Өңір өміріндегі биылғы айрықша атап өтерлік жаңа үрдіс облыс орталығында аудандардың күндерін өткізу болып отыр. Ойыл ауданының күндері Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі ауласындағы ақ тарының атасына қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Ол облыстық өнер музейінде Шығанақ Берсиевтің 135 жылдығына арналған «Шығанақ бағындырған шың» тақырыбындағы танымдық-мәдени шарамен жалғасын тапты. Оған Ойыл өңірінде еңбек етіп, кейін қалаға қоныс аударған ойылдықтар мен атақты тарышының ұрпақтары қатысты. Шараға қатысушылар өнер музейінің залына қойылған «Ақ тарының ақтаңгері – Шығанақ» атты көрме жәдігерлерімен танысты. Мұнда диқанның фотосуреттері, оның өмірі мен еңбек жолын насихаттайтын шығармалар, хаттар мен естеліктер, тарыны пайдалануға қажетті бұйымдар қойылды. Көпшіліктің назарын аударған туынды аудандық музей қызметкері Дулат Исабаевтың қолынан шыққан Ащы-Ойыл өзені бойындағы егіс алқабының макеті болды. Көрмеде 2006 жылы жергілікті мүсінші Кеңес Аққонысов сомдаған Ш.Берсиевтің гипс мүсіні, Әнет Әбілов жасаған Шығанақ Берсиев ауылының белгісі де орын алған. Кездесуде ақ тарының атасы туралы бейнефильм көрсетілді. Осындай игі істі ұйымдастыруда Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаеваның айшықты қолтаңбасы көрініп-ақ тұрды.
Кездесуде сөз алған Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева өңірдің 1921 жылы 14 болыс болып құрылған кезінен бастап санағанда биыл ауданның құрылғанына 95 жыл толып отырғанын жеткізді. Тары өсіруден әлемдік рекорд жасаған Шығанақ атамыздың туған жері Ойылда даңқты диқанның ұрпақтары бұл үрдісті әлі де жалғастырып келе жатқанын мақтаныш сезіммен еске салды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеушілік бар екеніне тоқталды. Бұған Тәуелсіздіктің 25 жылдығын аудан тұрғындары көгілдір отынның келуімен қарсы алып отырғанын мысалға келтірді.
Ш.Берсиевті зерттеуші белгілі журналист Идош Асқар мұндай ұлағатты шараны Шығанақтан бастағандары үшін алғыс сезімін жеткізді. Ол Шығанақтың еңбектің биік шыңын бағындырудағы адами бейнесі әлі толық ашылмағанына, оның философиялық тұлға екеніне назар аударды. Шығанақтың Шекспир бейнелеріне жақын ұлы тұлға екенін айта келіп, 1946 жылы сәулетші Төлеу Бәсеновтің архитектурасымен салынған Шығанақ Берсиевтің туған жеріндегі кесененің ішін жаңғыртып, айналасын абаттандыруға жергілікті билік назар аударса деген ұсынысын да білдірді.
Шарада Ойыл ауданының құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері Қаракөз Қамақызы, Тұрар Шериязданов, Елубай Қалиев, Арыстан Аймағамбетов, сондай-ақ, Ш.Берсиев ұрпақтары атынан Маңғыстаудан арнайы келген Айшара Берсиева, ақтөбелік Мұхамбет Ешмұханов Шығанақ туралы ойларын ортаға салды, естеліктер айтты. Әйгілі тарышының немересі Ерлан Ешмұханов атасына арнап өлең жолдарын оқыды. Кездесуде Шығанақ аталарының ұлағатты ісін жалғастырушы «Жақып», «Спартак» сынды шаруа қожалықтарының тары өсірудегі бүгінгі қадамдары туралы да айтылды.
Ал С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Туған өлке» деп аталатын Ойыл ауданының анықтамалық-ақпараттық танымдық жинағының тұсаукесері болды. Бұл шараға ауданның құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері, тарихшы ғалымдар, бірқатар облыстық басқарма басшылары, жастар қатысты. Жинақ облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрді.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева бұл еңбектің тарих және география пәні мұғалімдері, оқытушылар үшін қосымша оқыту құралы ретінде берері мол екенін, оның өлкетанулық, туристік, патриоттық мақсатта шығарылғанын атап өтті. Бұл жинақ білім беру ұйымдары мен ауылдық, аудандық, облыстық кітапханалар мен мұражайларға тегін таратылмақ. Болашақта жинақтың электронды нұсқасы да жарық көрмек.
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Н.Қалауовтың «Шығанақ» спектаклі қойылды. Ойылдықтар облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында «Шын жүректен!» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Өнерпаздар зағип жандарға арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Аудан әкімдігі атынан қоғам мүшелеріне арнайы сый-сияпат жасалды, еңбек ардагері Рахым Қарабалиев зағиптар қоғамына 70 мың теңге көлемінде демеушілік-көмек көрсетті.
Аудан күндеріне арналған ең ауқымды мәдени шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында өткізілді. Саябақтағы сәні мен салтанаты келіскен шарада жиналғандарды аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, аудандық мәслихат шешімі негізінде жазушы Қарлыға Керееваға Ойыл ауданының құрметті азаматы төсбелгісі мен куәлігін тапсырды.
Ойыл өңірінің он тоғызыншы ғасырдағы көрінісін бейнелеген «Ұлы Жібек жолында жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» театрландырылған қойылымына 300-ден астам өнерпаз қатысып, олар ұлты ағылшын, татар, өзбек, иран-парсы, орыс, сыған, үнді сияқты саудагерлердің бейнесін сомдады. Жәрмеңкенің салтанатын көш-керуен шеруі айшықтай түсті. Ат жеккен арбалы, тең артқан түйелі керуен, сал-серілердің, шетел жиһангерлерінің бейнелері халқымыз жүріп өткен тарихи кезеңдерді жұртшылықтың жадында жаңғыртты.
Жәрмеңке өткен алаңда қазақы жасау-жабдығымен үш киіз үй тігіліп, көпшілік ұлттық тағамдардан дәм татты. Ойылдықтар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырып 25 метрлік дастарқан жайып, халыққа ұлттық тағамдарды тегін ұсынды. Шараға жиналған қалалықтар аудан өнерпаздарының «Көкжар әуендері» атты концерттік бағдарламасын тамашалады. Саябақта ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі, сондай-ақ, қол күресі, қошқар көтеру, асық ату, арқан тартысы сынды ұлттық спорт ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
«Табыс» коммуналдық базарында өткен Ойыл ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде өңірдегі 308 шаруа қожалығының 40-ы өнімдерін жұртшылыққа ұсынды. Жәрмеңкеге 6 тоннаға жуық ет өнімдері, 70 литр бал мен 250 кило балық, 55 кило құлпынай, 330 кило тары-талқан, 140 литр шұбат, құрт-май мен сарымай, ірімшік халыққа арзан бағамен сатылды. Аудандағы «Жұмырбай», «Спартак», «Жақып» шаруа қожалықтарының алқабында өсірілген қауын-қарбыз бен көкөніс өнімдері ұсынылды. «Ғалимарданбек» жеке кәсіпкерлігінің балы мен Жаңбыршы Байдуллин өсіріп отырған бөдененің жұмыртқасына да сұраныс жоғары болды. Жәрмеңкеде азық-түлік түрлері қала базарларындағыдан анағұрлым арзан бағаға сатылды.
Жалпы, Ақтөбедегі Ойыл ауданының күндері қалалықтарға әдемі де әсерлі көңіл-күй сыйлады. Осылайша, ауыл қалаға көшіп келгендей сезім қалдырды. Ал ойылдықтар бұл бағытта ұйымшылдығы мен бірлігін танытты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе
Суреттерді түсірген
Хайредин РАУШАНОВ