Биыл Семей полигонын жабу туралы тарихи шешімге – 25 жыл. Осы мерзім аралығында адамзат баласына төнген ядролық қауіп азайған емес. Керісінше, әлемдегі әлеуетті, жетекші, ықпалды, экономикалары мықты деген елдердің арасында сенімсіздік, түсініспеушілік, саяси бәсекелестік арта түсуде. Ең қауіптісі, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қалыптасқан халықаралық құқық нормаларының бұзыла бастауы.
Осындай жағдайда Елбасы Н.Назарбаев келер ұрпақтың болашағына, тағдырына алаңдаушылықтан, жауапкершіліктен туған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін Вашингтонда өткен антиядролық саммитте жария еткен еді. Осы арқылы Елбасы әлем президенттеріне ақыл-парасатқа жүгініп, болашақта бейбіт өмір үшін бірлесіп, нақты істер атқару керектігін алға тартты.
Орталық коммуникациялар қызметінде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне және Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына орай өткізілген брифингте сөйлеген сөзінде Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков міне, осы мәселеге қатысты өз ойын білдірді.
«2016 жыл еліміз үшін ерекше маңызды, тарихи жыл болып тұр. Өйткені, ғасырлар бойы тәуелсіздігін аңсаған ұлтымыздың, халқымыздың өз арман-мақсатына жеткеніне биыл 25 жыл толады. Осы қысқа мерзім ішінде Қазақстан толықтай тұғырлы, дербес, егемен мемлекет болып қалыптасты, орнықты. Экономикалық, әлеуметтік деңгейі қарқынды дамып, мәдениет, білім-ғылым салаларында үлкен жетістіктерге жетті. Ең бастысы, көпэтносты елімізде саяси тұрақтылық, түсіністік, сыйластық, ынтымақтастық орнады. Қазақстанның осындай тарихи жетістіктері әрине, Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ұстанған, табанды түрде жүргізген, алдын ала болжай білетін ішкі және сыртқы саясатының жемісі. Мәселен, Президент еліміздің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне әсер ететін мәселелерге қатысты тиімді шешімдер қабылдай білді. Сондай шешімдердің бірі – осыдан 25 жыл бұрын Кеңес Одағының құрамында бола тұрып, аса ықпалды әскери-өнеркәсіп күшіне тойтарыс бере отырып, әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын түбегейлі жабуы. Бұл шешім, бүгінгі тарихшылардың сөзімен айтатын болсақ, Қазақстанның өзінің тәуелсіздігі жолында жасаған аса батыл қадамы болды», – деді И.Адырбеков.
Сондай-ақ, ол Семей өңірінде 40 жылдан астам уақыт бойы 470-ке тарта жерүсті және жерасты жойқын сынақтар жасалғанына, бұл ядролық қару пайда болғалы бері бүкіл әлемде жасалған сынақтардың тең жартысы екеніне назар аударды. «Ядролық сынақтардың салдарынан пайда болған радиация өңірдің жерін, өзен-көлдерін улап, айналасындағы барлық тіршілік атаулыға кері әсер етті. Сынақ аймағындағы 1,5 миллионға жуық тұрғынның денсаулығына орасан зиянын тигізді. Ал Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпау және одан бас тартудың әлемдік үдерісінің жаңа әлемдік кезеңі басталды. Елбасының шешімімен Қазақстан әлем тарихында ядролық қарудан бас тартқан бірінші ел болды. Ел Президентінің бұл аса маңызды шешімі әлемдегі қалған 4 ядролық сынақ полигоны жұмыстарының тоқтауына негіз қалады», – деді Сенат депутаты.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Мемлекет басшысының Семей полигонын жабу туралы шешімінен кейін, Қазақстан 25 жыл бойы ядролық сынақты түбегейлі тоқтату, ядролық қаруды жою және оларды таратпау туралы халықаралық қоғамдастықта тұрақты түрде мәселелер көтеріп келе жатқанын жеткізді.
«Біздің еліміз бейбітшілік пен қауіпсіздік идеясын батыл ұстанып келеді. Мәселен, Қазақстан 2015 жылдың желтоқсан айында БҰҰ қабылдаған Ядролық қарусыз әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияның бастамашысы және тең төрағасы болды», – деді Р. Василенко бұл ретте. Сонымен қатар, ол 29 тамыз күні Тәуелсіздік сарайында өтетін «Ядролық қарусыз әлем құру» тақырыбындағы халықаралық конференцияға тоқталды. «Бұл форум барысында жалпыпленарлық отырысты, 4 панельдік сессияны өткізу жоспарланған. Онда ядролық қарудан бас тарту, таратпау төңірегінде өзекті мәселелер талқыланып, халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөнінде нақты ұсыныстар айтылады деген үміттеміз. Конференцияның жұмысына 50-ден астам елден 200-ге тарта шетелдік қонақ қатысады. Астана форумының соңында қорытынды құжат қабылданады», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ