Сауд Арабиясы Корольдігінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа Жолдауы араб тілінде жарыққа шықты. Эр-Риядтағы Қазақстан Елшілігінің басып шығарған аталмыш брошюрасы алдыңғы қатарлы араб елдерінің ресми, ғылыми және іскер топ өкілдеріне еліміздің болашаққа арналған сыртқы және ішкі саяси бағыттарымен танысуға мүмкіндік береді.
Саудиядағы Қазақстан елшісі Қайрат Лама Шариф Сауд Арабиясы, Кувейт және Бахрейн министрлерінің, парламенттері депутаттарының, бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары мен сараптамалық орталық басшыларының атына брошюрамен бірге жолдаған ілеспе хатында: «Президентті халық сайлағандығын және Елбасының халыққа Жолдауы қазіргі түйткіл мәселелерді көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар олардың стратегиялық шешілу жолдарын айқындап берді», деп атап көрсеткен. Өйткені, мемлекеттік саясаттың өзі Президент қойған міндеттерді жүзеге асыру аясында атқарылуда. Елбасының Жолдауында, ең бастысы, мемлекет пен қоғамның қысқа және ұзақ мерзімге арналған жалпылама даму тұжырымдамасы белгіленген.
Елші өз құзыреті аясында араб елдерінің жоғары лауазымды тұлғаларымен болған дипломатиялық хат алмасуында Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы үстіміздегі жылғы еліміздің сыртқы саясатының басты бағыттарының бірі болатынын атап өткен. Еліміздің беделді халықаралық мұсылман ұйымына төрағалығы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
«Егемен-ақпарат».