27 Тамыз, 2016

Ауқымды істер аймағына айналды

361 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Cарысу-акими-БейбитТәуелсіздік – терең ұғым.Тәуелсіздіктің айбыны асқақ, тұғыры алтын. Тәуелсіздік тәңірдің сыйы, халқымыздың баға жетпес байлығы мен бағы. Күнімізді күлдіріп, көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шарықтатқан тәуелсіздік сан ғасырлар бойы ереуіл атқа ер салып, найза ұшына үкі таққан ата-бабаларымыздың асыл арманы. Аттың жалы, түйенің қомында өсіп, сайын дала, киелі жерін, асқар тауын, аққулар жүзген айдын көлін дұшпаннан қызғыштай қорғап, кейінгі ұрпағына қалдырған бойтұмарлы аманаты. Биыл ел тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Осы жылдар ішінде ел бірлігінің арқасында алынбас асулар алынды. Өркениетті дамы­ған 50 мемлекеттің қатарына қо­сылдық. Көк туымыздың бейбіт күн аспанында желбіреп, ел тәуел­­сіздігінің тұғырлана түсуіне елі сүйген, елін сүйген Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының жемісі екені барша­мызға аян. Тәуелсіздіктің тұнық ауасымен тыныс алған жылдары аудан экономикасы да өсіп-өркендеу жолына қадам басты. Елба­сымыздың жыл сайынғы Қазақстан хал­қына арналған Жолдаулары бола­ша­ғымыздың бағдаршамына ай­налды. Атқарылар ауқымды істер­ге тың серпін берді. Әрбір са­лаға арналған мемлекеттік бағ­дар­ла­малар аясында халық мүд­десі, игілігі үшін өрелі істер кең­ге қанат жайды. Алға қой­ған мін­­деттерді жүзеге асыру ба­­ғы­­тында үстіміздегі жыл­дың қаң­тар-маусым айларында нәти­желі істердің жүзеге асуына қол жет­кізілді. «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жы­лы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық теле­көпір арқылы үлкен жоба «Евро­Хим-Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тау-кен өндеу кешені іске қосылды. Атал­мыш кәсіпорын 2015 жылы 319,8 мың тонна өнім өндірген болатын, ал биыл 640,0 мың тонна фосфор өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр. Осы уақытқа дейін «ЕвроХим-Ты­ңайтқыш» ЖШС мен «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС 170,3 мың тонна өнім өндірді. Өндірілген өнімдер шетелдерге жіберілді. Сонымен қатар, «ЕвроХим-Қара­тау» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі Жаңа­­тас қала­сын­дағы фосфаттарды қайта өң­дейтін химиялық кешен (2 кезең) құры­лысын жүргізуде. Кешен 2019-2020 жылдары іске қосылады. Жобаның құны – 950,0 млн АҚШ долларын құрап отыр. Келешегі кемел, болашағы жарқын Жаңатас қаласының тарихи тамыры тереңде жатыр. Жаңатас тау қопарып, тас жарған кеншілердің құт мекені. Қаланың іргетасы қаланған күннен бас­тап бұл құтты мекенге бұрынғы Одақ­тың түкпір-түкпірінен жас­тар келіп қоныс тепті. Сөйтіп, жас­тар қаласы атанды. Қазіргі таңда мұнда тұрып жатқан көптеген ұлт өкілдері сол кезде келген жас­­­­тардың ұрпақтары. Бүгінде «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС жұмысы қайта жандана түсуде. Сондықтан бұл еңбек ұжымы­ның күннен-күнге қарқын алған қат-қабат қыруар жұмыстарына жалын атқан жастардың күш-қай­раты, жігері керек. Алдағы уа­қыт­та қаламыз жас кеншілермен то­лыға түседі деген ойдамыз. Өнеркәсіп көлемінің ұлғаюына жұмыс істеп тұрған өндірістерді жетілдіру және қайта жаңғырту мақсатында биыл бірнеше инвес­тициялық жобалар іске асырылады. «Тараз көлік жолы» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің асфальт-бетон зауыты өңірлік индустрияландыру картасына 2015 жылы енгізілді. Салынатын инвестиция көлемі 250,0 млн теңге. Жылына 600,0 млн теңгенің өнімін өндіру жоспарланып отыр. Онда 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістік базада құрылыс-монтаж жұмыстары аяқтал­ған, бүгінгі күні зауыт 1200 тонна дайын асфальт пен 1000 тонна қи­ыр­шық тас өндірді. Аталмыш зауытта электр желілерін жүргізу мақ­сатында «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы бойынша 57,0 млн теңгеге құжаттар жасалып, мем­лекетттік сараптама алынды. 74 азаматқа «Бизнес кеңесші» оқу курсының сертификаты табыс етілді. «Асыл тұз компаниясы» кәсіпорнының ас тұзын өндіру зауытына 700,0 млн теңге инвестиция жұмсалады. 75 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 50,0 мың тонна ас тұзы шығарылады. Зауыт құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, осы екі жобамен шектеліп қалмай ауданға инвестициялық жобаларды іздестіріп, оны өн­діріске енгізу жалғасуда. Атап айтқанда, Жаңатас қаласында ашуға жоспарланған «SODIUM» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігіне 2016 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс жүргізуге жер учаскесі бөлініп берілді. Зауыттың жобалық құны – 262,0 млн теңге. Сарысу және Талас аудан­дарындағы ірі өндіріс орны – «Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені де қазір даму үстінде. Фосфор өнімі Еуропа және Азия мемлекеттері тарапынан үлкен сұранысқа ие болуда. Өнім Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытайға және ішкі тұтынушыларға шы­ға­рылады. Кешенде барлық ма­мандықтар бойынша 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақылары 92000 теңгені құрайды. Мемлекет ауыл шаруашы­лы­­ғын дамытуға көп көңіл бө­луде. Оның айқын дәлелі – агро­­құ­рылымдардың ісін ілге­рі­летуге ба­ғытталған мемлекеттік бағ­дар­ламалар. Бірақ, жасыратыны жоқ, мұндай жеңілдіктер туралы қарапайым еңбеккерлер, тіпті тәжірибесі бар, белгілі кәсіпкерлер де жете біле бермейді. Сол себепті, біз осы бағыттағы түсіндіру жұ­мыстарын жандандыруға бел буып отырмыз. Былтыр ауданда облыс­тық деңгейде үлкен ин­вестициялық форум өтті. Сол жиында аудан әкімдігі мен инвес­тициялық жобаларды іске асы­рушы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қандай жеңілдіктер жасалатыны жайлы кеңірек әңгіме қозғалды. Меморандумға қол қою арқылы шаруалар ауданда 100 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу, 150 сиыр сыятын тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізу келісімдеріне қол жеткізді. Форумда кәсіпкерлер көтерген мәселелер бойынша, нақтырақ айтсақ, жаңадан тұз өңдейтін зауыт салу, сонымен бірге, асфальт жасайтын өндіріс орнын пай­далануға беру, құрылыс материал­дарын өңдейтін цехтар ашуға нақты қолдау көрсетіле бастады. Сондай-ақ, құс фабрикасы, жүн жуу, қамыстан құрылыс материалдарын дайындау, шұжық цехтарын ашу секілді ірі жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жалпы, кәсіп­керлікті дамытуға арналып аудан­да арнайы индустриялық аймақ құрылды. Жүзеге асырылатын жаңа ин­вестициялық 12 жобаның құны 1,2 миллиард теңгені құрайды. Ауданда шаруаның өнімді жұмыс істеп, кәсіп жасауына барынша мүмкіндіктер жасалуда. Дегенмен, әлі күнге өз жерін игере алмай немесе бірігіп ірілене алмай отырған қауқарсыз шаруа қожалықтары да жоқ емес. Олар кешегі кеңшар мен өндіріс­тік кооперативтер тараған шақта пайлық үлестеріне жер, техника, жылжымайтын мүлік алып, бірақ оны әрі қарай дамыта алмаған шаруалар қатарына жатады. Бірнеше жыл бойы егін еге алмай, қолдағы бар техникасын сатып жіберген шаруалардың бүгінде жерлерін жалға бергеннен басқа амалдары қалмаған. Ұсақ шаруашылықтардың қолға алған ісі де мардымсыз. Бірігіп іріленбейінше алға жылжу жоқ. Осы мәселелер шаруа қожалық басшыларына кеңінен түсіндіріліп, қозғау салынуда. Қазіргі таңда пайдаланылмайтын жерлерге талдау жасалып, иге­рілмей жатқан жерлер конкурс арқылы иелеріне қайтарылуда. Бұл жұмыс өз нәтижесін беруде. Жүйелі жүргізілген жұ­мыс­тардың арқасында соңғы жылдары Жон жотасы қайта түлеп, тұрғындар қызыл қыр­манның қызығын, ризығын кө­ре бастады. Ауданда егін ша­руа­шылығы бойынша 2015 жыл қо­рытындысында 1,9 миллиард тең­генің өнімі өндірілуі – соның айғағы. Былтыр егістікке 17040 гектар жер пайдаланылды. Бұл бұрынғы жыл­дармен салыс­тырғанда бір­неше есе жоғары көрсеткіш. Гек­тар түсімділігін арттыру үшін агро­­тех­никалық шараларға да барын­ша назар аударылуда. Әсіресе, шаруалар лизингке жаңа техника ала бастағалы жер өңдеудің сапасы арта түсті. Орайы келгенде «Игілік» өндірістік кооперативі лизингке қосымша техника алып, машина-трактор паркін жаңалады. Мемлекет тарапынан «МТЗ»-80 тракторы тегін беріледі. Кәсіпкерлік саланы дамыту уақыт талабы. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту ба­ғытында 1954 кәсіпкерлік нысан тіркелген, өткен жылдың тиіс­ті кезеңімен салыстырғанда 74 бірлікке немесе 3,9 пайызға өскен. Оның ішінде 13-і орта, 1 941 шағын кәсіпкерлік нысандары. Былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда жеке кәсіпкерлер саны 1256-тен 1326-ға артып, 70 азамат кәсіппен ай­на­лысуда. Ал жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестіктер саны 79-дан 99-ға ұл­ғайып, 20 жауапкершілігі шек­теулі серіктестік мемлекеттік кірістер басқар­масына тіркеуге енгізілді. Аудандағы шағын жә­не орта бизнес нысандарына 5 751 адам­ уақытша және тұ­рақты жұмысқа тарт­ылған. ЖанааркаСаудакент ауылында күн­де­лікті 350-400 дана нан пісіретін наубайхана ашылды. Жыл басынан бері наубайханаларға тұ­рақтандыру қорынан 3,6 млн теңгеге 60 тонна бірінші сұрыпты ұн таратылып берілді. 2016 жылы ақпан айында аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының қа­тысуымен барлық ауылдарда жылжымалы жәрмеңке өткізіліп, 3,5 млн теңгенің тауарлары сатылды. «Тараз» сауда-саттық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысуымен тұрақ­тандыру қорынан осы жылдың ақпан айында Тоғызкент, Бай­қадам ауылдық округтері мен Жа­ңатас қаласында 7,0 млн теңге көле­мінде төмен бағада азық-түліктері сатылды. Жалпы, ауданымызда аграр­лық-өнер­кәсіптік аймаққа айналдыру үшін жасалып жатқан жұмыстар ауқымды. Бейбітбек ЖАЙЛЫБАЕВ, Сарысу ауданының әкімі Жамбыл облысы