Қазақстанның ядролық қоғамы (ҚЯҚ) – 1993 жылы Курчатов қаласында құрылған атом ғылымы мен өнеркәсібі саласы мамандарының басын біріктіретін қоғамдық кәсіби ұйым. Мұндай қоғам алғаш рет АҚШ-та 1955 жылы құрылған. Бүгінгі күні әлемде 40-қа жуық осындай қоғам бар. Соның ішінде атом стансалары жоқ Дания, Италия, Израиль секілді дамыған елдерде де бар.
Ядролық қуат саласының мамандары ғана мүше болатын бұл ұйымдардың маңызы зор. Ол кейбір елдерде мемлекеттік қызметтің де функцияларын атқарады. Мәселен, АҚШ-та атом өнеркәсібінің стандарттарын осы ұйым белгілейді.
Біздің елімізде атом қуатымен айналысатын көптеген ұйымдар бар. Солардың мамандары өзара тәжірибе алмасу, ғылыми жетістіктерімен бөлісу және өткір мәселелерді талқылау үшін біздің ұйымымыздың шеңберінде кеңестер, конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіп тұрады. Онда сала мамандары өздеріне қолдау көріп, моральдық тұрғыдан қанағат алатынын көріп жүрміз. Осындай шараларды қалыптасқан мамандар ғана емес, жастар арасында да өткізудеміз. 2003 жылдан бері ҚЯҚ-тың жастар бөлімі құрылған. Ол ядролық салаға қызығушылық танытқан студенттердің, жас мамандардың басын біріктірген. Жыл сайын онда «Қазақстанның ядролық әлеуеті» атты семинар өткізіліп келеді.
Біздің басты міндетіміз – елдегі өндіргіш күштерді атом қуатын бейбіт мақсатқа пайдалану арқылы дамыту жөніндегі істермен халықты құлақтандырып отыру. Сонымен қатар, қоғамымыз атом қуатын бейбіт мақсатқа пайдалану саласындағы мемлекеттің ғылыми-техникалық саясатын әзірлеуге қатысады. Ұйымымыз осы саладағы мемлекеттік және халықаралық бағдарламалар мен жобаларға сарап жасау ісіне де белсене араласады.
Біздің қоғамымыз атомды бейбіт мақсатқа пайдаланудың жолдары жөнінде БАҚ-қа да жиі шығып, ақпараттар және түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Соның ішінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселесіндегі проблемалар да халықтың назарынан тыс қалмай, айтылып жатады.
Біз саланың табыстары мен даму перспективалары туралы халыққа барынша толыққанды, шыншыл ақпараттар беруге тырысамыз. Өйткені, халықтан ешнәрсе жасыруға болмайды. Ядролық қуат дегеніміз – ядролық жарылыстар мен атом стансалары ғана емес. Оның медицина, физика, химия және т.б. ғылым салаларын дамытуда да маңызы зор. Мәселен, радиациялық технологиялардың көмегімен медициналық құрал-жабдықтар, олардың тетіктері өңделіп, тексеріліп жатады. Сондай-ақ, қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтауда да медицина осы технологияларды қолданады.
ҚЯҚ АҚШ, Франция, Жапония, Ресей секілді елдердің осындай қоғамдарымен ынтымақтастық орнатқан. Олармен ғылыми-техникалық байланыстар мен тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтасу жөніндегі меморандумға қол қойылған. Бүгінгі күні ҚЯҚ халықаралық World Nuclear Association ұйымының мүшесі болып табылады. Интернетте өзіміздің сайтымыз бар және үш тілде журнал шығарып тұрамыз.
Наталья ЖДАНОВА,
«Қазақстанның ядролық қоғамы» ассоциациясының атқарушы директоры