27 Тамыз, 2016

Басты құндылықтар бастауы

911 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
1-бетке!!Халық арманының асқаралы асуына даңғыл жол ашқан Ата Заң амалдары асқақ адалдықтың арайлы айдарына айналды. Елдің бақ тілегі мен ақ ниеті нұрлы арнаға тоғысты. Оған дәлел өте көп. Соның бірі ретінде, осы ақиқаттың арнасына бастау болған сонау 1995 жылғы 22 мамырдағы Елбасымыздың қаулысымен арнайы құрылған сараптық-консультативтiк кеңес, Ата Заңымыздың жобасын дайындау барысында азаматтардың 1100 ұсынысын ескеріп, соған орай осы заң жобасындағы 99 баптың 55-іне елеулі өзгерістер енгізген соң, ел Конституциясы бүкілхалықтық әрі жеке адамның мүддесін көздеуші нағыз Негізгі Заң ретінде қабылданды. Міне, Конституция жобасының жартысынан көбі халықтың ұсынысы бойынша жазылып және сол арқылы әрбір азамат өзінің көкейкесті мәселесін көтергенін көріп отырмыз. Осылайша қазақстандықтар өз құқының қорғалуы қамын о баста-ақ қамдай алды. Бұл бәріміз жиі айтатын нағыз демократияның шынайы көрінісі, яғни, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екендігінің дәлелі болды. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда барша қазақстандықтар дауыс беріп, олардың 90 пайызға жуығы жаңа Конституцияны қабылдауды жақтады. Оған ешкімнің таласы болған да емес, болмайтындығы да сөзсіз. Се­бебі, көптің үнін үкілеген Ата Заң бар мазмұны мен мәні арқылы ел үшін нұрлы жолды бағыттап берді. Қазіргі елдің бағыты сол көп тілегінің жүзеге асуының бір көрінісі. Бұл сындарлы сара жолымызға түсуімізге, қазіргі тыныштық пен бірліктің, тұрақтылықтың қалыптасуына, елдің жан-жақты дамуына сеп болды. Әрине, тәуелсіздік кезіндегі алғашқы және соңғы Ата Заңның жазылуында, оның қабылдану барысында айтыс-тартыс болмай қалған жоқ. Соның бірқатарын Елбасы өзінің «Ғасырлар тоғы­сында» атты кітабында: «Мен эко­номикалық реформаларға керекті заңдарды қабылдайтын мәжілістердің көбіне қатыстым. Оларды көп адамдар түсінген де жоқ, қабылдағылары да кел­меді. Маған Қазақстан Кон­ституциясының ұлтымыз бен рес­пуб­лика халықтарының мүд­делерін қозғайтын әрбір бабы бойынша сөйлеп, қандай да болмасын бір бағытқа біржақты бұры­лып кетпеуге күш салуға тура келді. Алғашқы Конституция сондай қызу талас үстінде қабыл­данды. Мені, әсіресе, жер, тіл, біздің мемлекетіміздің сипаты мәселелерінің қалай шешілетіндігі қатты толғандырды. Дегенмен де кеңестен кейінгі кезеңдегі пар­ламенттік екі шақырылым бәрі­міз үшін де қоғамды демо­кратия­ландырудың үлкен мектебі болды. Бәлкім, кемшіліктерден құралақан емес шығар. Алайда, Қазақ­стан мемлекеттігінің негі­зін салған ше­шім­дер қабыл­данды. Бұл – сая­си мәміле мек­тебі еді. Ең бастысы егемен мем­лекеттің ең бірінші Кон­ституциясы қабылданды. Ол – тәу­ел­сіздігіміздің бас­тапқы кезеңіндегі, сөзсіз, саяси-құқықтық жетістігіміз еді», деп келтіреді. Жалпы, біле білген жанға, осы жаңа Конституция жоба­сының бірнеше, анығырақ айтқанда, 18-ге жуық нұсқасы қаралды. Конституция жобасын талдау және сараптау үшін Президенттің қаулысымен құрыл­ған, жоғарыда айтылған, сарап­тамалық консультативтік кеңеске сол кездегі: Ю.Басин – Әділет министрлігі, Қазақ мемлекеттік заң институтының профессоры, заң ғылымдарының докторы; В.Ким – ҚазМҰУ мем­ле­кет­тік құқық кафедрасының мең­герушісі, заң ғылымдарының докторы; К.Колпаков – Қазақстан Республикасы Президентінің Жоғарғы Кеңестегі жеке өкілі, заң ғылымдарының докторы; А.Котов – Әділет министрлігі, Қазақ мем­лекеттік заң институтының жеке құқық ғылыми зерттеу ор­та­лы­ғы ди­ректорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы; Б.Мұхамеджанов – Қазақ­стан Республикасы Прези­денті ап­па­ра­тының Заң шығару органы және құқықтық сараптау бөлімінің меңгерушісі; Е.Нұрпейісов – Әділет минис­тр­лігі, Қазақ мемлекет­тік заң институтының ректоры, заң ғылымдарының кандидаты; Ғ.Сапарғалиев – Мемлекет және құқық институтының директоры, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент мүшесі; М.Сүлейменов – Әділет минис­трлігі, Қазақ мемлекеттік заң инс­титутының жеке құқық ғылы­ми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент мүшесі (ғылыми жетекші); Н.Шәй­кенов – Әділет министрі, заң ғы­лымдарының докторы бекітілді. Тіпті келісім бойын­ша бұл құ­рамда шетелдік сарапшылар да болды. Басты заңды құжатымыздың жазылу тарихы туралы сөз қозға­ғанда профессор, Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген заңгері Зинаида Федотовна­ның еске алуларына тоқталмай өте алмайсыз. «Конституция­ны да­йын­­дайтын жұмыс тобын Н.Ә.Назарбаев басқар­ды, мен оның орынбасары болдым, ал жас сарап­шыларды белгілі ғалым, академик, заң ғылым­дары­ның докторы Ғайрат Сапарғалиев басқарды. Соны­­мен жұмыс тобы­ның құ­рамын­да Бауыржан Мұха­меджанов, Константин Кол­паков, Юрий Ким және бас­қалар болды. Осылайша, 1993 жыл­дың қаңтарында алғаш­қы Конституцияны қабылдауға дайын­дық аяқталады. Бірақ оны бастан-аяқ оқып, әзірлеген Н.Назарбаев екенін Зинаида Фе­дотовна жасырмайды. «Ол комиссия Төрағасы болғандықтан, бүкіл жобаны жатқа біледі. Өте қиын болды. Бұл өтпелі кезең болды. Осы кезде түбегейлі өзге­ріс­терді енгізу қиын болды, өйт­кені қоғам да тынышсыз болды. Экономиканың, әлеуметтік сала­ның жағдайы қандай болғанын халқы­мыздың есінде қалып қойды. Сон­дықтан да қоғам кез келген саланың өзгеруіне сезімтал болып, мемлекет үшін алдыңғы қатарға бірден шығу мүмкін емес болды», дейді. Сөйтіп, 1993 жылғы Конс­титуция Мемлекеттің егемендік туралы декларация және «Қазақ­стан Республикасының Мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­­титуциялық заңның негізінде қабылданды. Барлық заңның негізгі қағидаттары осы екі дәуір құжатында қамтылды. Ол біздің тәуелсіздігіміздің қалыптасуына және елдің дамуы мен нығаюына негіз болды. Осылайша Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң тұң­ғыш Конституциясын 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдады. Бұл қабылданған Конституцияда билік бөлінбеді. Президенттік билік жүйесі болса да онда Жоғарғы Кеңестің өкілеттігі жоғары болып қалды және оны шешу тетіктері болмады. Сондықтан сол кездің өзінде-ақ Конституцияны қайта жазу керектігі түсінікті болды. Осы мақсатта 1995 жылғы Конституция қабылданды. Ол жаңа өмірдің барлық жағдайларын жан-жақты есепке алды. «Мен өз басым тікелей әлем­дегі жиырма елдің конституция­сын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылда жина­қталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қар­­саңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иә, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қоғамдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма се­нім­дімін», деп жазады Елбасы кітабында. Сосын 1994 жылы өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа Конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата Заңымыздың негізін қалағаны сөзсіз дейміз. Сөйтіп, жоғарыда айтқаны­мыздай, 1995 жылғы 30 тамызда Конституция жөніндегі референдумда бірден-бір дұрыс жол таңдалғаны анық болды. Соның арқасында, міне, бүгінде Қазақстан әбден қалыптасқан, әлемнің абыройлы және лайықты мемлекеттері қатарына енді. Ал мұндай жолдан өту оңай болмағаны белгілі. Ең бастысы асығыстыққа салынып, қа­телік жіберіп алмау керек еді. Президенттің арқасында біз дұрыс таңдау жасай білдік. Мемлекет басшысының осы бас­ты құжатты жазуда, дайындауда оның жұмысына бастан-аяқ араласуында дейміз. Әр бап ел игілігіне қызмет етуі үшін тереңнен ойлады, алысты болжады. Мәселен, Пре­зидент Қазақстан Республи­касы Конституциясының 20 жылдығына арналған «Кон­ституция: бірлік, тұрақтылық, өр­кендеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда: «Бұл – біздің Негізгі Заңымыздың барлық ережелері мен қағидаттарының нақты іс жүзіне асуы. Жақсы жағына қарай өзгеруге бейім тұратын мемлекеттік және қоғамдық құрылыс қана тиімді болып саналады. Біздің Ата Заңымызда табысты даму үшін де, Ұлттың өзін-өзі жаңғыртуы үшін де қажетті барлық құқықтық тетіктер бар. Біз 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламамыздың негізінде алдымызға Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің біріне айналдыру жөнінде жаһандық мақсат қойдық», деді. Демек осы Конституциямызда тайға таңба басқандай етіп көр­сетілген азаматтарымыздың тең құ­қылы болуы – еліміз бен жері­міздегі ұлттар мен ұлыс­тардың тату-тәтті тіршілік құ­руының нәтижесі дейміз. Өйткені Ата Заң олардың бүгінгідей бейбіт, алаңсыз ғұмыр кешуінің бірден-бір кепілі болып отыр. Сондықтан да Ата Заңымыздың былтыр өткен 20 жылдығын тойлау қарсаңында да еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген айтулы шаралар өт­кізілді. Ірі кездесулер болды. Со­ның бірі ретінде айтар болсақ, мәселен Ұлттық академиялық кітап­ханада Ата Заңымызға 20 жыл толуына байланысты арнайы «Конституция» залы да ашылды. Конституциямыздың құнды­лығы жайында айтқанда елді­гіміз үшін ерен еңбек етіп келе жатқан, мемлекеттік іргелі ірі істерді жүзеге асырған, қазіргі Жоғарғы Соттың Төр­ағасы Қайрат Мәмидің: «Ата Заңымыздың алғашқы бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыра келе, өзінің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жариялады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның сенім­ді кепілі ретінде адам мен аза­маттардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үс­темдігін қамтамасыз ету, құқықтық мемлекет құрудың бағы­тын берік ұстанды. Осы қағиданы басшылыққа алған сот корпусы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің әлемдік, демо­кратиялық стандарттарына сәйкес халық сенімін ақтау үшін қалтқы­сыз қызмет етіп келеді. Конс­титуция – елдің бар­лық сала­сын­дағы: саясат, экономи­ка, әлеу­меттік саладағы жетістік­тер­дің, қоғамдық тұрақ­тылық пен келі­сімді қамтамасыз етудің берік құқық­тық іргетасы болып табылады», деді. Бұл айтылғандармен өмір шындығы толық ұштасып отыр. Ендеше қазіргі Конституция – еліміздің іргелі мемлекеттік-құқықтық актісі болып табы­латын­дығында сөз жоқ. Ол адамның және азаматтың кең ауқымды әмбебап құқықтарына, еркін сайлау өткізуге, мемлекеттік биліктің біртұтастығы және биліктің үш тармаққа бөлінуі қағидатының жүзеге асырылуына, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару жүйесінің қызмет істеуіне кепілдік береді. Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов айтқандай, қоғамдық өмірімізде Конституцияның жасам­паздық қуаты күннен-күн­ге арта түсуде. Еліміздің Негізгі Заңының қуаты, әлеуеті өте зор. Сондықтан Кон­ституциямыз барлық түйткілді мәселені шешудің заңды көзі болып табылады.  Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»