30 Тамыз, 2016

Өскеменде олимпиадашылар марапатталды (фото)

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
30.08.2016 Рыпакова-02 Ата Заң мерекесі шығысқазақстандықтар үшін қуанышты қауышумен басталды. Ертеңгілік облыс тұрғындары Өскемен әуежайынан олимпиадашы жерлестерін қарсы алды. Ұшақтан Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Жазғы Олимпиялық ойындардың үш қарғып секіруден қола жүлдегері Ольга Рыпаковамен бірге ауыр атлетші Денис Уланов, диск лақтырушы Евгений Лабутов, жеңіл атлетші Ирина Смольникова, 400 метрлік қашықтыққа жүгіруден жеңіл атлетші Элина Михина мен байдаркада жекелей есуде өнер көрсеткен Екатерина Смирнова түсті. Әуежай алдында даңқты спортшыларды жанкүйерлер атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Ольга Рыпакованың Олимпиялық ойындарда Қазақстанның атынан жеңіл атлетикадан жүлделі болған жалғыз спортшы екенін ерекше атап өтті. – Елбасымыз айтып өткендей, Ольга Рыпакова тек спортшы ғана емес, сонымен қатар ол батыр ана, – деді облыс әкімінің орынбасары. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері де жанкүйерлеріне көрсеткен қолдаулары үшін ризашылығын білдірді. – Олимпиададан кейін мен тағы бір жарысқа өнер көрсетуге аттанып кеттім. Сондықтан, екі сайыстан кейін туған өлкем Шығыс Қазақстанға, Өскеменге жету мен үшін үлкен қуаныш. Әр күн сайын әлеуметтік желілерде қолдау көрсетіп, тілек білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңызсыз біздің жетістігіміз де болмас еді, – деді Ольга Рыпакова. Бұдан кейін олимпиадашылар отырған көліктер шеруі салтанатты түрде облыс орталығының көшелерімен жүріп өтіп, Республика алаңына келді. Облыс орталығында өтіп жатқан Конституция күні аясында Рио-де Жанейро Олимпиадасына қатысушыларына ерекше құрмет көрсетілді. Өңір басшысы Даниал Ахметов Ольга Рыпаковаға жерлестерінің атынан Toyota Land Cruiser Prado автокөлігі мен 50 мың АҚШ долларын сыйласа, жарысты төртінші орынмен аяқтаған ауыр атлет Денис Улановқа екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Олимпиялық ойындарға Шығыс Қазақстан облысынан қатысқан басқа спортшыларға, атап айтқанда диск лақтырушы Евгений Лабутов, марафондық қашықтықтағы жеңіл атлет Ирина Смольникова, жеңіл атлет Элина Михина және ескекші Екатерина Смирноваға облыс әкімінің бір жылдық стипендиясының сертификаттары табыс етілді. Думан АНАШ ӨСКЕМЕН 30.08.2016 Рыпакова-04 30.08.2016 Рыпакова-03 30.08.2016 Рыпакова-05 30.08.2016 Рыпакова-06 30.08.2016 Рыпакова-01