30 Тамыз, 2016

Есте қалар ерекше сабақ

457 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Конституция күніне және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ата Заң – елдігімнің еңсесі» тақырыбында мерекелік шара өтті. Оған №64 мектеп-лицейінің бірінші сынып оқушылары да қатысты. Аталған шара он жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл жолғы сабақтың ерекшелігі – Тұңғыш Президент музейіндегі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері» атты экспозициясының жанында өткізілуі. Мұнда Мемлекеттік Әнұранның мәтіні, Елтаңба, Ту және еліміздің Конституциясы қойылған. 1997 жылдан  2004 жылға дейінгі жеті жыл бойы Елбасының алғашқы резиденциясы болып, мемлекеттік эталондар орналасқан жерде оқушылар Ата Заң мен мемлекеттік нышандар тарихына бойлап, жәдігерлері туралы түсініктерін кеңейтті. Тарқатып айтқанда, экспозициялардың тарихы мен маңызы туралы мол мағлұмат алды. Қолданыстағы, яғни 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Конституция адам, оның өмірі, құқығы мен міндеттері жоғары құндылық болып табылатын республиканың демократиялық құқықтық мемлекет ретінде дамуының жаңа қадамы болды. Конституция мемлекет дамуының іргетасына айналған ерекше тарихи маңызды құжат екендігін балалар да жете сезінді. Сондай-ақ, патриотизмді, республика тәуелсіздігін және Қазақстан халқының бірлігін бүлдіршіндер өздерінің тақпақтарына арқау етіп, ән де шырқап берді. Бірінші сынып оқушылары Отан, туған тіл, мемлекеттік рәміздер туралы түсініктерімен бөлісе отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың негізгі заңды әзірлеудегі рөлі туралы да жатқа айтты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»