18 Ақпан, 2011

Сөз бен істің бірлігі

670 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Елбасы Оңтүстікке келген сапарында: “Шағын және орта кәсіпті өркен­детуді Оңтүстіктен үйрену керек”, деген болатын. Бұл көктем Оңтүстікке ерте келетіндіктен емес, ең үлкен байлығы халқы болып табылатын аймақтың осы шаруаны өрге қарай өршелене тартқан локомотивтей серпінді күшпен алып келе жатқандығына берілген баға еді. Осы жағдай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында халық алдында берген есебі  барысында айқын аңғарылды. Жалпы, өңірлік өнім алғаш рет 1 трлн. теңгеден асқан.  Есеп беруде об­лыс бас­шы­сы ұзақ-сонар баяндама оқып,  өткен жолды шиырлаған жоқ. Жыл бой­ғы ат­қа­рыл­ған жұмыстарды жүл­гелейтін ақпарат­тық фильм көр­сетілді. Асқар Мырзах­метов көпірген көп сөздің емес, істің адамы. Оның ай­ғағы – жұмыс көр­сет­кіші, сапасы. Об­лыс­қа әкім болып тағайын­далғанда азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, еңбек өнімділігін көтеру үшін тамшы­латып суару, жылыжайлар, көк­өніс қойма­ларын салу, пайдаланудан шы­ғып қалған бұрынғы суармалы жерлерді қалпына келтіру мәселелерін күн тәр­тібіне қойған. Осы өзекті шаруалар қалай шешілді? Облыс Өзбекстанмен тақым тіресіп қа­тар отырғанымен, көршісінен ауыл­ша­руа­шылық саласында көп көрсет­кіштер бойынша қалып келген-ді. Күз­де ырғын ырыздыққа қарық болғаны­мен, қыста сақтайтын қоймасы, жыл­дың төрт мезгілінде өнім беретін жылыжайлары жоқ облыс қыс пен көк­темде көршісінің өнім­деріне тәуел­ді еді. Облыс әкімінің дем беруінің, Түркістанда жылыжай­ларға қажетті қондырғыларды даярлай­тын сервистік орталықтың іске қосы­луы­ның арқа­сында қазір қарапайым шаруалар өз ауласында жылыжайлар кө­те­ріп ала­тын дәрежеге жетті. Әрине, кәсіп­к­ер­лер заман талабына жауап беретін қон­дырғылармен жабдықталғандарын сал­ды. Былтыр жы­лы­жайлардың көле­мі 1,6 есеге артып, 200 гектарға жетті. Ауылшаруашылық келешегі – там­шы­ла­тып суару әдісінде. Осы әдістің 7235 гектар­ға ендіріліп, жылдағыдан 3,4 есеге өскенін ескерсек, республика бойынша бұл тех­нологияның 64 пайызы Оңтүс­тік­тің еншісінде екендігі менмұндалап шыға келеді. Көкөніс қоймаларының сыйымды­лы­ғы 3,7 есеге артып, 57 мың тоннаға жетті. Бұл дегеніңіз, күздегі мол өнімді арзан ба­ғамен қоймаларға жауып, қыста қым­бат­шылықтың алдын алуға, бағаны құ­рық­тауға себін тигізеді. Осы жұмыс­тарды жүйелеуге, бағдарламалар жасау­ға орасан қар­жы керек. Оны Қазақстан Үкіметі мой­нымен көтеріп отыр. Ал, ауыл шаруа­шы­лығын инновациялық та­лап­тарға сай көтеріп, еңбек өнімділігін нығайту – Елбасының өндірісті өркен­детудегі тап­сыр­маларының бірегейі. Осы талаптар облыс басшысының қо­лы­нан келді. 104 ағын су нысандарын қал­пына келтіріп, 1008 шақырым канал ұйық­тан тазартылды. Сонғы екі жылда 77 мың суармалы жер қатарға қосылды. Егіс алқа­бы 697 мыңға жетіп, өнім кө­лемі 40 пайыз­ға артты. Ауыл шару­а­шы­лығы өнімдерінің өсу динамикасы бойын­ша облыс республикада екінші орынға ие болды. Облыс басшысы есебінде екі негізгі жүйені басшылыққа алғанын айтқан. Біріншісі –  Елбасының халыққа Жол­дауын­­­дағы айтылған тапсырма­ларды ұшы­­ғына жеткізу. Екіншісі – ауыл, аудан, қалалар­дағы сарапталған, талдан­ған жағ­дайларға байланысты қорда­лан­ған мә­селелерді шешу, нақты жоспарлар ар­қылы облыстың әлеуетін көтеру.  Енді осы қадау-қадау мәсе­лелерді қысқаша түйіндейік. Өнеркәсіп көлемі 305,1 млрд. теңге құ­рап, 13,3% өсті. Оның ішінде өңдеу өнер­кәсібінің үлесі 202,6 млрд. теңгеге жетіп, 19,1% артты. Кәсіпорындарда жаңа өнді­рістің ашылуы және кеңеюі есебінен 10 528 жұмыс орны ашылды. “Максимум” АИО 3,9 млрд. тең­ге­ге 1689 жобаны қаржыландырып, 3190 жұмыс орны ашылды. “Максимум АИО құрамында “Сыртқы эконо­микалық қа­ты­настар департаменті“ ашылып, үш бағытта (Еуропа, Түркия, Корея) нақты іс-шаралар жүргізілуде. Бұрынғы “Фосфор” зауыты аума­ғын­­да жаңа индустриялық аймақ құ­рыл­ды. Жер көлемі – 337 га. 114 гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. Инфра­құры­лымға 601,5 млн. теңге бөлінді. 9,6 млрд. теңге құрайтын 17 жоба іске асырылып, 1655 жұмыс орны жоспарлануда. Облыс индустриялық карта бо­йынша ашылған жобалар саны жағынан республикада үшінші орынды, ашылған жұмыс орны бойынша төртінші орынды иеленді. Мемлекеттік сатып алудағы қазақ­стан­дық мазмұны көлемінің үлесі бо­йын­ша об­лыс республикада екінші орынға шықты. Кәсіпкерлік субъектілер саны 123,6 мыңға жетіп, 12,2 мың бірлікке артты. Облыс экономикасына салынған 262,5 млрд. теңге инвестицияның 50%-дан ас­тамы шағын кәсіпорындар үлесінде. “Бизнестің жол картасы-2020” бағ­дар­ламасы аясында 389 кәсіпорынға қол­дау көрсетілуде, 3000-нан  астам жұ­мыс орны сақталып 500-ден астам жа­ңадан жұмыс орны ашылады. Республика бойынша кәсіпкерлік субъек­ті­лері­нің саны және “Бизнестің жол кар­тасы-2020” аясында мақұлданған жобалар бойынша облыс бірінші орында. Облыс бойынша бюджеттің көлемі 259,1 млрд. теңге құрап, 19,6% өсті. Кірістер көлемі 156,9 млрд.теңге құрап, 30% артты. Оның ішінде, жергілікті бюджет кірісі 20%  көбейді. Бюджеттік кірістердің өсу дина­ми­касы бойынша облыс республикада бірінші орынды иеленді. 18,6 млрд. теңгеге 432 нысанның жұмыстары толығымен аяқталып, 20 133 жаңа жұмыс орындары ашылды. 9110 маман жастар тәжірибесіне жіберілді. 3163 әлеуметтік жұмыс орын­да­ры ашылды. 1475 адам кадрларды даярлау және қайта даярлау курсын бітіріп, жұмысқа орналасты. Облыс жаңа жұмыс орындарының ашылуы және жастар тәжірибесі ар­қы­лы жұмысқа орналасқандар саны бо­йын­ша республикада бірінші орынды иеленді. Жиынды жүргізіп отырған облыс әкі­мінің орынбасары Әли Бектаев ж­а­рыс­сөзге жазылғандарға сөз берген. Алғаш­қы сөйлеушінің сөз саптауынан-ақ әңгі­ме­нің мақ­тауға құрылатындығы аңғары­лып қал­ған. “Онсыз да көрініп тұрған жұмыс­тар­ды мадақтаудың қажеті жоқ. Осын­дайда пайдаланып, түйткіл мәселелер жайын­да сұраңыздар, түйінін тарқа­та­йық”  деді әкім. Есті адамға осы ескер­тудің өзі жеткілікті болу керек еді. Есесіне жас толқын өкілінің сауалы дәмді­рек шық­ты. “Жасыл белдеу” бағдар­лама­сы бо­йын­ша қаланың айналасына қыруар кө­шет ектік. Осы есіл шаруа қурап қалмас үшін не істеу керек деп сұрады ол. Асқар Исабекұлы жауап берді. Алқап басында сусорғылар орна­тылған. Трансформатор бар. Гидранттар жұмыс жасайды. Төрт дренаж қазылған. Шаруашылықты арнайы құрылған кәсіпорын қадағалайды. – Түбінде осы 3 мың гектармен шектелмейміз. Көшет егіп, өсіру бар­лық аудан, қалаларда  жалғасатын бо­лады. Экология­лық талаптар бұзы­лып тұрған қазіргі ке­зең­де бұл орманның табиғат тепе-теңдігін реттеуде көмегі зор. Кемінде 50 мың гектарға жеткіземіз, – деді облыс басшысы. Жиында жеңілдетілген несие, тұр­мыс­тағы түйткілдер, ауыз су пробле­ма­лары, ауылдағы жастарға қам­қор­лық сияқты мәселелер төңірегінде сұ­рақтар қойылып, толымды жауап алын­ды. Об­лыстың өркенін өсіретін, өрге жүр­гі­зетін пайдалы ұсыныстар да айтылды. Шаруаларға 7 пайызбен же­ңіл несие беретін, республика бойын­­ша бірінші жоба “Максимум” АИО жұмысына риза­шылық білдірілді. – Облыста атап айтарлықтай біраз жұмыс атқарылды. Бірақ, осының бәрі әкімдіктің тиімді жұмыс жасауынан деп меншіктей алмаймыз. Барлы­ғы­мыздың бір мақсатқа бірігіп, ұйысуы­мыздың, бе­ре­ке, ынтымағымыздың ар­қа­с­ында жетіп отырмыз. Сол үшін баршаңызға рахмет. Елбасымыздың сын­дарлы саясатын, тапсырмаларын аяғына дейін орындауда бірге бо­лайық, – деп қорытты сөзін облыс басшысы. Жиында сөйлегендер А.Мырзах­метов­тің жұмысына жоғары баға берді. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.