­сы ардагерлерінің есімдерін көшелерге, нысандарға беру жұмыстары тоқтамнан тыс жү­зеге асырылды. Облыстық оно­мастика комиссиясы 2015 жылы Шу, Талас, Меркі, Қор­дай аудандарындағы идео­логиялық тұрғыдан ескір­ген жалпы 12 көшеге ҰОС арда­гер­лерінің есімін беру туралы ұсынысты мақұлдады. Ал рес­публикалық ономастика комис­сиясының қорытындысы негі­зінде Тараз қаласындағы атауы жоқ жаңа 2 көшеге (Д.Баянов, П.Тілеубаев) және Меркі аудан-дық білім бөліміне қарас­ты №7 орта мектебіне ҰОС ар­дагері, Социалистік Еңбек Ері А.Тұрғымбаевтың есімдері беріл­ді. Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімінің «№7 Жетітөбе орта мектебін» Тұрсын Әкімовтің есімімен қайта атау туралы Үкі­меттің қаулысы жобасына зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 2015 жылы 14 көше және 2 нысанға жаңа атау берілді. Көшенің немесе елді мекеннің атауын өзгерту мәселесі туын­даған жағдайда берілетін жаңа атауға жауапкершілікпен қа­рап, мән беру басқарма тарапының назарында. Жалпы атау беру мәселесінде басымдық байырғы тарихи атау­ларға, дәс­түрлі ұғым­дарға беріл­гені дұ­рыс. Халық көп жағдай­да кісі есімдерін беруге әуес. Жекеленген тұлғалардың есімдерін беруде, ең алдымен, олардың жалпы мем­лекеттік, ұлттық деңгейдегі еңбектері, атақ-дәрежесі ескерілуі тиіс. Атаулар беруде, әсіресе, өңірлік, аймақтық психологиядан арылу қажет. Атау беру және қайта атау барысында тарихи, байырғы атау­ларды қайтару жөнінде көп­­теп айтамыз. Дегенмен, өл­кедегі тарихи атаулардың құн­дылығы мен маңыздылығы өске­лең ұрпаққа қаншалықты наси­хатталуда? Осы ретте, облыстық ономас­тика комиссиясы мүшелерінің ұсынысын басшылыққа ала отырып, ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масындағы «мемлекеттік БАҚ эфиріндегі мемлекеттік тілдегі жаңа телевизиялық жобалар санының өсу» көрсеткішіне қол жеткізу мақсатында басқарманың қаржыландыруымен жергілікті «Қазақстан-Тараз» телеарна­сын­да мемлекеттік тіл саяса­тын насихаттауға, өңірдің ономас­тикалық ахуалын ашып айтуға бағытталған «Тіл сақшысы» атты жаңа телебағдарлама эфир­ге шықты. Бүгінгі таңда, көрер­мендердің жақсы пікірін қалып­тас­тырып та үлгерді. Еліміздің өркениетті елдер санатына қосылуына, мемлекетіміз бен ұлтымыздың мәртебесін танытатын мемлекеттік тіліміздің одан әрі өркендеуі мен дамуына, сонымен қатар жаңа, бәсекеге қабілетті Қазақстанды қалыптастыруда маңызы зор. Ғалия БОРАНБАЕВА, Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы