2015 жылғы 24 ақпан, Астана қаласы
Азаматтық әуе кемелерiн жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету ұйымдарына қойылатын талаптарды бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-59) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Азаматтық әуе кемелерiн жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету ұйымдарына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне (Б.К. Сейдахметов):
1) осы бұйрықтың заңнамада бекітілген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде оның көшірмесі мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында жариялануын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Респубикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің
міндетін атқарушы Ж.ҚАСЫМБЕК
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
Қ.Н.ҚАСЫМОВ ____________
2015 жылғы 10 маусым
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Е.А.ДОСАЕВ __________________
2015 жылғы 8 шілде «КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
В.С.Школьник __________________
2015 жылғы 23 маусым
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушысының
2015 жылғы 24 ақпандағы №188 бұйрығымен бекітілген
Азаматтық әуе кемелерiн жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету
ұйымдарына қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер
1. Осы азаматтық әуе кемелерiн жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету ұйымдарына қойылатын талаптар (бұдан әрi – талаптар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрi – Заң) 14-бабы 1-тармағының 41-59) тармақшасына сәйкес әзірленген және азаматтық әуе кемелерiн жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету ұйымдарына қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету ұйымы (бұдан әрі - ЖЖМҚҰ) өз қызметін дербес заңды тұлға ретінде немесе азаматтық авиация ұйымының құрамында жүзеге асырады.
3. ЖЖМҚҰ мынадай жұмыстарды:
1) әуежайдың қоймаларына жанар-жағармай материалдарын және арнайы сұйықтықтарды (бұдан әрі - ЖЖМ) қабылдауды;
2) ЖЖМ-ді сақтауды;
3) ЖЖМ-ді құюға дайындауды және беруді;
4) ЖЖМ-ді азаматтық әуе кемелеріне құюды жүзеге асырады. ЖЖМҚҰ көрсетілген жұмыстардың барлық кешенін де, олардың бір бөлігін де жүзеге асырады. ЖЖМҚҰ көрсетілген жұмыстардың бір бөлігін жүзеге асырған жағдайда, ЖЖМҚҰ азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жөніндегі сертификаты (бұдан әрі - сертификат) бар ұйымдарды тартады.
ЖЖМҚҰ көрсетiлген жұмыстардың бiр бөлiгiн жүзеге асырған жағдайда, онда ЖЖМҚҰ осы талаптарға сәйкес келетін ұйымдарды тартады.
4. ЖЖМҚҮ-ның қызметі:
1) ЖЖМ-ді беру процесінде оның сапа көрсеткіштерінің өзгергенін анықтау және қолдануға дайындау мақсатында, сондай-ақ әуе кемелеріне құюға ЖЖМ-нің жарамдылығын бағалау мақсатында азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етудің тиісті кезеңдерінде ЖЖМ-нің сапасына бақылау жүргізілуін ұйымдастыруды;
2) азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету кезінде еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі нормаларының орындалуын қамтамасыз етуді;
3) әуежай қызметтерімен, пайдаланушылармен, авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу ұйымдарымен, сондай-ақ басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыруды қамтиды.
5. Сапаның зертханалық бақылауын жүзеге асыру үшiн ЖЖМҚҰ өз құрылымында ЖЖМ зертханасын құрады немесе осы талаптарға сәйкес келетін зертханаларды тартады.
6. Егер ЖЖМ беруге арналған шарттар пайдаланушымен (аваикомпаниямен) дербес жасалған болса, ЖЖМҚҰ мамандары берілетін ЖЖМ-нің стандарттар мен техникалық шарттардың талаптарына сәйкес келетінін, Заңның 14-бабы 1-тармағының 41-45) тармақшасына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органымен бекітілетін Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарында авиациялық жанар-жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтарды сақтау, құюға дайындау және олардың сапасына бақылау жүргiзу қағидаларымен қолдануға жіберілгенін және әуе кемелерінің тиісті үлгілерін ұшуға пайдалану және техникалық қызмет көрсету жөніндегі басшылықтың тиісті бөлімдеріне енгізілгенін куәландырады.
7. Азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету үшін әуеайлақ аумағында немесе оның маңындағы аумақтарда:
1) көлік құралдарынан авиаЖЖМ-ді төгуге және ыдыстардағы өнімдерді қабылдауға арналған объектілерді;
2) құйылған авиаЖЖМ-ді сақтауға арналған резервуарлық паркін;
3) қоймалық үй-жайларды;
4) төгу-құю операцияларын жүргізуге арналған сорғы станциясын;
5) авиаЖЖМ-ді сүзу және су бөлу пункттерін;
6) құю құралдарына құю пункттерін;
7) құбыржол коммуникациясын;
8) автоматтандырылған немесе оңайлатылған орталықтандырылған құю жүйелерін;
9) құю құралдарын;
10) авиаЖЖМ зертханаларын;
11) өрт сөндіру объектілерін;
12) мұнай аулағыштар мен басқа да көмекші технологиялық объектілер мен пункттерді қамтитын отын құю кешені орналастырылады.
2. Азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету
ұйымдардың ұйымдық құрылымына қойылатын талаптар
8. ЖЖМҚҰ құрылымы мынадай негізгі міндеттердің шешілуін:
1) азаматтық әуе кемелерін ЖЖМ-мен қамтамасыз етуді;
2) осы талаптарда белгiленген талаптар деңгейiнде ЖЖМҚҰ-ның қызметiн қолдауды;
3) құрылыстарға, технологиялық жабдықтарға және техникалық құралдарға техникалық қызмет көрсетуді;
4) жабдықтармен, қосалқы бөлшектермен, шығыс материалдарымен жинақтауды қамтамасыз етеді.
9. ЖЖМҚҰ-ның ұйымдық құрылымы мынадай басқару деңгейлерінен тұрады:
1) басшылық жасау;
2) өндірістік бөлімшелерге басшылық жасау;
3) өндірістік учаскелерге, ауысымдарға, бригадаларға, топтарға басшылық жасау.
Жұмыс көлемі шағын ЖЖМҚҰ-да басқарудың кейбір деңгейлері біріктірілуі мүмкін.
10. ЖЖМҚҰ-ның басшы персоналы:
1) азаматтық әуе кемелерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етуді ұйымдастыруды;
2) ЖЖМ сапасын бақылауды ұйымдастыру мен жүргізуді қамтамасыз етеді.
11. ЖЖСҚҰ құрылымдық бөлімшелерінің барлығы үшін ережелерді ЖЖМҚҰ әзірлейді және бекітеді. Көрсетілген ережелерде жиынтығында тұтастай алғанда ЖЖМҚҰ іске асыратын функциялардың толық кешенін қамтитын әрбір бөлімшенің және оның басшысының функциялары көрсетіледі.
12. Бүкіл басшыға және инженерлік-техникалық персоналға ЖЖМҚҰ-ның бірінші басшысы лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлейді және бекітеді.
3. Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету ұйымның ақпараттық және
құжаттамалық базасына қойылатын талаптар
13. ЖЖМҚҰ-ның өз құзырында:
1) Заң;
2) ЖЖМҚҰ қызметін реттейтін актілерді;
3) өз қызметінде пайдаланатын ЖЖМ-нің стандарттары мен техникалық шарттарын;
4) жалпы және өкімдік сипаттағы құжаттарды, лауазымдық және технологиялық нұсқаулықтарды (карталар), техникалық қызмет көрсету регламентін;
5) жұмыс технологиясын;
6) жанар-жағармай материалдарының сапасын қамтамасыз ету жөніндегі басшылықты қамтитын құжаттама жиынтығының болуын қамтамасыз етеді.
14. ЖЖМҚҰ азаматтық әуе кемелерін ЖЖМ-мен қамтамасыз ету үшін жабдықтардың барлық түрлеріне құжаттаманың мазмұны мен жүргізілуін қамтамасыз етеді.
15.ЖЖМҚҰ:
1) азаматтық әуе кемелерін ЖЖМ-мен қамтамасыз ету жөніндегі жүргізілетін жұмыстарды;
2) келіп түсетін, сақталатын және құюға берілетін ЖЖМ-нің, мөлшері мен сапасын;
3) технологиялық жабдықтың нақты даналарының жұмыс iстеуiн және техникалық жай-күйiн, жабдыққа арналған қондырғыларды және одан жинақтаушы және басқа да бұйымдардың алып тасталуын, жүргiзiлген жөндеулердi, кезеңдiк техникалық қызмет көрсету мен бiр реттiк тексерiп қарауды есепке алуды жүзеге асырады.
Есепке алу нысандары Заңның 14-бабы 1-тармағының 41-45) тармақшасына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органымен бекітілетін Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарында авиациялық жанар-жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтарды сақтау, құюға дайындау және олардың сапасына бақылау жүргiзу қағидаларымен белгiленген журналдарда жүзеге асырылады.
16. ЖЖМҚҰ азаматтық әуе кемелерін ЖЖМ-мен қамтамасыз ету процесін реттейтін жұмыс технологиясын (бұдан әрі - жұмыс технологиясы) әзірлейді және оны ЖЖМҚҰ басшысы бекітеді.
17. Жұмыс технологиясы өзіне мынадай бөлімдерді:
1) жалпы ережелерді;
2) технологиялық процестердің орындалуын ұйымдастыруды қамтиды.
18. Технологиялық процестердің орындалуын ұйымдастыру бөлімі:
1) ЖЖМ-ді қабылдау тәртібін;
2) ЖЖМ-ді сақтау тәртібін;
3) ЖЖМ-ді айдау тәртібін;
4) ЖЖМ-ді дайындау және оларды құюға беру тәртібін; 5) азаматтық әуе кемесіне ЖЖМ-ді құю тәртібін;
6) сапаны бақылауды ұйымдастыру тәртібін;
7) персоналға қойылатын талаптарды қамтиды.
19. Сапаны бақылауды ұйымдастыру мынадай жұмыстарды:
1) ЖЖМ-нің сынамасын іріктеуді;
2) сапаны зертханалық бақылауды;
3) сапаны әуеайлақта бақылауды;
4) жабдыққа техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды;
5) авариялық және штаттан тыс жағдайда жұмысты ұйымдастыруды қамтиды.
20. Жұмыс технологиясы мынадай ерекшеліктер:
1) ЖЖМҚҰ орындайтын жұмыстардың көлемі;
2) пайдаланушылар қолданатын ЖЖМ-нің мөлшері мен түрлері;
3) ЖЖМҚҰ оларға құю үшін өз қызметін жүзеге асыратын әуе кемелерінің саны мен түрлері;
4) ЖЖМҚҰ пайдаланатын технологиялық жабдық пен техникалық құралдарының саны, құрамы мен жай-күйін ескеріле отырып әзірленеді.
21. Жұмыс технологиясының әрбір бөлімінде көзделген міндеттерге сәйкес ЖЖМҚҰ азаматтық әуе кемелерін ЖЖМ-мен қамтамасыз ету процесін нақтылайтын технологиялық нұсқаулықтарды (карталарды) (бұдан әрі - технологиялық нұсқаулықтар (карталар) әзірлейді және бекітеді.
Технологиялық нұсқаулықтарда (карталарда) орындалатын жұмыстардың көлемі мен дәйектілігі, персоналдың біліктілігі мен саны, қауіпсіз жұмыс әдістемелері, технологиялық жабдықтың, техникалық құралдар мен аспаптардың тізбесі, сондай-ақ қажет болған кезде ЖЖМ-нің сақталу дәрежесі мен қолдануға дайындық деңгейін айқындайтын аралық нормативтер айқындалады.
22. ЖЖМҚҰ пайдаланатын технологиялық жабдық пен техникалық құралдарға техникалық қызмет көрсету регламентін (бұдан әрі - регламент) ЖЖМҚҰ әзірлейді және бекітеді.
Регламент жабдықтың нақты үлгісін пайдалану жөніндегі дайындаушылардың паспорттары мен нұсқаулықтары негізінде әзірленеді. 23. ЖЖМҚҰ жанар-жағармай материалдарының сапасын қамтамасыз ету жөніндегі басшылықта көрініс табатын сапа жүйесін енгізеді.
Жанар-жағармай материалдарының сапасын қамтамасыз ету жөніндегі басшылықты ЖЖМҚҰ-ның бірінші басшысы бекітеді.
4. Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету ұйымның
техникалық жарақталуына қойылатын талаптар
24. Орындалатын жұмыстарға қарай ЖЖМҚҰ-да жарамды технологиялық жабдық, ЖЖМ-ді қабылдауды, сақтауды, айдауды, тазартуды, оның сапасын бақылауды және құюға дайындау мен беруді, әуе кемелерінің жүйелеріне құю мен одан төгуді қамтамасыз ететін құралдар мен объектілер, сондай-ақ ғимараттар, құрылыстар, үй-жайлар мен инженерлік жүйелер кешені болады.
Көрсетілген объектілер қызметін жүзеге асыру кезеңінде ЖЖМҚҰ-ның тұрақты пайдалануында болады.
25. ЖЖМҚҰ резервуарларының саны мен көлемі кемінде күнтізбелік он күн мерзімге азаматтық әуе кемелеріне май құюды және ЖЖМҚҰ-ның күнделікті мұқтаждықтарын қамтамасыз етеді.
26. Жаңа және жаңғыртылған технологиялық жабдық, ЖЖМҚҰ пайдалануға беретін құралдар мен объектілерге сәйкестік сертификаты болуы қажет.
27. ЖЖМҚҰ технологиялық жабдыққа, құралдар мен объектілерге қызмет көрсетудің кезеңді нысандарын, сондай-ақ ЖЖМ-ді әрбір қабылдау, құралдарын толтыру алдында, әрбір ауысымның басында ЖЖМҚҰ-ның жұмыс технологиясында белгіленген параметрлер бойынша оларға қызмет көрсетуді жүзеге асырады.
28. Технологиялық жабдыққа, құралдар мен объектілерге техникалық қызмет көрсету нәтижелері тиісті журналдарда, актілерде, сыйымдылықтарды тазарту кестелерінде тіркеледі.
5. Азаматтық әуе кемелерін қамтамасыз ету кезінде пайдаланылатын
жанар-жағармай материалдарына қойылатын талаптар
29. ЖЖМҚҰ азаматтық әуе кемелерін қамтамасыз ету кезінде мынадай талаптарға сай келетін:
1) әрбір үлгідегі азаматтық әуе кемесін қолдануға рұқсат етілген және ұшуға пайдалану жөніндегі құжаттарына енгізілген;
2) дайындаушының (берушінің) сапа паспорттары (сертификаттары) бар;
3) сәйкестік сертификаттары бар (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сертификаттауға жататын ЖЖМ үшін) ЖЖМ-ді пайдаланады.
30. Әрбір үлгідегі азаматтық әуе кемесін қолдануға рұқсат етілмеген және ұшуға пайдалану жөніндегі құжаттарына енгізілмеген ЖЖМ-ді пайдалану әуе кемелерін жасаушылармен және конструкторларымен келісім бойынша жүзеге асырылады.
6. Жанар-жағармай материалдарын қабылдауға, сақтауға, құюға дайындау мен беруге,
жанар-жағармай материалдарын құюға қойылатын талаптар
31. ЖЖМ келіп түскенге дейін ЖЖМҚҰ қабылдауға арналған құбыржолдар мен резервуарларда ЖЖМ-ді қабылдауды, сапасын және қалдықтарының тазалығын бағалауды қамтамасыз ететін технологиялық жабдықтың, құралдар мен объектілердің жай-күйі мен жарамдылығын бағалау жөніндегі іс-шаралар кешенін, сондай-ақ келіп түсетін ЖЖМ-нің қойманың резервуарларындағы кондицияланбайтын ЖЖМ-мен араласу мүмкіндігін болдырмау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.
32. Кұбыржол арқылы келіп түскен ЖЖМ-нің араласуын болдырмау үшін теміржол немесе автомобиль, цистерналарында ЖЖМҚҰ ЖЖМ-нің әрбір түрін төгу үшін жеке құбырлар, құбыржол коммуникацияларын, сорғылар, резервуарлар бөлуді қамтамасыз етеді.
Зауыттық орамада келіп түсетін ЖЖМ үшін ЖЖМ-нің әр түрі (маркалары) үшін бөлек сақтау орындары бөлінеді.
33. ЖЖМҚҰ қоймаға ЖЖМ-ді қабылдау кезінде құюға дайындау және беру процесінде пайдаланушымен шартта (келісімде) келісілмеген ЖЖМ түрінің (маркасының) түсу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған операцияларды жүргізеді.
Көрсетілген операциялар ілеспе құжаттамаға (сапа паспорты мен сәйкестік сертификатына) бағалау жүргізу, сынамалар алу және талдау жүргізу жолымен түр-түрі, саны және сапасы бойынша ЖЖМ легін сәйкестендіруді қамтиды.
34. ЖЖМ-нің келіп түскен легінің сапасын және оны құюға беруге дайындау процесіне тарту мүмкіндігін растау ЖЖМ-нің легі ЖЖМ қоймасының резервуарларына қабылданғаннан кейін, сондай-ақ ЖЖМ-нің басқа легін әрбір толтырғаннан кейін қабылдау мақсатындағы бақылау жүргізу жолымен жүргізіледі.
35. Келіп түскен ЖЖМ жасалған шарттарға (келісімшарттарға) сәйкес пайдаланушылардың қажеттіліктерін үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті мерзім ішінде және көлемде резервуарлар мен ыдыс қоятын қоймаларда сақталады.
ЖЖМ-ді сақтау кезінде жеңіл фракциялардың булануы, ластануы немесе ЖЖМ-нің басқа түрлерімен (маркаларымен) араласуы, зауыт ыдысының герметикалығының бұзылуы есебінен олардың сапасының өзгеру мүмкіндігі болмайды.
36. ЖЖМ-ді сақтау кезінде:
1) жеке құбыржол коммуникациясымен айналдыра орай отырып, ЖЖМ-нің әрбір түріне резервуарлардың жекелеген топтарын бөлу;
2) кондицияланбаған ЖЖМ бар резервуарларды құбыржолдардың жалпы жүйесінен бөліп алу;
3) технологиялық жабдықтарға, құралдар мен объектілерге техникалық қызмет көрсетуді тұрақты жүргізу;
4) ЖЖМ-нің түрлерін (маркаларын) гертетикалық ыдыста және оның жай-күйін тұрақты қарай отырып, бөлек сақтау;
5) кепілдікті сақтау мерзімінің сақталуы;
6) резервуарлардан бос сулар мен ластарды жою;
7) ЖЖМ-нің тазалық деңгейін бақылауды жүзеге асыру қамтамасыз етіледі.
Сақтау кезінде ЖЖМ сапасының сақталуы қоймада бақылау көлемінде оның сапасын тұрақты бақылаумен расталады.
Қоймада бақылаудың қанағаттанарлық нәтижелері кезінде ЖЖМ сақтауға немесе қоймаға берілуге жатады.
37. ЖЖМ-ді құюға беруге дайындау мыналарды:
1) тұндыруды, механикалық қоспалардан және судан тазартуды;
2) қажет болған кезде ЖЖМ-ге суға қарсы кристалдандыру сұйықтығын қосуды;
3) қоймааралық және қоймішілік айдауды;
4) сапаны әуеайлақта бақылауды қамтиды.
38. Дайындаушының зақымданбаған орамасындағы ЖЖМ құюға дайындау жөніндегі арнайы алдын ала операцияларды қажет етпейді. Сақтау мерзімі аяқталғанға дейін, стандарттарда немесе техникалық шарттарда белгіленген сақтау шарттары орындалған кезде герметикалығын сақтаған ыдыстағы ЖЖМ азаматтық әуе кемелерін құюға беріледі.
39. ЖЖМ резервуарларға түскеннен кейiн Сақтау Заңның 14-бабы 1-тармағының 41-45) тармақшасына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органымен бекітілетін Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарында авиациялық жанар-жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтарды сақтау, құюға дайындау және олардың сапасына бақылау жүргiзу қағидаларына сәйкес белгіленетін мерзім ішінде, оның тұндырылуы қамтамасыз етіледі.
Тұндырудың талап етілетін уақыты біткенге және тазалық деңгейін тексерудің қанағаттанарлық нәтижелері алынғанға дейін ЖЖМ резервуардан берілуге жатпайды.
ЖЖМ-ді құюға беру процесінде ЖЖМҚҰ ЖЖМ-нің сапасын әуеайлақта бақылауды жүзеге асырады.
40. Әуе кемелеріне ЖЖМ-ді құю құю құрамынан жүзеге асырылады.
Әуе кемелеріне ЖЖМ зертханасы немесе азаматтық әуе кемелеріне құйылатын ЖЖМ-нің сапасын бақылауды жүзеге асыратын ұйым берген сапа паспорты бар ЖЖМ-ді құю бақылау талондары бар құю құралдарынан жүргізіледі
7. Жанар-жағармай материалдары зертханасына қойылатын талаптар
41. ЖЖМ-нің зертханасы жұмыстардың мынадай түрлерін орындайды:
1) ЖЖМ-ді беру және қолдануға дайындау процесінде сапа көрсеткіштері мәндерінің өзгергенін анықтау мақсатында, сондай-ақ ЖЖМ-нің әуе кемелеріне құюға жарамдылығын бағалау мақсатында ЖЖМ-нің, суға қарсы кристалданатын, гидравликалық, мұз қатуға қарсы сұйықтықтардың сапасына бақылау жүргізу;
2) одан әрі пайдалану мүмкіндігін бағалау мақсатында авиациялық жүйелерде жұмыс істеген ЖЖМ-нің сапасына талдау жүргізу;
3) азаматтық әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғаларды және инциденттерді тексеруге байланысты іріктеп алынған ЖЖМ-нің сапасына талдау жүргізу.
ЖЖМ зертханасы көрсетiлген жұмыстардың барлық кешенiн де және оның бiр бөлiгiн де орындайды. ЖЖМ зертханасы көрсетiлген жұмыстардың бiр бөлiгiн жүзеге асырған жағдайда, ЖЖМҚҰ осы талаптарға сәйкес келетін зертханасы бар ұйымдарды тартады.
42. ЖЖМ зертханасын ЖЖМ сапасына бақылау мен талдау жүргізу жөніндегі жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ететін және ЖЖМҚҰ басшысына бағынатын басшы басқарады.
43. ЖЖМ зертханасы ЖЖМ зертханасында ЖЖМ-нің сапасына бақылау мен талдауды жүзеге асыру кезінде еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптары мен нормаларының орындалуын қамтамасыз етеді.
44. ЖЖМҚҰ мыналарды әзірлейді және бекітеді:
1) ЖЖМ зертханасы туралы ереже;
2) ЖЖМ сапасын қамтамасыз ету жөніндегі басшылық;
3) сынамаларды іріктеп алу технологиясы;
4) ЖЖМ зертханасының басшысы мен қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтары;
5) сынамаларды іріктеп алу мен талдау нәтижелерін тіркеуге арналған бақылау құжаттамасы.
45. ЖЖМ зертханасында мынадай құжаттар ескеріледі және сақталады:
1) ЖЖМ дайындаушылар (жеткізушілер) сапасының паспорттары сертификаттары);
2) ЖЖМ дайындаушыларының (берушілерінің) сәйкестік сертификаттары;
3) ЖЖМ зертханасы беретін сапа паспорты;
4) ЖЖМ зертханасы беретін сапа көрсеткіштерін талдау;
5) сынамаларды іріктеу актілері;
6) ЖЖМ сапасына тексеруді есепке алу журналдары.
46. ЖЖМ сапасына бақылау мен талдау жүргізу нәтижелері ЖЖМ зертханасы беретін сапа паспорттарында және сапа көрсеткіштерінің талдауларында және ЖЖМ-нің сапасын тексеруді есепке алу журналдарында көрсетіледі.
47. ЖЖМ зертханасы жеке тұрған ғимаратта немесе ЖЖМҚҰ-ның өндірістік ғимаратымен қоршалған ғимаратта орналастырылады.
48. ЖЖМ зертханасы:
1) құйылу-сорылу желдеткішімен, ішкі су құбыры жүйелерімен және кәрізбен, электр энергиясымен және байланыс құралдарымен;
2) химиялық талдауларды орындау және сынақтардың дұрыс нәтижелерін алу үшін қажетті шығыс материалдарымен және заттармен;
3) сынақ әдістеріне арналған стандарттар мен техникалық шарттардың талаптарына сай келетін және талап етілетін метрологиялық сипаттамаларды қамтамасыз ететін мәлімделген қызмет саласында жұмыстарды жүргізу үшін өлшеу құралдарымен және сынақ жабдықтарымен жарақтандырылады. ЖЖМ-нің сапасын бақылау мен талдауды аккредиттелген орган сынақ жабдықтарымен жүргізеді.
49. ЖЖМ зертханасының штат саны ұшудың ауысымдылығын, қолданыстағы кестесін және жұмыстардың көлемін ескере отырып, жұмыстардың қажетті көлемін орындауды қамтамасыз етеді.
50. ЖЖМ зертханасы ЖЖМ-нің сапасын бақылаудың мынадай түрлерін жүзеге асырады:
1) келетін көлік құралдарын, ЖЖМ-нің мөлшерін және ілеспе құжаттаманы тексеру жолымен ЖЖМ легін қоймаға қабылдау кезінде жүзеге асырылатын кіріс бақылауы. ЖЖМ үшін тазалық деңгейін тексеру жүзеге асырылады;
2) кондицияланбаған ЖЖМ-ді құюға беруге дайындау процесіне тарту мүмкіндігін болдырмау мақсатында резервуарлардағы ЖЖМ-нің маркасы мен сапасын тексеру үшін ЖЖМ үшін жүргізілетін қабылдау мақсатындағы бақылау. Қабылдау мақсатындағы бақылау ЖЖМ-ді резервуарларға қабылдау және резервуарға ЖЖМ-нің басқа легін әрбір құю аяқталғаннан кейін жүргізіледі;
3) сақталатын ЖЖМ сапасы параметрлерінің өзгеру деңгейін айқындау және ЖЖМ-ді одан әрі сақтау немесе қолдану мүмкіндігін растау үшін жүргізілетін қоймалық бақылау;
4) ЖЖМ-ді әуе кемелеріне беру мен құюға дайындау кезінде жүргізілетін әуеайлақтағы бақылау. Әуеайлақтағы бақылау кезінде ЖЖМ тазалығының талап етілетін деңгейін және ЖЖМ зертханасы берген сапа паспортын бағалау жолымен құюға берілетін ЖЖМ маркасының сапасы расталады. Әуеайлақтағы бақылаудың қанағаттанарлық нәтижесі кезінде құю құралына бақылау талоны ресімделеді.
51. Құюға ЖЖМ беру жүзеге асырылатын әрбір резервуарға кіріс және қабылдау мақсатындағы бақылаудың оң нәтижелері кезінде ЖЖМ зертханасы ЖЖМ-нің белгіленген талаптарға сәйкес келетінін және азаматтық әуе кемелеріне құюға беруге жарамдылығын куәландыратын сапа паспортын ресімдейді. 52. Сапа паспортын ресімдеу үшін:
1) ЖЖМ-ді авиациялық техникада қолдануға рұқсат беру;
2) ілеспе құжаттаманың (сынамаларды алу актілері, дайындаушы зауыттың сапа паспорттары, сәйкестік сертификаттары) болуы;
3) ЖЖМ-нің сынамаларын сынаудың оң нәтижелері;
4) сынамаларды іріктеп алу және талдау жүргізу барысында ЖЖМ-ге тән емес қоспалардың және тән емес сипатының болмауы негіз болып табылады. Сапа паспортына талдауды орындайтын зертханашы техник қол қояды, ЖЖМ зертханасының басшысы бекітеді және ол ЖЖМҚҰ мөрімен бекітіледі.
8. Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ететін
қызметкерлерге қойылатын талаптар
53. ЖЖМҚҰ ЖЖМҚҰ орындайтын жұмыстардың көлемін ескере отырып, азаматтық әуе кемелерінің нақты түрлерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты жұмыстарға аттестатталған және жіберілген білікті қызметкерлерден тұрады.
54. ЖЖМҚҰ ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тiкелей байланысты мынадай қызметкерлердi аттестаттауды қамтамасыз етедi:
1) азаматтық әуе кемелеріне ЖЖМ-ді құюға қабылдауды, сақтауды, дайындауды ұйымдастыруға жауапты адамдар (ЖЖМҚҰ басшысының орынбасары, жетекші инженер немесе көрсетілген лауазымды атқаратын адам);
2) май құю бригадасының жұмысын ұйымдастыруға жауапты адамдар (май құю бригадасының басшысы, ауысымның басшысы немесе көрсетілген лауазымды атқаратын адам);
3) авиотынды сүзетін технологиялық жабдықты пайдалану, суға қарсы кристалдандыру сұйықтығын мөлшерлеу және құю құралдарына ЖЖМ-ді беруге жауапты адамдар;
4) ЖЖМ зертханасының мамандары.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 11 тамыздағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11856 болып енгізілді.