Енді біраз күндерден кейін ұлы Жамбылдың туғанына 165 жыл толады. Соған байланысты Жетісу өңірінде ақын даңқын асқақтату мақсатымен бірқатар ауқымды шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, республикалық ақындар айтысы мен облыстық оқушылар айтысын, жыр мүшәйрасын ұйымдастыру, мектептерде өткізілетін тақырыптық кештермен қатар, 5 сыныптан бастап әрбір өренге Жамбылдың жырын жаттату сияқты мазмұнды жұмыстар өрістеген.
Ақынның 165 жылдығын атап өту дайындығына өткен жылдан бастап-ақ қызу кіріскен жерлестері әуелі оның мұражай ғимараты мен кесенесін жөндеуді ойластырып еді. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылған бұл жұмыстың тиянағы туралы Жамбыл мұражайының директоры Мәулен Қожашев былай деді.
– Мен осы музейге 1974 жылы қыркүйекте бас қор сақтаушы болып қызметке тұрдым. Содан бері ағымдағысы бар, басқасы бар бірнеше мәрте жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ең көзге көрінерлігі – ақынның 150 жылдығы қарсаңында орындалған жұмыстар дер едім.
Енді, міне, облыс әкімі Серік Үмбетовтің қамқорлығы нәтижесінде былтырғы қыркүйектің 1-інен желтоқсанның 10-ына дейінгі аралықта жедел жөнделсе де, өте сапалы атқарылған жұмыстарға барша келушілер дән риза. Мұражайға қарасты 7 ғимаратпен қоса ақынның кесенесі, ұлы композитор Нұрғиса Тілендиев ескерткішінің айналасы түгелдей абаттандырылды. Оған бюджеттен 70 млн.теңгеден астам қаржы жұмсалды. Күрделі жөндеу жұмыстарын Анатолий Рябинин басқаратын «Алматы ауыл құрылыс» мекемесінің ұжымы атқарса, қосалқы жұмыстарын «Күмбез» серіктестігі жүргізіп, кесененің көркін келтірді. Атамыздың аруағы дем берген болар, қысқа мерзімде қыруар іс тындырылды.
Иә, Жамбылдың ең сүйікті ұлдарының бірі Қожаштың немересі Мәулен мұражай тізгінін қолына алғалы да отыз бес жылға жуықтапты. Оның білікті басшылығымен істелген жұмыстар аз емес. Қай кезде келсеңіз де айналасы мұнтаздай тап-таза. Сан алуан гүлге оранып, бағында бұлбұл сайраған мұражайдың ауласына кірген адамның шыққысы келмейді.
Ақынның көзі тірісінде ағаштан салынған үйдің 12 бөлмесіндегі жәдігерлерді тамашалап, 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 900 шаршы метр аумағында қосымша салынған мәжіліс залын еркін аралайтын келушілерді музей қызметкерлері қашан болсын құшақ жая қарсы алады. Сондықтан да шығар, Жамбылға тағзым ету үшін жыл сайын ең кемінде 11-12 мың адам ат басын бұрады. Әлемнің әр түкпірінен ағылатын аса мәртебелі қонақтары да үзілмейді. Мұражай ұжымның 2002 жылдан бері облыстағы 22 мұражай арасындағы өзара бәсекеде «Алтын сапа» белгісіне тұрақты ие болғаны жарқын жетістіктің бірі деуге болар.
Жамбыл деген сөздің төркінін қамал деп ұғынамыз. Ол расында, халқына қамал бола білді. Отызыншы жылдардағы ашаршылық пен аласапыран қуғын-сүргін кезінде елінің рухын сақтап қалды. Жанталасқан соғыста, жан-жағынан жауы анталап жеткенде, Нева өзені бойындағы кешегі Ленинградты шынайы қамалға айналдырған да Жамбылдың жалынды өлеңі болатын. Оның әрбір шумағы қоршаудағы елге дем берді, оқ болып атылды, снаряд болып жарылды.
Миллион жол өлеңді жадына тұтып, жатқа сапыратын дастандарын тыңдаған әдебиет сарапшылары тоқсаннан асқан құдіретті ақынның дарынына шүбәсіз бас иген күндерден бері де 70 жылдан асыпты. Әлем әлі Жамбылдың құпиясына тамсанумен келеді. Алашын жырына қосып, татулықты ту еткен Қатағанмен айтысын әлі күнге жырсүйер қауым бойтұмардай бағалайтынын да айтпай кету әбестік. Қазақтың төлқұжатындай болған оның мәртебесі қашан да жоғары.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.