30 Тамыз, 2016

Ырысы мол, табысы зор кәсіпорын

304 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
2 (3)Байқауда бағы жанған Кеншілер астанасында «Қазақстанның үздік тауары-2016» өңірлік көрме-бай­қауы­ның қорытындысы шығарылды. Осымен 11-ші рет өткен бұл игі шараны Қарағанды облысының әкімдігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы ұйымдастырған болатын. Жалпы, отандық тауар өндірушілердің танымалдылығын арттыруды, біздің өнімдердің импорттық тауарлармен бәсеке тартысына именбей түсуіне жағдай жасауды және сапалы өнім шығаратын кәсіпорындар қызметін ынталандыруды мақсат ететін көрме-байқау бұл күнде ірі және орта бизнес өкілдерінің ғана емес, жеке кәсіпкерлердің де үлкен қызығушылығын тудыра бас­тады. Мысалы, үш аталым бойынша өткен  биылғы шараға 86 кәсіпорынның қатысып, бақ сынауының өзі осы сөзімізге дәлел бола алады. Атап айтар болсақ, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымына 28 өтінім келіп түсті. «Тұрғындарға арналған үздік тауар» аталымы бойынша 42 кәсіпорын өзара тартысқа түссе, «Үздік азық-түлік тауары» номинациясы бойынша 16 кәсіпорын арасында ең мықты анықталды. Әрбір аталым бойынша үздіктерді анықтаған арнайы сарапшы топтың құрамына бизнес-қауымдастықтардың, мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіп­керлер палатасы өңірлік филиа­лының өкілдері енді. Сонымен, «Үздік азық-түлік тау- а­ры» аталымы бойынша «Балқаш нан» нан комбинатының өнімдері жеңімпаз деп танылды. Бүгінгі күнде шаруасы шалқып, тасы өрге домалаған нан зауытының бұл табысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген «Шағын қалаларды дамыту» мемлекеттік бағдарла­масымен тығыз байланыстыруға болады. Сонымен қатар, кәсіпорынның кең тыныс алуына «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-тың қаржы институттары тарапынан болған қолдаудың да игі септігін тигізгенін  айта кеткен ләзім. «Балқаш нан» нан зауыты 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Халықаралық стандарттарға толық сай келетін кәсіп­орын бүгінгі күнде нан және нан-тоқаш өнімдерінің 65 түрін  шығарады. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да, нан зауыты жұмысты дұрыс жолға қоя білген іскерліктің арқасында еліміз аумағында, тіпті шет мемлекеттердің өзіне танымал бола бастаған. Мысалы, кәсіпорын 2015 жылдың қазан айында Алматыда өткен «Қазақстанда жасалған» көрмесінде, одан кейін 2016 жылдың мамырында Баку қаласында өткен «Сала көшбасшысы» байқауында көзге түсіп, ауызға ілікті. Көрме-байқауда жеңімпаз атанған кәсіпорындар жылдың соңына таман Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсында Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады. Қайта жаңғырған зауыт Бүгінгі таңда мұнда 65-тен астам нан өнімдерінің түрі шығарылады. Қысқа мерзім ішінде бой көтерген заманауи, халықаралық стандарттарға сай нан зауыты бұрынғы өндірістен көлемі жағынан да, сапасы жағынан да басым. Бұл өнеркәсіптің ашылуы балқаштықтарды қосымша 139 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Бүгін «Балқаш нан» деген жарқыраған айдармен арнайы мобильді машиналар ыстық нанды тек Балқаш сауда орындарына ғана емес, Приозерск қаласы, Сарышаған, Гүлшат елді мекендеріне де жеткізеді. Саяқ кенті және оған жақын орналасқан теміржол стансалары тұғындарының да «Балқаш нан» өнімдеріне деген сұраныстары күн сайы­н артуда. Мұның бәрі осыдан жарты ғасыр бұрын салынған нан өндірісінің тұтыну­шылардың күннен-күнге артқан сұранысын қамтамасыз ете алмауынан бас­талды. Соңғы онжылдықтарда ешқандай жаңашыл үрдістер енгізілмеген ескі өнеркәсіптің жағдайы нанның сапасына әсер етпей қоймады. Осыған орай 2014 жылы жаңа заман талабына сай нан зауытын салу туралы шешім қабылданды. Бұл батыл жобаны жүзеге асыруды «Пульс» ЖШС қолға алды. Жоба Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған моноқала­ларды дамыту бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры «Цеснабанк» акционерлік қоғамдарының қолдауымен жүзеге асырылды. Егер бұрын ескі нан зауытының ассортиментінде 6 ғана нан өнім түрі болса, бүгін қала дүкендерінің сөрелеріндегі осы кәсіпорын ұсынған алуан түрлі нан өнімдері тұтынушының көз жауын алады. «Президентский», «Отрубной», «Ржаное чудо», «8 дән» нандары, «Күнбағыс» тоқаштары қала тұрғындары ерекше ұнатып тұтынатын өнімге айналды. «Бектауата» наны, «Балқаш көлі» рогаликтері, «Шұбар» батоны атауларының өзі өнімнің Балқаш өңіріне қатысын нақтылай түседі. Нан комбинатының директоры Айгүл Бүрленованың айтуынша, бүгінгі таңда «Балқаш нан» зауыты Еуропаның Германия, Италия, Швейцария, Фран­ция, Болгария, Словения сияқты алдың­ғы қатарлы елдерінің заманауи құрылғы­ларымен жабдықталған. Жаңа құрылғылар мен нан өнімдерін өндірудің барлық технологиялық үдерісі халықаралық стандартқа сәйкес келеді. – Жаңа технологияларды пайдалана отырып біз өндірістің экологиялық тазалығын, дәмін, жоғары сапасы мен құнарлылығын қамтамасыз етеміз. Диеталық және адам ағзасына пайдалы дәрумендермен байытылған жоғары рецептуралық нан сұрыптарын өндіру күннен-күнге артып келеді. Құрамында зығыр, асқабақ, күнбағыс, күнжіт, жаңғақ қосылған нандар итальян, неміс, француз, фин технологияларымен өндіріледі. Халыққа әлеуметтік қолдау көрсету шараларының аясында «Ыстық нан» фирмалық дүкендеріндегі «Тегін нан» сөрелерінен нанды тек зейнеткерлер ғана емес, уақытша қиындыққа тап болған адамдар да тегін ала алады. Қазіргі таңда нан зауытында кәсіби білікті мамандар жұмыс істейді. Олардың шеберлігінің арқасында «Балқаш нан» өнімдері 2015 жылдың қазан айында Алматы қаласында өткен «Қазақстанда жасалған» және 2016 жылдың мамыр айында Баку қаласында өткен «Сала көшбасшысы» көрмелерінде жоғары бағаға ие болды. Құрылғанына аз уақыт болса да ұйымшыл еңбек ұжымы тек қана өндірістік міндеттерді табысты атқарып қоймай, қаланың қоғамдық, мәдени өміріне белсенді қатысуда. Наурыз мейрамында киіз үй тігіп халқымыздың әдет-ғұрпын, мәдениетін насихаттауда өзгелерге үлгі болуда. Қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру, қаладағы балалар үйіне көмек көрсету шаралары бұл өнеркәсіптің игі дәстүріне айналған. Балқаш наубайшыларынсыз бірде-бір ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтпейді. Зауыт өнімдеріне риза болған тұтынушылар нан өнімдерінің жаңа түрлерін тағатсыздана күтеді. Сондықтан да, дүкенге кірген тұтынушылар «Бүгін тағы қандай дәмді нанмен қуанта­сыңдар?» деп кіреді. Халықтың ризашы­лығынан асқан баға бар ма?! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ