30 Тамыз, 2016

Жаңалықшыл ұстаздар жиыны

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен жаңа оқу жылының басталуына орай «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Мәңгілік Ел» – жас ұрпақты Қазақ елінің ұлттық идеясына біріктіруші фактор» атты тақырыпта қазақ-түрік лицейлері арасында республикалық конференция өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жаңалыққа жаны құмар ұстаздар білім берудің мазмұнын жаңарту, ол үшін тиімді орта қалыптастыру мәселелері жайлы пікір алмасты. Конференция қонағы Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Ж.Жонтаева білім беру мазмұнын жаңартуда оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойларын қамтамасыз ететін дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшу қажеттілігін атап өтті. «KATEV» халықаралық қоғам­дық қорының директоры Дархан Өте және вице-президент Абдурахмен Сел өз сөздерінде білікті маман дайындау, оларды сынақтан өткізу, әдістеме жұмыстарын жүйе­леу, қазақ және ағылшын тіл­дерінде қосымша оқулықтар мен оқу құралдарын жасау, білім саласында Қордың және қазақ-түрік оқу орындарының қызметін дамыту мен жетілдіру мәселелеріне байланысты ақпарат беріп, дарынды балаларға білім беру жүйесін әлемдік деңгейге көтеру керектігіне баса назар аударды. Қордың бұл салада атқарған іс-шаралары да аз емес. Тамыз айында ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері мен информатика, химия, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін ұстаздар үшін ұйымдастырған оқыту семинарына 1227 мұғалім қатысып, оқытылатын пәндері бойынша дағды мен шеберліктерін шыңдады. Аталған іс-шаралар ұлттық білім беру жүйесінің халықаралық білім беру үлгілеріне кіріктірілуіне және жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді оқушылардың ағылшын тілінде оқып, үйренуіне теңдей қолжетімділікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіміз болып табылады. Жас ұрпақты Қазақ елінің ұлт­тық идеясы – «Мәңгілік Ел» бағы­тында тәрбиелеудің мазмұны мен ма­ңыздылығын ұғындыруды мақсат еткен конференция ұйымдас­тырушылары Е.Сламбеков, С.Тал­дыахметов және Е.Әбдірәсілов бұл үшін жастардың бойына Жаңа Қазақ­стандық Патриотизм рухын  себу керек деген міндет жүктеді. Сондай-ақ, түрлі салада табысты көшбасшылыққа талпыныстарын ынталандыратын себептер мен құндылықтар қалыптастыру үшін қажетті ақпараттар мен нұсқаулықтар берді. Қатысушы мұғалімдер «USTAZ» кәсіби жетілдіру орталығына білімді жаңғыртуға бағытталған семинар жұмысын ұйымдастырғаны, өткізілген іс-шаралардың мазмұ­ны жоғары болғаны үшін ризашы­лықтарын білдірді. Бақыт АЙТМУРЗИНА АСТАНА