24 Тамыз, 2016

Жасампаздық жылнамасы

561 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
логотип к 25 летию ДНК-1Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі 1991 жылдың 16 желтоқсанында жарияланғанымен, азаттықтың алғашқы тұтас жылы 1992-ге тиесілі болды. Өйткені, ел Тәуелсіздігі жарияланған сәттен кейін 15 күн өткен соң 1992 жыл басталып кеткені белгілі. Сондықтан Қазақстан халқы аталған жылда жүзеге асырылған игі істерді әрдайым құрметпен еске алады. Шын мәнінде, егемен еліміздің бүгінгі жетістіктеріне 1992 жылы қолға алынған батыл бастамалар, сауатты да салмақты қадамдар негіз болды деп сеніммен айта аламыз. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қиындықтың құрсауында қалған сол кездегі Қазақстанды алға сүйреу мақсатында тарихи сарабдал шешімдер қабылдағанын ерекше атап өтуге тиістіміз. Сонымен, 1992 жылы қандай тарихи оқиғалар болып еді?

kazakhstan 1992-11992

* 3 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Бағаны ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлық негізінде өндірістік-техникалық бағыттағы өнімдерге, халық тұтынатын тауарларға, қызмет түрлеріне қатысты нарықтық бағалар мен тарифтерге көшу белгіленді; * 6 қаңтарда Елбасының төрағалығымен Конституциялық комиссияның мәжілісі өтті. Онда Қазақстан Республикасының Негізгі Заңының жобасы талқыланды; *7 қаңтарда «Қазалтын» өндірістік бірлестігінің басшысы М.А.Мұртазаев Президент Н.Ә.Назарбаевқа еліміздің кенінде балқытылған алтын мен күмістің алғашқы кесегін табыс етті. Бұл еліміздің жер қойнауынан алынған алтын-күмістің тұңғыш рет Қазақстанның өз игілігіне айналғанын білдірген-ді; * 10 қаңтарда Президент, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Ішкі әскерін құру туралы Жарлыққа қол қойды; * 14 қаңтарда Президент Н.Ә.Назарбаев халықты әлеу­меттік жағынан қорғау мәселелері бойынша Қазақстан хал­қына Үндеуін жариялады. Елбасы өз Үндеуінің соңын­да: «Сіздердің Президентіңіз ретінде өтпелі кезеңнің ауырт­па­лығы мен қиыншылықтарын халыққа жеңілдету үшін қо­лымнан келер және мүмкін болар нәрсенің бәрін істемекпін», деді; * 15 қаңтарда «Қазақстан Республикасының діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы  қабыл­данды; *17 қаңтарда Мемлекет басшысы Мәскеуде АҚШ елшісі Роберт Страусты қабылдады. Кездесу барысында елші АҚШ тарапы тәуелсіз Қазақстан басшысының ресми сапарын асыға күтіп отырғанын хабарлады; * 25 қаңтарда Елбасы атына Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Бутрос Ғалидың жолдаған жеделхаты келіп түсті. Хатта БҰҰ тарапынан Қазақстанға үлкен сенім білдірілген. Бұл туралы хабар «Егеменді Қазақстан» газетінің 28 желтоқсандағы нөмірінде «Сүйінші, халқым, сүйінші!» деген тақырыппен жарық көрді; *30 қаңтарда Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүшелікке өтті; * 3 ақпанда Алматыда Аме­рика Құрама Штаттарының Қазақ­стан Республикасындағы елші­лігінің ашылу салтанаты болды. Бұл – республикамыздағы шет мемлекеттердің тұңғыш елші­лігі болатын; * 7 ақпанда Президент Н.Ә.На­зарбаев «Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік басқару органдарын экономикалық реформа жағдайында ұйымдастыру және қызметін жетілдіру туралы» Жарлыққа қол қойды. * 18 ақпанда Қазақстан балаларының «Бөбек» мейірімділік қоры өз қызметін бастады; * 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүшелікке өтті. Осылайша Қазақстанның дербес субъект ретінде халықаралық қатынастар жүйесінде әлем елдерімен ықпалдасуы басталды; * 10 наурызда Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскеніне жүз күн толды. Осы күні «Егеменді Қазақстан» газетінде Елбасының «Империялық одақтан – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына» атты көлемді мақаласы жарияланды; * 16 наурызда Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен елдің егемендігін қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ басқа да өмірлік маңызы бар мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстанның Республикалық Ұланы құрылды; * 21 сәуірде Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиясы тарихында алғашқы сенім грамотасы тапсырылды. Алматыда тіркелген елшілердің арасында бірінші болып Президент Н.Ә.Назарбаевқа сенім грамотасын Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Арғын Өзпай тапсырды; * 29 сәуірде Түркияның Премьер-министрі Сүлеймен Демирел Алматыға келді. Осы күні Түркияның Қазақстандағы елшілігі ресми түрде ашылды; * 7 мамырда Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес, ел территориясында орналасқан әскери құрамалар, бөлімшелер, бөлімдер, мекемелер, ұйымдар, полигондар, арсеналдар, базалар, қоймалар, жылжымалы және жылжымайтын әскери мүлік Қазақстан Республикасының қарауына өтіп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына қосылатын болып белгіленді. Қарулы Күштерге басшылық жасауды Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы жүзеге асырады; * 9 мамырда Түрікменстан астанасы Ашғабатта жаңадан тәуелсіздік алған түркітілдес мемлекеттер мен жалпы мұсылман әлемінің арасындағы байланысты жолға қою мақсатында алқалы жиын өтті. Оған Иран Президенті Әли Акбар Хашеми Рафсанджани, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев, Пәкістан Премьер-министрі Наваз Шариф, Түркия Премьер-министрі Сүлеймен Демирел, Түрікменстан Президенті Сапармурад Ниязов, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов қатысты. Кездесуде аймақтық ынтымақтастықтың кең ауқымды бағдарламасы ойластырылып, келісілді; * 15 мамырда ТМД-ға мүше 6 елдің (Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан) президенттері Ташкентте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойды; * 17 мамырда Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанынан Жоғары аттестациялық комиссия құрылды; * 20 мамырда Вашингтонда  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Джордж Бушпен кездесті. Нәтижесінде, екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін бірқатар құжаттарға қол қойылды. Айта кетейік,  Елбасының 17-23 мамыр аралығындағы АҚШ-қа жасаған бұл алғашқы ресми сапары Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынасына, сонымен қатар әлемдік қауіпсіздікке айтарлықтай жаңалық әкелді. Сапар барысында Н.Назарбаев қаржы, инвестиция, ғылым, техника, білім саласындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді. Бұл келісімдер нәтижесінде «Шеврон», «Теңізшевройл» сынды  бірлескен компаниялар ашылды. Осы сапарында Елбасы еліміздің Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылатындығын мәлімдеді. 05 (236)