25 Тамыз, 2016

Астанада олимпиадашыларға құрмет көрсетілді

386 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
???????????????????????????????????? Астанада Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Олимпиялық ойындардың чемпиондарымен және жүлдегерлерімен кездесті. Кездесуге спортшылармен бірге жаттықтырушылар, Олимпиадаға еліміздің делегациясының құрамында барған спорт мамандары қатысты. Жиында ҰОК президенті мен Мәдениет және спорт министрі отандастарымызды жеңістерімен құттықтап, Олимпиадаға қатысты өз ойларын ортаға салды.  Онда алдымен Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы сөз алып, спортшыларға ризашылығын білдірді. –Сіздерді Олимпиаданың сәтті аяқталғанымен құттықтаймын. Олимпиада біздің спортшылар үшін ел намысын абыроймен қорғап, отансүйгіштігімізді көрсететін жарыс алаңы болды. Спортшыларымыздың жеңісі елімізде спортты дамытуда тиісті жұмыстардың жасалып жатқанын көрсетті. Қазақстан Олимпиадада ешқашан 17 жүлде алып көрген емес. Сіздер жарыс алаңында намысқа тырысып, осы медальдарды жеңіп әкелдіңіздер, – деді ол. Одан әрі Тимур Асқарұлы отандастарымыздың Олимпиададағы жарыстарын еске алып, өзі көрген оқиғаларды айтып берді. –Мен Олимпиада басталар алдында Рио-де-Жанейроға келгенімде мынадай бір қызық нәрсені көрдім, – деді ол. – Біз жарыс өтетін жерлермен танысып жүргенде басқа бір елдердің спортшыларының Қазақстанның туы астында жаттығып жатқанын көрдік. Мұны біздің елге жақсы ырым болды деп баладық. Сол кезде ішімізден айтқанымыз кейін іске асып, еліміздің көк байрағы бір емес, бірнеше рет Бразилия аспанында қалықтап, әнұранымыз ойналды. Кездесуде ол Олимпиадада кейбір отандастарымыздың жүлде әкелетінін күтпегенін айтып, дегенмен спортшыларымыздың жақсы өнер көрсететіне бек сенімді болғанын  айтты. –Олимпиада алдында маған Дмитрий Баландиннің чемпион болуы мүмкін екенін ескертті. Содан бастап бұл жігітке үмітіміз артты. Енді, міне өздеріңіз көріп отырғандай Дмитрий Баландин – Олимпиада чемпионы. Мұндай спортшымен тек мақтану керек. Ал жалпы, Қазақстан құрамасы спорттың барлық түрінен Олимпиадаға жақсы дайындалды. Осы жерде Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтқым келеді. Біздің спортшыларымыз Бразилияға сүттен ақ, судан таза болып барды. Біз Олимпиада алдында халықаралық спорт комитетінің басшысы Томас Бахқа Қазақстан құрамасының Олимпиадаға жақсы дайындалып, ешқандай допинг қолданбай, таза бара жатқанын айттық. Сол үшін тиісті анализдер тапсырып, Германияға жібердік. Соңында таза екенімізді дәлелдедік. Спортта тазалық ешқандай нәтижені алмастыра алмайды, – деді ол. Осыдан кейін Мәдениет және спорт миистрі сөз алып, спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегін ұлттық құраманың жарысқа жақсы дайындалғанын, сол үшін  Ұлттық Олимпиада комитеті мен жаттықтырушыларға, осы іске басынан соңына дейін араласқан басқа да спорт мамандардың еңбегін  бас бармақпен бағалайтынын айтты. Келесі кезекте сөз Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне берілді. Алдымен боксшы Данияр Елеусінов мінберге шығып, ҰОК президентіне Олимпиадада ғана емес, оған дайындық кезінде де көрсеткен қолдауына алғыс білдірді. –Біздің  жеңіп алған жүлделерімізде сіздің де еңбегіңіз бар. Біздің жеңіске жетуімізге бар күштерін, шеберліктерін жұмсаған жаттықтырушыларымызға шын жүректен алғыс айтамын. Біздің даңқты боксшыларымыз Василий Жиров, Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев сынды ағаларымыздың жолын қуып, олимпиялық рингте еліміздің көк туын желбіреткеніміз үшін өзімді бақытты санаймын. Біз Олимпиадада Қазақстан боксының әлемнің үздік екенін тағы дәлелдей алдық, – деді Данияр Елеусінов. Олимпиадада алған әсері туралы жүзгіш Дмитрий Баландин де айтып берді. –Финалда жүзіп болғаннан кейін, таблоға қарасам ешнәрсе түсінбедім. Қателік болған шығар деп ойладым. Содан кейін ғана құрмет тұғырына шыққанда жеңіске жеткенімді сезіндім. Сол жерде еліміздің әнұраны шырқалып, көк туымыз көтерілгенде бойымды барлық Қазақстан халқы үшін мақтаныш сезімі кернеді. Бұл сезімді жеткізу қиын. Қазақстанға сондай сезімді сыйлағаныма қуандым. Жеңіс тұғырында еліміздің көк байрағының өзгелерден биік тұрғанын мақтан тұттым, – деді Олимпиада чемпионы. Әйелдер күресінен күміс жүлдегері Гүзелү Манюрова да Олимпиададағы спортшыларымыздың жеңісі бүкіл еліміздің ортақ жеңісі екенін атап өтті. –Финалда біртүрлі сезім болды. Күміс жүлде алдым. Алтын медальға сәл ғана жетіспеді. Соған өкінемін. Бұл да бір сынақ болған шығар. Күміс жүлде мені алдағы жарыстарға қайрап, құлшыныс береді. Екінші жағынан, екінші орын өкшемізді басып келе жатқан жастарға да үлгі болса деймін. Солар біздің Олимпиададағы жеңістерімізге қарап боз түзесе деген тілегім бар, – деді Гюзель Манюрова. Осыдан кейін бокстан ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов сөз алып, жарыста болған бәсекелестік туралы айтты. –Қазір әлемде бокс жылдам дамып жатыр. Соның ішінде Олимпиялық ойындарда бокс қарқынды дамып келе жатқанын көрсетті. Біздің ұлттық құрама команда Олимпиадаға жақсы дайындалды. Жігіттер мен қыздардың өнеріне ризамын. Бір алтын, екі күміс, екі қола медаль жеңіп алдық. Осы ретте ұлттық құраманың Олимпиадаға дайындалуына барлық жағдай жасаған Қазақстан бокс федерациясына алғыс айтамын. Қазақта «Бақ қайда барасын? Ынтымағы жарасқан елге барамын», деген сөз бар. Еліміздің ынтымағы, бірлігі болса спортта да жеңістеріміз көп болады. Ынтымағымыз әрқашан жараса берсін, дей келіп, Мырғағали Айтжанов келесі Олимпиадада бұдан да жақсы нәтиже көрсететіндерін мәлімдеді. Жиынның соңында Олимпиадада баспасөз орталығының жетекшісі қызметін атқарған Бақытжан Ордабаев Олимпиада жаңалықтарын беріп, репортаж жасаған журналистердің жұмысын бас бармақпен бағалады. Ол жарыс кезінде елге жаңалық таратқан ақпарат құрал өкілдерінің жұмысы оңай болмағанын, бізідң олимпиадашылардың жеңістерін солар елден бұрын хабарлап, елге лайықты қызмет еткенін атап өтті. Дастан КЕНЖАЛИН