25 Тамыз, 2016

Құқық қорғаушыларды кім қорғайды?

469 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ПолицияАдамға қазір жала жабу да, оны алдау да, нақақ қызметтен шығару да, көзкөрім қиянат жасау да, тіпті қаласа зорлық-зомбылық жасау да оңай іс болып тұр. Ал осындайда құқы уақытылы талапқа сай қорғалмаған адамның күні қараң екені белгілі. Демек, мұндай жағдайда тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың бәріне көмек қолын созатын құқық қорғаушылар ғана. Бастарын бәйгеге тігіп, өзгелердің ар-намысы үшін күреседі. Алайда, сөйткен құқық қорғаушылар құқын кім қорғайды? Олардың қауіпсіздігін елеп-ескеріп жатқан кім бар? Мәселен, сарапшылар зерттеуіне қарағанда соңғы жылдары елімізде құқық қорғаушыларға төнген қауіп айтарлықтай жоғары болып отырған көрінеді. Осыған орай «Құқық қорғаушыларды қорғаудың ұлттық тетіктерін енгізудің өзекті мәселелері» атты тақырыпта отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен елордада конференция өтті. Аталған іс-шара барысында шетел мемлекеттерінің адам құқықтары мен бос­тандықтарын қамтамасыз етудегі мем­лекеттік саясаттарының озық тәжірибесі, құқық қорғаушыларды қорғаудың тетігін анықтайтын заң жобасы туралы ұсынымдар, сондай-ақ осы саладағы ұлттық саясаттың бағыт-бағдарын анықтап, іске асыру туралы мәселелер талқыланды. БҰҰ-ның өкілі Джамшид Газеев құқық қорғаушылар туралы баян­дама жасады, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым өкілдері халықаралық, дипломатиялық миссиялар өз ұсыныстарын ортаға салды. Қазақстандағы азаматтық қоғам институттарының, адам құқықтары жүйесінің дамуына қолайлы жағдайдың жасалуы мемлекеттік саясаттың маңызды басым бағыттарының бірі екендігі де атап көрсетілді. – Құқық қорғаушылардың қызметі қашанда қауіп пен қатерге бас тігетін сала. Сондықтан елімізде құқық қор­ғау­шылардың құқын қорғайтын заңды барынша жетілдіру, шетелдік мамандардың пікірімен тәжірибе алмасу сияқты өзекті мәселелер қозғалды. Соңғы жылдары елімізде жүргізілген тексеру жұмысының нәтижесінде Қазақстанда қауіп төндіретін құқық бұзушы белсенділердің саны артқан, – дейді «Сорос-Қазақстан» қорының өкілі Айжан Ошақбаева. Ал «Қадір-қасиет» қоғамдық бірлестігінің директоры Анар Ибраева: – Статистикалық дерекке жүгінсек, 2015 жылдың қазан айынан бастап 2016 жылдың шілдесіне дейін 247 құқық қорғаушы мен 39 заңды тұлға қауіп-қатерге ұшыраған. Бұл алаңдатарлық мәселе, бүгінгі сұхбат алаңы – құқық қорғаушыларды қорғаудың ұлттық және халықаралық деңгейлерде қорғалуына жасалған тұңғыш қадам, деді. Дегенмен, расы керек, Қазақстан адам құқының сақталуы жөнінен көш басындағы мемлекеттердің қатарында. Бұл еліміздің жетістігін 2017-2018 жыл­дары Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болып сайлан­ған­дығынан-ақ байқауымызға болады. БҰҰ қызметінің негізгі бағытта­ры – жер бетінде бейбітшілік пен тұрақ­сыздықты қамтамасыз ету, мемле­кеттердің сан алуан саладағы ынтымақ­тас­тығына жәрдем беру, адам құқығы мен бостандықтарын қорғап, халықаралық құқықтың жүйелі дамуына ықпал ету болып табылады. Айта кетейік, бұл іс-шара Президент жанындағы Адам құ­қық­тары жөніндегі комиссия мен «Қадiр-қасиет» қоғамдық бірлестігімен бірлесе, Ни­дерланды Корольдігінің, БҰҰ Адам құ­қықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының, сондай-ақ «Сорос-Қа­зақстан» қорының қолдауымен өткізілді. Айман МҰҚЫШЕВА