31 Тамыз, 2016

Қызылордада 124 отбасыға пәтер кілті табысталды

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сыр елінде Конституция күні мерекесіне орай 124 отбасыға пәтер берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, қызылордалықтарды мәртебелі мерекемен құттықтады. Ол: «Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықты, соның ішінде көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау жөнінде әрқашан айтып келеді. Көрсетілетін қолдаулардың бастысы – баспанамен қамтамасыз ету. Бұл мақсатта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аймағымызда сәтті жүзеге асып, бүгінде «Алаштың анасы» атанған қасиетті мекен қарқынды құрылыс аймағына айналды. Аймақта әлеуметтік нысандардан бөлек, тұрғын үйлердің де көптеп салынып жатқанын ешкім жасырмайды. Облыста былтырдың өзінде құрылыс көлемі 3,5 есеге өссе, оның ішінде Қызылорда қаласында аталған көрсеткіш 8 есеге артты», – деді. Аймақ басшысы сонымен қатар, соңғы 3 жылда Қызылорда қаласы бойынша жалпы ауданы 265 мың шаршы метрді құрайтын, 3,5 мың пәтерлік 82 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілгенін айтты. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, өңірде биыл 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, үш жылда Қызылордада жаңадан 11 шағын аудан бой көтерген. Сондай-ақ, бүгінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бағдарламасы бойынша 100 пәтерден тұратын 2 үй тапсырылса, алдағы желтоқсанда «Арай-3» шағын ауданында тағы 200 пәтерлік 6 үй пайдалануға беріледі. Жалпы алғанда, осы жылдың қорытындысы бойынша облыста «Өз үйім» бағдарламасы аясында 20 мың шаршы метрден астам баспана тапсырылады. Бұл пайдалануға беріліп отырған тұрғын үйлер елімізде мемлекет тарапынан тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жасалып жатқан қолдаудың нақты көрінісі. Бүгінде Тасбөгет кентіндегі Амангелді көшесінен мемлекеттік қызметкер, құқық қорғау саласы, ел намысын қорғаған спортшылар мен медицина саласы қызметкерлеріне арналған 24 пәтерлік үй пайдалануға берілді. Талғат РАЙЫМБЕК