24 Тамыз, 2016

Динара Сәдуақасова – әлем чемпионы

735 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Динара СәдуақасоваҚазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова 20 жасқа дейінгі жастар арасында Үндістанның Бхуванесваре қаласында өткен әлем чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды. Осы додада ол әйелдер арасын­­дағы гроссмейстер және шахматтан халықаралық шебер атанды. Бұл атақтар әлем чемпионы атанған шахматшыға беріледі. Жастар арасында әлем чемпионы атану Динараның бала кезден бергі арманы еді. Өйткені, ол бұған дейін жастар арасындағы әлемдік шахматтың тәжін басына өлшеп көрген емес. Ол 2010, 2012 және 2014 жылдары үш дүркін әлем чемпионы болған. Сол кездері шахматшы қыз 14, 17 және 18 жасқа дейінгі жасөсіп­рімдер арасында өткен әлем бәйгесін ғана жеңіп алған болатын. Ал осы жолғы Динараның чемпиондық атағы тіптен ерекше. Бұл атақ шахматшыға әйелдер арасындағы гроссмейстер атанып, ФИДЕ тізіміндегі рейтингін көтеріп, жарысын өзінен үлкен шахматшылар арасында жалғастыруға мүмкіндік береді. Биылғы чемпионатқа 57 шахматшы қатысты. Динара осылардың арасынан қара үзіп шығып, 13 турда 9,5 балл жинады. Бұл жеңісіне Динара Сәдуақасова көп уақыт дайындалды. Биылғы жылдың сәуір, маусым айларында Дубай мен Ташкент қалаларында өткен Азия ұлттары кубогы мен Азия чемпионатына қатысып, бақ сына­ды. Соның біріншісінде – қола, екін­шісінде күміс медальді жеңіп алды. Ал былтыр Арменияның Ереван қаласында өткен Еуропа уни­­вер­­ситеттері арасындағы құрлық клуб­тық чемпионатында бас жүл­дені иеленді. Сол жылы Душан­беде Орталық Азияның әйел­дер арасындағы чемпионы атанды. Динара алғашқы кезде Астана­дағы Х.Омаров атындағы шахмат клубында бес жасынан бас­тап тәлім алып, кейін сонымен қатар, музыка мектебінің фортепиано сыныбын үздік аяқтап, көркем гимнастикамен шұғылданған. Осы білім ордасын да үздік дипломмен бітіріп шыққан. Бірақ оның шах­мат­­тағы жаттықтырушысы Ольга Черепанова Динараға: «Шахмат пен гимнастиканың біреуін таңдағаның дұрыс», дегеннен кейін, ол гимнас­тиканы біржола қойып кетеді. Бұл да бір жағынан дұрыс болған шығар. Қалай дегенмен, біздің көз алдымызда ала тақта өнерінің жарық жұлдыздары өсіп келеді. Бұл қатарға Динара Сәдуақасовадан басқа Гүлісхан Нақбаева, Мәдина Дәулет­баева, Гүлмира Дәу­летова, Жансая Әбдімәлік, Бибі­сара Асаубаева сияқ­ты талантты қыздарды жат­қызу­ға болады. Олардың бәрі жас бол­са да, еліміздің атақ-даңқын әлем­ге танытып, шахматтың дамуы­на елеулі үлес қосып жүр. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»